Аңғалдар ақшасынан айырылады
Аңғалдар ақшасынан айырылады
111
оқылды
 

Алаяқтық асқынып тұр

Соңғы 3 жылда елімізде ин­тернет-алаяқтық үш еселеп өсіп отыр. 2018 жылы мұндай 4 000 қылмыс тіркелген болса, 2019 жылы – 8 000, ал биылғы 9 айда ақпараттық жүйелердің пайда­ланушыларына қатысты 8 371 дерек анықталыпты. Бұл ай сайын осындай 1 000-ға жуық қылмыс жасалады деген сөз. Иә, алаяқ­тардың дәурені жүріп тұрғанға ұқсайды. Неге? «Мұндағы ең бірінші себеп – азаматтардың жауапсыздығы, яки аңғалдығы. Экранның арғы жа­ғындағы бейтаныс адаммен сөй­лескен кезде өте абай болу керек. Сөз болып отырған жайттың нақ­тылығына көз жеткізіп алмай, та­нымайтын адамға өзіңнің анке­талық мәліметтеріңді беруге бол­майды. Менің ойымша, танитын адамға да мүлдем бермеу керек. Тек өзіңіз ғана пайдаланыңыз. Екінші себеп – технологиялық аспектілер. Мұндағы түрлі «схемаларды» ашу «дәстүрлі қылмыстарды» ашудан мүлдем басқаша. Түрлі аккаунттар ашып, бот ретінде жұмыс істейтін, күніне екі-үш сим-карта ауыс­тыратын алаяқтың соңына түсу оңай шаруа емес. Індетіп келгенде, олар көп ретте басқа елде жүрген біреу болып шығады. Осы жерден оларды қолға түсірудің халық­аралық заңнамалардағы кедер­гілері сынды үшінші себебі баста­лады. Сондықтан да ең бірінші кезекте өте сақ болыңыздар!», – дейді ІІМ Криминалды полиция департаменті Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарын ашуды ұйым­дастыру басқармасы бастығының орынбасары Самат Құсетов. Жалпы, кез келген алаяқтың ең бірінші мақсаты – түрлі жолмен кімнің болмасын ақшасын немесе мүлкін иемденіп кету. Сол сияқты интернет алаяқтар да түрлі айла-шарғыларды ойлап тауып, «схе­маларын» өзгертіп, жетілдіріп, уақыт өткен сайын жаңаша амал жасап отырады. Солардың ішінде дәл бүгінгі таңда өте өзекті боп тұр­ғаны – интернеттегі тауар саудасы. Қысқаша суреттей кетсек, «виртуалды қаскөй» бағасын өте арзан етіп танымал хабарландыру сайттарына «ойдан шығарыл­ған» үлкен сұранысқа ие тауарын немесе жалдайтын пәтерін шығарады. Суреттерін тауып салып, сипаттамасын нанымды әрі екіұштылау етіп жазып қояды. Әдетте онда көрсетілген телефон сөніп тұрады да, сөйле­су мессенджер арқылы жүреді. Ха­барласқан адамға «клиенттер өте көп, сон­дықтан нақты алатыныңызға кепілдік ретінде аванс беріп қойыңыз» деген сияқты түрлі желеумен элек­­­тронды әмиянның немесе үшінші бір тұлғаның банкомат карточкасының мәліме­тін лақтырады. Егер ақша аударсаңыз, қар­маққа түскеніңіз. Одан соң ақшаңызды да, тауарды да көрмейсіз. Фейк аккаунт жойыл­ған, теле­фон өшкен, ақша аударған ада­мыңыз еш­теңеден бейхабар болып шығады. Мұны олар өз тілдерінде «фишинг» дейді екен, яки «ба­лық аулау» – сіздің жеке мә­ліметіңізді ұрлау дегенге саяды. «Мұндай мысалдар жетіп-артылады. Тіпті, керісінше де болады. «Сіздің тауарды сатып аламын, жеткізіп беріңізші, ақшасын арнайы қосымшамен төлеймін, онда менің бонустарым бар» деген сияқты түрлі сыл­таумен сізге сол хабарландыру сайтының сілтемесін жібереді. Сілтемеге кіресіз, ан­кеталық мәліметтеріңізді толтырасыз да, «Ақшаны алу» деген түймені басып қалғанда, бүкіл құжат пен есепшотыңызды алаяқтың қолына ұстата салғандай боласыз. Одан соң ол бар ақшаңызды шешіп алып қана қоймай, сіздің атыңызға онлайн несие де рәсімдей алады», – дейді полиция майоры Самат Сұлтанұлы. Мұндай афералардың одан кейінгі белең алып тұрған түрлері – банк қызметкері боп телефон соғып, CVV-код пен SMS-код сұрау, сырттай онлайн несие рәсімдеу, халықаралық Unistream, Western Union төлем жүйелерінен есепшот аштыру және тағы басқа. Тіпті, алаяқтар адамгершіліктен жұрдай екеніне еш күмәнданбаңыз! Аса ауыр сырқаттардың еміне ақша жинауға көмектескен болып, олардың жақындарының анкеталық мәлі­меттерін пайдаланып, жиналған ақшаны алып қашып кеткендері де аз емес.  

«Цифрлы ізі суымай»

Жалпы, «Алаяқтық» бабы бойынша жыл басынан бері республикамызда 22 236 дерек тіркелсе, оның 81,8% пайызы ашылыпты. Ал оның ішіндегі 8 371 интернет-алаяқтық қылмысының әзірге тек 1 710-ы ғана ашыл­ған. Бұл виртуалды қылмыстың күрделілігін аңғартса керек. «Мұнда да жедел ахуалдың классикасы сияқты зардап шегуші неғұрлым кеш ха­барласса, қылмыскерді ұстау да соғұрлым қиындай түседі. Өйткені екі-үш күннен кейін ол ақпараттарды кетіріп тастайды да, алаяқтың «цифрлық ізі» суып кетеді. Мәсе­лен, зардап шегушілер шетелдерге ақша аударып жіберген жағдайлар болады. Мұн­дайда сұрау салу, ақпарат алмасуға келгенде халықаралық заңнамада қиын­дықтар туын­дай­ды. Техникалық байланысу мүмкіндіктері мен «тілдік барьерлер» де кедергі болып жатады. Мұны да ескерген жөн», – дейді Павлодар облысы ПД Крими­налдық поли­ция басқармасының аға жедел уәкілі, поли­ция майоры Әділбек Брыков. Ертіс өңірі еліміз бойынша интернет-алаяқтық жағынан алғашқы бестікте тұрған облыс. Биыл жыл басынан бері мұнда осындай 700 дерек тіркеліпті. Ең көп эпизод саны да павлодарлық алаяққа тиесілі. Авто­бөлшек сатамын деп ол республика бойынша 200 адамды 13 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен. Әйтсе де, тиісті жазасын алды. «Бұл бағытта қылмысты ашу мен оның алдын алу жұмыстары қатар жүреді. Соның бір жолы – мониторинг. Провайдерлермен, сайттардың әкімшіліктерімен өзара іс-қимыл бойынша заңсыз сайттарға, бот-аккаунттарға, тағы да басқа қадағалау жа­саймыз. Егер бір абонент нөмірінің еліміздің бірнеше қаласынан хабарландыру беріп, күдік туғызатындай белсенді болып кеткенін аңғарсақ, сол сайттың арнайы қызметіне өтінім жіберіп, бақылауға аламыз. Қажет жағдайда күдікті-аккаунтты бұғаттатып тастаймыз. Банк ұйымдарымен де жедел жұмыстар аясындағы өзара іс-қимыл жақсы жолға қойылған. Техникалық жағынан мұндай жұмыстарды жүргізуге қуаты мықты компьютерлеріміз бар. Ақпаратты жедел өңдеуге мүмкіндігіміз жетеді. Одан арғысын мен сізге айта алмаймын», – дейді полиция майоры Әділбек Жолдасбекұлы.  

Интернет гигиена

Полиция қызметкерлері алаяқтардан сақтанудың ең сенімді жолы – интернет гигиена екенін айтады. Күнделікті тазалық талаптарын сақтаған секілді, виртуалды болмыста да жеке мәліметтерді өзгелердің қолына түспейтін таза әрі сенімді жерде сақтау керек. Абзалы, кез келген күмәнді сайттарға кірмей, сезікті сілтемелерге өтпей, күдікті қосымшаларды орнатпай, белгісіз бағдарламалық қамтуларға былғанбай таза жүрген. «Ең бірінші кезекте электронды әмиян дегеннен абай болыңыздар. Мұндай есеп айырысуға алаяқтар үйір келеді. Интернетте сауда жасасаңыз ақшаны тауарды алғаннан кейін ғана төлеңіз. Танымал хабарландыру сайттары ешқандай да ақша аударумен айна­лыспайды. Алаяқтар ұсынып жүрген сілте­менің оларға ешқандай қатысы жоқ, бірақ дәлме-дәл жасалған көшірмесі. Банк қыз­меткерлері сізден ешқашан да телефон­мен код сұрамайды. Ондай жағдайда бірден банктің Call Сenter қызметіне хабарла­сыңыз­­дар. Банкомат карточкаңызды жоғалтып алсаңыз да бірден бұғаттап тас­таңыз. Өйткені оны тауып алған адам еш кедергісіз сауда орталықтарында сауда жасай алады. Бір сөзбен айтқанда, интернет сау­дасы кезінде шешім қабылдауға асық­паңыздар. Бәрі аза­маттардың бейқам­ды­ғынан басталады. Ал ондай ортада алаяқтар өзін жайлы сезінеді. Бәрі де өз қолда­рыңыз­да!», – дейді аға жедел уәкіл. Алаяқтардың жолын кесу үшін Ішкі істер министрлігі интернет дүкендердің, хабар­лан­дыру сайттарының, шағын қаржы ұйым­дары­ның, электронды әмияндардың және тағы да басқа осы тізбектен табылатын он­лайн сауда қатысушыларының жұмысын реттейтін ұсыныс дайындауда. Өйткені пандемияның екінші толқыны қарсаңында мұндағы проблемалардың өзектілігі арта түспесе, кемімек емес.  

Нұрлан ҚОСАЙ