«Көкек әкеге» күн көрсетпейді
Қазір заман басқа, заң басқа. Күйеуінің зорлығына, оның қаскүнем құмарлығын қанағаттандыруына шыдау – өткен ғасырлар үлесінде қалды. Әйелдер теңдік алды. Өз кезегінде соттар ерлі-зайыпты ажырасқан жағдайда баланы негізінен анасының қолында қалдырады. Ал әкесіне өкіртіп «бала салығы» салынады. Айтпақшы, интернетте отандық «алименттер калькуляторы» да бар. Қазақстанда шамамен 300 мыңға жуық бала өзіне тиесілі алиментті алмайды. Алимент алмайтын балалар жөнінен республика әлемде «алдыңғы қатардағы» елдердің бірі. Мысалы, ажырасулар саны көп көрші Ресейде әке-шешесі әр жаққа тараған 3,2 миллион баланың 2 млн 100 мыңдайы алименттен құр қалды. Ал солтүстік көршіде біздегіден он еседей көп, 146 миллион адам тұратынын ескерген жөн. Қазақстандықтар тіпті экономикалық ахуалы тым нашар саналатын елдерді де басып озды. Бұл сөзсіз, ұлтқа ұят. Айырылысқан аналардың көбі экс-күйеуін өз балаларына қандай да бір қолдау көрсетуге көндіктіре алмайды. Тіпті, тиісті сот үкімі шыққанның өзінде оның орындалатынына еш кепілдік болмады. Баласын отағасына тастап кеткен әйелдерден алимент өндіру тіптен күрделі. Үш жылдай бұрын ел Парламенті «көкек» аналар мен әкелерге қатысты жазаны қатайтты. Мәселен, олар алиментін толық төлегенше шетелге шыға алмайды. Дегенмен көбінің жұмысы шетелге іссапарға шығуды қарастырмауы немесе әлемге саяхаттауға өзі ынтықпауы мүмкін. Ондайда қайтпек? Осы санаттағылар үшін берешегін өтегенше жүргізуші куәлігінің қолданысын тоқтата тұру тетігі енгізілді. Биылғы жылы Қазақстанда алиментті өндіру тәртібі өзгерді. Заңнамаға тиісті түзетулер 8 шілдеде күшіне мінді. Оған сәйкес, бұдан былай жеке сот орындаушылары (ЖСО) осы істерге қатысты үкімдерді мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдау мерзімін созбалаңға сала алмайды: алиментті бірінші кезекте өндіруі тиіс.«Атқару өндірісін және қылмыстық заңнаманы жетілдіру туралы жаңа заң алиментті, жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген залалдың өтемақысын өндірту жөніндегі атқару құжаттарын басымдықты түрде орындатуға ЖСО-ларды міндеттейді», – деді Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.Әйтпесе, бұған дейін ЖСО-лар «көкек-әкенің» соңынан қуып жүруге ерініп, не қиынсынып, ондай істің соңын сиырқұйымшақтандырып жіберетін.
«Енді осындай өндірістер бойынша шешімді 1 ай ішінде мәжбүрлеп орындату бағытында шара қабылдамаса, онда ЖСО лицензиясынан айырылып қалуы мүмкін», – деді меморган.
Қашқан жан қашанғы құтылады?
Алимент саласындағы азаматтар кезігетін проблема әр алуан. Мысалы, семейлік Нұргүл Серікқызы бұрынғы нақсүйерінен балаларына тиесілі қомақты соманы даулап жүр.«Борышкер Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында тіркеуде тұрды. 2011 жылдан бері алимент төлемей жүр, қарызы 2 миллион теңгеден асты. Семей қаласының бірде-бір сот орындаушысы еш шара қабылдар емес. Мысалы, семейлік ЖСО Бичуриновке жүгінсек, ол борышкердің тұрғылықты жері ауысып кеткенін айтып, өзге өңірге күші жүрмейтінін сылтауратады. Ол адамға биылғы шілдеден бері Нұр-Сұлтан қаласынан зейнетақы жарналары аударыла бастапты. Алайда қыркүйек айында ол жұмысынан да кетіп қалған. Әрі қарай қай жақтан ұстауға болатыны белгісіз», – дейді Нұргүл.Бес баланың анасы Зауре С. керісінше, бұрынғы күйеуіне өз еркімен «азаттық» беріпті: алимент талап етпеген. Бірақ бұл мәселе бәрібір оның қыр-соңынан қалмай келеді.
«Қазіргі кезде уақытша шешемнің қолында, жерүйде тұрып жатырмын. Балаларға мемлекеттен 55 мың теңге ғана жәрдемақы аламын. Көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұруға өтініш бергенмін, әкімдік бас тартты, алиментке қатысты анықтама талап етті. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш жаздым, ондағылар да алимент алуым керегіне нұсқап, беруден бас тартты. Шағымданған соң әкімдіктен қызметкерлер келіп, деректерімді жазып алды, анкета толтыртты, артынан хабар-ошарсыз кетті. Сонда алимент алмайтын болсам, мемлекеттен ешқандай көмек те ала алмайтын болғаным ба?!» деп қамығады ана.Ал Галина Николайқызы зейнеткерден перзентінің «сүтақысын» талап етіп жүр. Былтырғы қыркүйекте Павлодар қалалық соты Ақтөбе қаласының тұрғыны Қойшыбаевтан оған алимент өндірту туралы шешім шығарды. Бұл іспен айналысу ақтөбелік ЖСО Базарбаеваға тапсырылған. Борышкердің нақты мекенжайы да белгілі екен. Әйтсе де, сот орындаушысы қам-қарекетсіз қалыпты.
«Қойшыбаевтың өзі зейнеткер. Бүгінде алимент зейнетақысынан ғана ұсталады. Сонымен бірге ол жеке компаниясында бас директор. Құрылтайшысы да өзі. Сот шешімінде алимент оның барлық табысы түрінен алынуы қажет деп көрсетілген. ЖСО Базарбаевадан әлгі ЖШС-нің жарғысын және оның есепшоты мәліметтерін сұратуды өтіндім. Сот орындаушысы Мемкірістер департаментіне сондай сұрау жібергенін, салықшылардан «Қойшыбаев ЖШС қызметінен ешқандай табыс тауып отырған жоқ» деген жауап келгенін айтады. Шынында, ол алимент төлемеу үшін бизнесінен түсетін табысын жасырады. Компанияның жұмыс істеп тұрғанын Базарбаеваға түсіндіруге тырыстым, мысалы ЖШС 2019 жылы 262 мыңнан, ал 2020 жылдың І жартысында 135 мыңнан астам салық төлеген. Демек, биылғы бірінші жартыжылдықта кем дегенде 4,5 миллион теңге табыс тапқан», – дейді Галина.Ол ЖСО-ның әрекетсіз отырғанына шағымданады. Бұрынғы «жігітінің» бизнесінен шын мәнінде қанша кіріс көріп отырғанын тексертпек ниетте.
ЖСО-ға жем болды
Алимент – ойнақтап, от басқандардың «жазасы» болса керек. Кәсіпкер Р.Қалыбекова пандемия кезеңінде жұмыскерлерін 4 айға еңбекақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болыпты. Олардың бірі жалақысының төрттен бір бөлігін алиментке аударып отырған. Жұмыс беруші оған бірнеше ай бойы ешқандай табыс таппағаны туралы анықтама береді. Сот орындаушысын бұл тоқтата алмады: ол бұған дейінгі орташа айлық табысы көлемінде төрт айға алимент төлеуге міндеттепті. Азамат ол қаражатты қайдан аларын білмейді. Соның кесірінен борышкерге айналды, алда банк есепшоттары, карталары бұғатталуы ықтимал. Ғалым Сейсенбаев бұрынғы әйелінің қолында қалған, кәмелетке толмаған баласына алиментін адал төлеп жүр. Сот үкіміне сай жалақысының 25 пайызы ұсталады.«Бүгінде шетелдік оқуға түстім. Оқуымды британ үкіметі қаржыландырады, маған ай сайын стипендия төлейді. Жұмыс орным оқу кезеңінде материалдық көмек есебінде белгілі бір соманы төлеуін жалғастырады, алимент содан алынады. Тек британдық шәкіртақымнан да төлеуім керек пе, керегі жоқ па, соны білмеймін», – дейді ол.Рас, сот шешімінде стипендия жайында ештеңе айтылмағандықтан, төлемеуіне де болар еді. Бұрынғы жұбайы одан да үлес алғысы келсе, Шетелде алиментті өндіріп алу туралы конвенция аясында тағы соттасуына тура келмек. Еркін осының мән-жайын сұрап, Әділет министрлігіне хат жолдапты.
«Егер өз бетімше төлеуге міндетті болсам, сот шешімін күтпей-ақ бұрынғы әйелімнің есепшотына аудара берер едім. Әйтпесе, қазақстандық сот үкім шығарып, оның орындалуына қатысты Ұлыбританияға өтініш жолдауы керек шығар деп жаңылысып, босқа күтуім мүмкін. Бұл мәселе мен үшін маңызды. Өйткені алимент бойынша берешек қордаланып қалғанын қаламаймын», – дейді ол. Қордаланса, шетелге шыға алмайды.Елордалық Нұрлан Солтаевтың жол талғамайтын қымбат көлігін жеке сот орындаушысы тәркілеп, жуырда небәрі 2,4 миллион теңгеге сатып жіберген. Сатып алушы оның ақысын сол күні енгізіпті. Ол миллиондардың ары қарай қалай бөлінгенін білгенде Нұрланның есі шыға жаздаған.
«ЖСО Ж.Әбдірахманның түсіндіруінше, 737 мың теңге азаматтық некедегі бұрынғы әйеліме алиментке берілген, 220 мың теңгесін сот орындаушысы қызметінің ақысы ретінде өзі алып қойыпты. Қалған 1 миллион 520 мың теңгені ол әлдебір ақылы айып тұрағы иесінің есепшотына аударған! Бұл ретте ешқандай «штрафстоянка» иесі өзінде көлігім сақтаулы тұрғаны үшін менен ақы алу туралы өтініш бермеді. Ал сот қаулысы не шешімі болмаса, менің келісімімсіз ЖСО-ның оған ақша аударуына қандай қақысы бар?! Автокөлігім 2019 жылдан бері Орал қаласының іргесіндегі ауылда жеке құрылыс компаниясының аумағында сақталыпты. Ол компанияның автомобильдерді ақылы негізде сақтауға не рұқсаты болмаған, не тиісті жағдай жасалмаған. Соған қою үшін ЖСО Әбдірахман көлігімді мемлекеттік, ресми айып тұрағынан алып кетіпті», – дейді Нұрлан.Автомобиль ашық аспанның, қар мен жаңбырдың астында ұзақ жатқан. Жүк салғышының есігі майысқан, алдыңғы терезесі шағылған. Капоты да сау емес. Алдыңғы бамперін әлдекімдер сындырып кетіпті. Доңғалақтарының желі шығып, жарамсыз болып қалған. Көліктің іші ұсқынсыз күйге жеткен, едені балшыққа толы. Қымбат «темір тұлпардың» арзанға кетуіне осы ұсқынсыз жағдайы себеп болғанға ұқсайды. P.S.
БҰҰ дерегінше, Қазақстан ажырасулар үлесі бойынша әлемдегі «жетілікке» кірді. Алдымызда тек Ресей, Гуам, Молдова, Беларусь, Латвия және Украина ғана бар. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда әрбір сағат сайын 6 ерлі-зайыпты айырылысады. Бұл үдеріс 2019 жылы үдеді: егер 2017 жылы некелердің 39%-ы бұзылса, былтыр бұл көрсеткіш 43%-ға дейін артыпты. Биліктегілер бұған АӘК ақшасы көлемінің артуы себеп болғанын нұсқады. Қалай болғанда, ойрандалған отбасының жұртында аңыраған бала мен берешек батпағына батқан азаматтар қалады.
Айхан ШӘРІП