Алматыдағы соңғы балалар үйі
Алматыдағы соңғы балалар үйі
440
оқылды
«2006 жылы «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасын бастаған кезде елдегі ба­лалар үйлерінде 19 800 тәрбиеленуші болған. 15 жылға жуық уақытта ол 5 есе қысқарып, мұндай мекемеде 4 мыңдай ғана бала қалды. Алматы бұл жағынан өзгелерге үлгі болып келеді», – деді Ару­жан Саин. Әр бала отбасында өсіп, тәрбиеленуі тиіс. Бұл барлық кезде де маңызды та­қырып. Өткен жылы Алматыда 94 бала өз отбасын тапты, яғни балалар үйі­нен отбасылардың тәрбиесіне ауыс­ты. Ал биылғы жыл басынан бері – 25 бала. Оның айтуынша, ата-ана қам­қорлығынсыз қалған әрбір бала мен же­тім балаларға мемлекет 10-нан 75 АЕК-ке дейін жәрдемақы төлейді. «Бізде әр аптада бала асырап алушы ата-аналар клубы жұмыс істейді. Ата-ана­лар бала асырап алуға кем дегенде 1-3 жылда дайын болады. Осы уақытта бала отбасыға бауыр басып, үлкендер де қалыпқа түседі. Қанша дегенмен ба­лалар үйінде отбасының үлгісі жоқ. Олар алғашында қайда барып, не болып жат­қанын түсінбейді. Сондықтан да ба­лаларды алдымен отбасына баруға дайын­дау керек деп ойлаймын», – дейді Қа­зақстан бала асырап алушы ата-аналар қауым­дастығының директоры Жанна Ким. Қазіргі таңда Алматыда «Жанұя» мамандандырылған кешені мен «Алма­ты» балалар ауылы жұмыс істейді. Ба­лалар ауылында жағдай барынша үйдегі ахуалға сәйкестендірілген. Жоғарыда Жанна Ким ата-аналар мен балаларды алдын ала отбасылық жағ­дайға, бір-біріне үйренуге дайындауға баса көңіл бөліп жатқанын айтып қалды. Ра­сында да, бұл ерекше көңіл аударатын жағдай екенін айтқымыз келеді. Себебі елімізде жыл сайын балалар үйінен от­басылық тәрбиеге алынған балалардың 18 пайызы қайтадан бұрынғы ұяларына оралған. Соңғы жылдары бала асырап алуға насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. «Жетімдерсіз Қазақ­стан» жобасы аясында да көптеген іс тын­дырылып жатыр. Бұрынғы балалар үй­лерінің жұмысын тоқтатуы да соның әс­ерінен. Еліміздегі балалар үйінің басым бө­лігі қиын-қыстау соғыс жылдары, кел­меске кеткен Кеңес Одағы тұсында ашыл­ған. Қазіргідей мамыражай заманда бала­лар үйінің тарих қойнауына енуі ту­ралы талай айтылған. 2017 жылы Мем­ле­кет басшысы балалар үйлерін транс­формациялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықтың мәні – ата-анасыз қалған балаларды жаңаша тәрбиелеу жүйесіне көшу. Содан бері елімізде оң өзгеріс байқалады – жыл сайын мың­да­ған жетім бала асыраушысын тапты. 2010 жылдан бергі 10 жыл ішінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 па­йызға азайды. Нақты санды сөйлетер бол­сақ, 14 052 баладан 4 193-ке дейін тө­мендеген. Ал балалар үйі жүйесі 210-нан 101-ге дейін азайған. Пайыздық көр­сеткішпен есептегенде 52 пайызға төмен. Тәрбиеленушілер Балаларды қолдау орта­лықтарына ауыстырылған. Бүгінде балаларды асырап алу үде­рісі барынша жеңілдетілген, www.usynovite.kz интернет-порталы ашыл­ған. Осы порталда бала асырап алу, қамқорлыққа алу туралы барлық мәлімет топтастырылған. Қазақстанның бала құқын қорғау жөніндегі комитет пен «Мейірімділік» еріктілер қоғамы бір­лесіп ұйымдастырған «Жетімдерсіз Қа­зақстан» жобасының оң ықпалы тиіп жат­қанын атап өткен жөн. Осы жоба шең­берінде ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған жетім балалардың дерекқоры жа­салып, қаншама тәрбиеленуші өз жаңа отбасын тапты. Сондай-ақ бала асырап алушы ата-аналарға кеңес бе­ріліп, заң жағынан қолдау көрсетілді. Ба­лалар үйі тәрбиеленушілерінің саны төмендеуіне «Аналар үйі» жобасының да оң әсері болғанын айта кету керек. Қиын жағдайға тап болған аналардың өз сәбиін перзентханада қалдырмай, уақытша баспана тауып, оқуын аяқтап, білім алуына, аяғынан тұруына, жаңа мамандық игеруіне «Аналар үйі» үлкен мүмкіндік жасады.  Бүгінде еліміздің 17 қаласында «Аналар үйі» қорының 26 дағдарыс орталығы бар. Сондай-ақ республикада Бала асырап алушыларды қолдау ұлттық агенттігі құрылған. Бұл агенттік жетім балалардың тезірек жаңа отбасын табуына мұрындық болып отыр. detckii dom Қазіргі таңда елімізде бала асырап алудың бірнеше формасы бар. Бала асырап алушы отбасыға мемлекет тарапынан түрлі жәрдемақы қарастырылған. Оның көлемі ата-ананың қандай келісімшартқа отырғанына байланысты. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға 9 АЕК, мектеп жасындағы балаларға 10 АЕК төленеді. Жәрдемақы бала 18 жасқа тол­ғанға дейін беріліп тұрады. Бала асырап алу соттың шешімімен іске асырылады. Бала асырап алушыға баланың тікелей туысына тең барлық құқық беріліп, міндет жүктеледі. Отбасы баланың физикалық, психологиялық, рухани және адамгершілік тұрғыда да­муына, тәрбиесі мен білім алуына қажетті жағдай жасауы тиіс. Ережеге сәйкес олар некеде тұрған отбасылық жұп болуы шарт. Баланы қамқорлығына алу үшін бас­қа да талаптар мен шарттар бар. Бұл ту­ралы алдын ала хабар беріледі. Зерттеу барысында белгілі болғандай, қазақстандықтар бала асырап алу мәсе­лесіне өте жауапкершілікпен қарайды. Басым бөлігі баланың тек денсаулық жағдайын ғана емес, үш жасқа дейін бол­ғанын, ұлты мен жынысына да мән беріп, тіпті өздеріне ұқсағанын да қалайды. Бала асырап алушылардың 10 пайызы ғана олардың 6 жастан асқанын таңдайды. Ал 10 жастан асқан баланы қамқорлығына алуға ілуде бір ата-ана қадам жасайды. Сарапшылардың айтуынша, бала асырап алғысы келетіндердің негізгі бөлігі тұрмысы орта деңгейдегілер. Материалдық жағдайы жоғары асырап алу­шылар қатары небәрі 5 пайызды құ­райды. Қоғам қайраткерлері балалар үй­лері­нің ашық мекеме болғаны жетім ба­лалар санының едәуір азаюына сеп­тігі тиер еді деген ойын білдіреді. Ке­лушілер балалардың қалайтұрып жат­қанын көзбен көрсе, бұл оларды өз қам­­қорлығына алуға да оң әсерін тигізеді де­ген пікірде. Қалай дегенде де ата-аналар бала асырап алғанға дейін өздерінің қан­шалықты маңызды қадам жасап жатқанын жете сезінбейді. Сол себепті де жағдай бірден реттеліп кетпейді. Өз балалары бар асырап алушылар бұл мәселеде тәжірибесі жеткілікті сияқты көрінеді. Дегенмен бұл жердегі балалардың жағ­дайы мүлдем бөлек, оларға ерекше қа­рым-қатынас керек. Нәтижесінде, жыл сайын 200-250 тәрбиеленуші жаңа от­басынан мемлекеттік мекемеге қайтып келіп жататыны да ақиқат. Екінші рет жетімдіктің қамытын киген оларға бұл жағдай психологиялық жағынан қат­ты соққы болады. Дамыған елдерде тәр­биеленушілердің балалар үйіне қайтып келуі 8 пайызға жуық, Ресейде – 10, ал біздің елімізде 18 пайызды құрайды. Кей­бір балалар үш, тіпті төртінші рет балалар үйіне қайтып келіп жатады. Бұл, әрине өте қиын жағдай. Елімізде балалар үйінің азайып, тәр­биеленушілердің нағыз қамқор отбасыға тап болуы қуанарлық жағдай. Әйтсе де, олар қашан кәмелеттік жасқа толып, үлкен өмірде өз жолын тауып кеткенше мемлекеттің бақылауында болатыны көңілге демеу.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ