Екінші толқын басталды ма?
Екінші толқын басталды ма?
83
оқылды
Сонымен, 12 қазан күнгі дерекке сүйенсек, елімізде 70 адамның тесті оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде Шығыс Қазақстан (11) мен Солтүстік Қазақстанда (12) індет жұқтырғандардың саны көп. Жалпы, 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығын алсақ, коронавирус инфекциясынан 21 адам көз жұмған. Ал мамандардың ха­бар­лауынша, Маңғыстау облысында жансақтау бөліміне түскен 5 адамның 2-еуі өте ауыр жағдайда жатыр. Иә, Президент вирустың екінші толқынына сақадай-сай  болуды тапсырды. Медициналық бетперде бағасын 60 теңгеге дейін түсіріп, ПЦР-тест бағасын шарықтатпауды сұрады. Елдегі бағаның Ресеймен салыстырғанда едәуір қымбат екенін айтты. Негізгісі эпидемияны ауыз­дықтауда аймақ басшыларының арқаны кеңге салып жүргенін атап өтті. Расымен, өңірдегілер жүгенсіз кетті ме?  

Тойханада күнде би

Президент нұсқағандай, ел тұрғындары жаз айларында тыншып қалған-ды. Бірді-екілі аймақтан «жасырын той өтіп­ті» дегенді еститінбіз. Сондағысы көпшілік той өткізу маусымын күзге шегерген. Қазір өңірлердегі тойханалар  кісі қабылдап жатыр. Олар тексеру ту­расында да ұмытпай, тек той уақытын ер­терек бастауды қол алған. Әдеттегідей кешкі сағат 18.00-де емес, той сағат 15.00-16.00-дің арасында басталатын болған. Ал осыдан кейін инфекция тарап, статистика көтерілмей қайтсін?! Осындайда мониторинг  тобының жұ­мысы еске түседі. 7 қазанда өткен жи­налыста Президент мониторинг жүргізетін топтың белсенділігі төмендеп кеткенін атап өтті. Айтса айтқандай, әлеуметтік желі жиын-тойда түскен су­реттен көрінбейді. Білуімізше, мо­ниторинг тобы фотосуреттің қайда тү­сірілгенін анықтап, жаза қолданушы еді. Сәйкесінше, карантин шарасын сақтамай, ырду-дырду көбейіп кеткені рас. Бұған кім кінәлі? Сұрау сызығы қайта айналып әкімді табады. Өйткені мониторинг тобының жұмысын қадағалап, тапсырма беру жергілікті билік өкілінің құзырында. Ал бұдан кейінгі себеп – кезекші сынып жағдайы. Бұл туралы биліктегілер бірнеше мәрте айтқан-ды. Кезекші сы­ныпта коронавирус инфекциясын жұқтыру фактісі алғаш болып Солтүстік Қазақстанда тіркелді. Одан кейін Батыста, Алматыда, Нұр-Сұлтанда, осылайша статистика жалғаса берді. Бұған не се­беп? Әрине, жергілікті әкімдік пен мек­теп басшыларының санитарлық ша­раға бейжай қарағанының белгісі. Мә­селен, бір ғана Шығыс Қазақстан об­лысында 58 оқушы коронавируспен ауырып жатыр. Соның ішінде 34 бала кезекші сыныпта білім алған. Ал об­лыстағы жағдайға үңілсеңіз, Семей мен Өскеменді қоса алғанда 15 бала ауырған. Қалғаны – Шығыс Қазақстандағы а­у­дандардың үлесінде. Демек, Президент мәлімдегендей, жергілікті билік өкілдері  сақтық шараларын ұмытқан.  

Жағдай нашар: Маңғыстау мен Алматы облысы

Жоғарыда көрсетілген фактор аймақтардағы жағдайдың қиындауына себеп болды. Ол – факт.  Оған қоса, шетелге ұшатын рейстер ашыла салысымен, «Түркия, Дубай қайдасыңға» салған халық бар. Мысалы, 12 қазан күні Мәскеуден елордаға ұшып келген жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл – шетелден әуежолы арқылы келген азаматтардың статистикасы. Ал жақын шетелден көлікпен келетін қаншама адам бар? Оларды кім тексеріп, тізімге алып жатыр? Естеріңізде болса, төтенше жағдай кезінде аймақтардағы әкімдік пен мейірбикелер өңірге келген әрбір адамды тексеріп, 3 күнге дейін халін біліп тұрған еді. Сайып келгенде, тұрғындар мен жауаптылардың тізгінді босатуынан болған жағдай. Өңір туралы айтқанда бірден Маң­ғыстау мен Алматы облысы еске тү­седі. Өйткені Президент  Денсаулық сақтау министрлігінің аймақтардың дайындық барысын тексеру мәліметімен танысқан. Сонда Маңғыстау және Алматы облысындағы емханалар мен ауруханалардың дайындығы нашар екені анықталған. Тағы да әкімге міндет жүктеліп, 2 аптаның ішінде жағдайды түзету тапсырылған. Алайда көп өтпей Маңғыстауда жағ­дай күрт нашарлап, 5 науқас жансақтау бөліміне түсті. Өңірдегі мамандар науқастардың халіне  «3-еуі ауыр, 2-еуі өте ауыр» деп баға берген. Естіген сыннан кейін Маңғыстауда реанимациялық төсек саны 43-ке көбейтілген. Жалпы,  облыста 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек-орын бар. Мемлекет басшысы мұның себебі «аймақтағы жағдайға дәрі-дәрмекті тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелі еместігінде» деп отыр. Ал өңір басшылары жағдайды біркелкі етуге тырысып бағуда.  

Шешім табатын уақыт

Кейінгі мәліметке сүйенсек, оқу­шылардың күзгі демалысы бірнеше күнге ұзартылады.  Олар 5-14  қараша аралығында демалысқа шығады. Айта кетерлігі, бұған дейін оқушылар ІІ тоқсанның алдында 1 апта ғана демалатын-ды. Осыған сәйкес, демалыс тағы 1 аптаға ұзарғаны және ауысқаны үшін ІІ тоқсан мерзімі бірнеше күнге қысқарады. Ал бұл не үшін деп ой­лайсыз? Қазір дәл шешім табар уақыт. Өйткені Еуропаның бірнеше елі төтенше жағдай жариялауға дайындалып жатыр. Германия мен Испанияда вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Көршілес Ресейде де жағ­дай мәз емес. Ал елімізде Шымкент карантинді ұзартса, 9 қазаннан бастап Солтүстік Қазақстанда 6 ауданда блок-бекет қойылды. Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстанда да сақтық шаралары күшейтілді. Осы жайтқа назар аударған Үкімет кейбір демалыс орындары мен сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмыс режимін қайта қарауы мүмкін. Өйткені кей облыстарда базар мен аталған орталықтардың жұмыс уақыты қысқарды. Жоғарыдағы фактінің дені елімізде ви­рустың екінші толқыны «қылаң» бергенін нұсқап тұрған сыңайлы. Бір қызығы, әлеуметтік желіде Тәуекел Мүсілім бастаған актерлер кинотеатрды қашан ашатынын сұрап дабыл қағып әлек. Олардың айтуынша, 7 ай бойы карантинде болған  актерлердің шыдамы таусылған. Оның үстіне, Алматыда театр маусымы ашылғаны тағы бар. Байқағанымыздай, өнер адамдары ел ішін­дегі жағдайдан бейхабар сияқты. Елде қайтадан коронавирус инфекциясынан өлім жағдайы тіркеліп жатқанда кинотеатр ашылмайтыны белгілі емес пе?

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ