Алысқа ұшқан қайран ақша
Алысқа ұшқан қайран ақша
134
оқылды
 

Ақшалай алыс-беріс

Алдымен соңғы төрт жылдағы ақша айналымының ахуалына тоқ­талсақ. Келім-кетім көлемі жағы­нан айырмашылық аз болған кез 2016 жыл екен. Ол кезде Қазақ­­станнан 238 млрд теңге кетіп, 161,1 млрд тең­ге келген. Яғни, екеуара айырма­шылығы 76,9 млрд теңгеге тең екенін көріп отырмыз. Араға бір жыл салып айырмашылық 106,6 млрд теңгеге теңесті. 2017 жылы ше­тел­ге – 298 млрд теңге, Қазақстанға – 191,4 млрд теңге. Жыл өткен сайын бұл шама өсіп келе жатқанын байқа­ған боларсыз. 2018 жылы 380,1 млрд теңгеміз кетіп, орнына 220,5 млрд теңгеміз қайтқан. Бір жылдан кейін Қазақстаннан кеткен қаржы 408,3 млрд теңге болса, келгені – 232,5 млрд теңге. Айыр­машылық 175,8 млрд теңгеге тең.  Динамиканың «көкесі» биыл болған сияқты. Қаң­тар-тамыз аралығының өзінде 459 млрд теңгеміз сыртқа шығып кеткен. Өзге елден кіргені бар болғаны 178 млрд теңге ғана. Әлбетте, жыл аяқ­талғанша бұл көрсеткіште өзгеріс болады. Дегенмен 2020 жылдың 8 айын­дағы шаманың өзі біршама ойлан­дырады. Енді қалған айларда шыққан ізден гөрі кіргені кө­беймесе, жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Себебі қазіргі көрсеткіш бойынша айырмашылық бұрын-соңды бол­маған рекордтық сомаға теңесті – 281 млрд теңге. Бұл деге­німіз – елге келген ақшаның 23,4 пайызға қыс­қарғанын біл­діреді.  

Көп қаржы Ресейге кеткен

Ал енді өзге елдің қазынасын «байытқан» сомаларға келсек. Ше­тел­ге кеткен қаражаттың басым бө­лігі Ресейге аударылғаны белгілі бо­лып отыр. Нақтырақ айтқанда, 127,2 млрд теңге кеткен. Бірақ был­тырғы шамамен салыс­тырғанда бұл 5,5 пайызға аз. Яғни, өткен жылы Ресейге 134,5 млрд теңге аударылған болатын. Деген­мен жылдың әлі аяқ­талма­ғанын ескерсек, алда теңесуі де әбден мүмкін. Бұдан кейінгі орында Қырғызстан тұр. Айыр­қалпақты ағайынмен арадағы ақшалай алыс-берісте биыл өзгеріс бар. Себебі былтыр бір жылда 52 млрд теңге жіберген болсақ, осы жылдың сегіз айы­ның өзінде 100 млрд теңгеге жетер-жетпес, яғни 96,4 млрд теңге жіберіппіз. Ша­мамен екі еседей өсіпті. Өзбекстанға былтыр 88,5 млрд теңге жіберсек, биыл ол шама 95,2 млрд теңгені көрсетіп тұр. Түр­кия­ға жіберген қаражат едәуір өскенін байқауға болады. Себебі жыл басталғалы 74,7 млрд теңге жол­дап­пыз. 2019 жылдың қоры­тындысы бұдан аз, 55,1 млрд теңге болған. Қытайға жіберген қара­жаттың өткен жылғы шамасы 22,1 млрд теңге болса, қазіргі көр­сеткіш 16,9 млрд теңге болып отыр. Бәлкім, жыл соңына дейін теңесіп қалуы да мүм­кін. Әзер­байжанға кеткен қаражат көлемі бұрынғы қалпынан сәл ұлғайды десек болады. Биыл 9 млрд теңге болса, былтыр – 8,7 млрд теңге. Тәжікстанға 2019 жылы 8,7 млрд теңге аударып, осы жылы 7,1 млрд теңге жіберген екенбіз. Ондыққа кіретін елдер қатарында Украина (биыл 5,2 млрд теңге болса, был­тыр – 7,2 млрд теңге) мен Грузия (биыл 4,8 млрд теңге болса, был­тыр – 6 млрд теңге) бар.  

Қай елден қанша қаражат келді?

Келесі кезекте шетелден келген қаражатқа тоқталсақ. Бұл жерде де Ресей көш бастап тұр. Халықаралық ақша аударымдары арқылы Ресейден биыл 5,1 млрд теңге келген. Бірақ былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі еседей азайған. Ал Оңтүстік Кореядан 34,3 млрд теңге келген. 2019 жылы – 43,9 млрд теңге. Үштікті Қырғызстан тұйықтап тұр. Жыл басынан бері 20,9 млрд теңге келген. Былтырғыдан (18,1 млрд тең­ге) сәл жоғары. 2020 жылдың қаңтар-тамызы аралы­ғында Қазақ­станға келген қара­жаттың өзге ел­­дердегі шамасына да тоқталсақ, АҚШ (13,8 млрд теңге), Германия (9,7 млрд теңге) және Түркия (5,3 млрд теңге). «Береген қолым алаған» де­мек­ші, елдер арасындағы ақша айна­лымындағы айырмашы­лықтар­ды да айта кетсек. Ең көзге көрінетін айыр­ма Түркиямен арада екен. Бұл елге кеткен ақша келгенінен қара­ғанда 14,1 есе көп. Өзбекстанға кет­кені – 5,3 есе, Қырғызстанға 4,6 есе көп кетіпті. Ал Ресейге кеткен көлем кел­генінен 2,5 есе көп. Ал қаражатты жіберу әдістері бойынша бірінші орында «Золотая корона» ақша аударымы тұр. Бұл жүйе арқылы 373,2 млрд теңге ауда­рылған. Ізін ала бере 34 млрд теңгемен Western Union, 20,4 млрд теңгемен Contact тұрғаны белгілі болып отыр. Сол сияқты шетелден Қазақстанға келген қа­ражаттың басым бөлігі «Золотая Корона» (82,6 млрд теңге), Western Union (47,3 млрд теңге) және MoneyGram (22,3 млрд теңге) арқылы түсіпті.  

Сарапшылар не дейді?

Бұған қатысты қазақстандық сарапшылардың пікірі қандай екенін сұрастырдық. Экономист Сапарбай Жұбаев шетелге жеке азаматтардың қаражаты кеткені­нен қорқудың қажеті жоқ деп отыр. «Бұл қандай қаражат десек, мысалы Өзбекстан, Қырғыз­станнан келген­дер бізде жұмыс істеп, үйіне ақша жібереді. Яғни, бұл еліміздің шетел жұмыс­шы­ларын қызық­тыра­тынын, эконо­­микамыздың тұрақты екенін көрсе­теді. Одан бөлек, шетелде оқитын­дарға да ата-ана­лары жиі ақша салып тұрады. Бұл – тағы бір құрам. Ал енді бізге келетін ақшаны айтсақ, отан­дастарымыз Оңтүстік Корея, Түркияға жұмыс істеуге барады. Сөйтіп, туыста­рына ақша салады. Осы сынды себептерді айтуға болады. Жалпы алғанда, айыр­бастау курсына, инфляцияға әсер етпейді. Әрі бұл үрдіс дамыған елдерге тән», – дейді сарапшы. Экономист Бауыржан Ысқақ та алдыңғы пікірге қосылады. «Бұл тенденцияға байланысты Ұлттық банк араласа алмайды», – дейді. «Жыл сайын Қазақ­станнан шыға­тын қаражат пен келетін қаражаттың айырмашылығы үл­кейіп жатқаны белгілі. Бұл бірінші кезекте, біздегі өндірістік күш­тердің жоқ болуына байла­нысты. Яғни, адамдарды өзі­міз­де жұмыс_пен қамтамасыз ете алмай отырға­нымыздың әсерінен. Мұның негізі инфля­цияға тікелей қатысы жоқ. Тек баланс сақтау үшін өзімізде шығарылатын өнімдер көлемін арттыру қажет. Ұлттық банк жеке тұлғаларға қаражатты сыртқа шығармауға тыйым сала алмайды. Өйткені халықаралық қаржылық қатынас­тармен ретте­леді. Жеке тұлға қанша қаржыны қайда жіберсе де өзі біледі. Бәріне төтеп беру үшін өнді­рісті дамыту керек. Басқаша шектеу қою ар­қылы шешілмейді», – дейді экономист.
 

Пандемияның әлемдік ақша аударымына әсері

Дүниежүзілік банктің болжа­мы болса, мынадай. Пандемиядан туған экономикалық дағдарыстың салда­ры­нан 2020 жылғы жалпы­әлемдік ақша аударымы күрт төмен­дейді. Сарапшылар шама­мен 20 пайыздай қысқарады деп отыр. Бұған басты себеп – еңбек мигранттары жалақы­сының тө­мен­деуі мен олардың жұмыстан қысқаруы. Себебі эконо­микалық кризис кезінде табысынан айыры­латындардың дені – мигрант­тар. Орта және төмен табысты ел­дердегі ақша аударымы көлемі 19,7 пайызға азайып, 445 млрд дол­лар болуы мүмкін деген бол­жам жа­салды. Десек те, 2021 жылы жағдай жақ­саруы мүмкін деседі. Тіпті, ақша аударымы 5,6 пайызға ұлғайып, 470 млрд доллар болуы әбден мүмкін. Нақты айту тағы қиын. Өйткені коронавирус пандемиясының қа­шан­ға дейін созылары белгісіз. Көпшілік күт­пеген оқиғалардың куә­гері болып жатқанымызды ескер­сек, бір жыл тұрмақ, бір айдың өзіне қатысты болжам жасау қиынға соғып отыр. Мысалы, бұрын ақша аударым­дарына қатысты ахуалда мынадай көрініс бар-тын: бағыт­таушы елдерде жағдай қиындап, дағ­дарысты бастан өткеріп жатқанда жұмысшылар үйіне керісінше қо­мақ­ты қаражат жіберетін. Бірақ бұл жолы бәрі басқаша. Күллі әлемді шарпыған пандемия ондай мүм­кіндікті азайтып тастады. 2019 жылы Еуропа мен Орта­лық Азия елдеріне жасалған ақша аударым­дары өсіп, 65 млрд дол­ларды құраған. Дүниежүзілік банктің есебіне сүйенсек, ақша аударымдары арқылы қалтасын қомпайтудан бас бәйге Украинада болған. Жаңа ре­корд тіркеліп, 16 млрд долларға жуық­таған. Пан­демия мен мұнай бағасының тө­мендеуіне байланысты биыл ақша аударымдары 28 пайызға азаюы бек мүмкін.  

Жадыра АҚҚАЙЫР