Қазақ жерінен «Темір адам» да табылды

Қазақ жерінен «Темір адам» да табылды

Екінші «Алтын адам» табылған Атырау өңірінде темір сауытты батыр мүрдесі та­былуы  археологиядағы аса маңызды жа­ңалық. Басынан аяғына дейін өте ерекше үл­гідегі  темір сауытпен жабдықталған адам қаңқасының ұзындығы – 175 см.  Ал та­былған қабірдің ұзындығы – 2 м  40 см, ені – 80 см.  Сондай-ақ мүрдемен бірге ұзын­дығы 1 метр болатын семсері, жебе ұш­тары мен қо­рамсағы, қорғану қалқаны, патера, ат әбзелдері және тағы да басқа көп­теген жә­дігер табылған. Зерттеу жұмыстары халықаралық дә­режедегі қалпына келтіруші, «Қырым аралы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Қырым Алтынбековтің бас­шылығымен жүргізілуде. Оның айтуынша, мұндай тарихи жәдігер өте сирек кездеседі.

– Табылып отырған адамды «Темір адам» деп атауымызға да болады. Өйткені адам мүрдесі басынан аяғына дейін темір сауытпен жабдықталған. Әрі ерекше үлгіде. Соған қарағанда жауынгер болуы әбден мүмкін. Бізді таңғалдырғаны – темір сауыттың ұр­ланбай сақталғаны. Мұндай дүниелердің мыңдаған жылдар бойы сақталуы – өте сирек кездесетін жағдай. Қазақстанда дәл осы іспеттес тарихи құндылық бірде-бір рет табылған жоқ, – деді Қырым Алтынбеков.
Табылған тарихи құндылыққа жасалатын зерттеу жұмыстары әлі бірнеше жылға со­зылуы мүмкін. Өйткені рентген және металл іздегіш құрылғылардың көмегімен жүр­гізілген зерттеулердің нәтижесінде ал­тын, күміс, темір, сүйектен жасалған бұ­йымдардың бар екені анықталған. Антро­пологиялық, ДНК-лық зерттеулердің қорытындысы бо­йынша алдағы уақытта мүрденің  бас сүйегі мен сауытын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу де жоспарланып отыр.
– Әлі тазалаймыз, жәдігерлердің әр­қайсысына бөлек-бөлек әдіс жасап, анализге дайындаймыз. Оған уақыт көп кетеді. Соның негізінде  талай қазбалар шығуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда темір сауытпен адам шықпағанын ескерсек, мүрде толықтай  қалпына келтірілгенде тек Атыраудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы бо­лары сөзсіз, – деп атап өтті Қырым Алтын­беков.
 

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,  Атырау облысы