Шудан тағы шу шықты
Шудан тағы шу шықты
116
оқылды
Жалпы, аталған жайт өткен жұмада  орын алған. Қызметінен  қайтып келе жатқан тәртіп сақшысы тасжолдың бойында көлігін көлденең қойып, жүргізушілердің  қозғалысына кедергі келтіріп тұрған  азаматтарды байқап қалады. Кезекшілік уақыты болмаса да полицей өзінің қызметтік  парызын орындау мақсатында  әлгі жол ережесін бұзушыларға жақындап, тәртіпке ша­қырады. Осы кезде үш бірдей жігіт жұ­дырығын ала жүгіріп, тәртіп сақшысын соққының астына алады. Бұзақылардан сытылып шыққан полиция қызметкері  әріптестерін шақырып, олардан   қашпақ болған құқық бұзушылардың  бірі по­лицейдің қызметтік көлігіне отырып, оқиға  орнынан ізін суытпақ болған. Алайда көп ұзамай аялдамаға соғылып, сол жерде қолға түседі. Облыстық Полиция департаменті бер­ген ақпаратқа сүйенсек, үш азамат та 30 жас шамасындағы жастар екен. «2020 жылғы 9 қазанда сағат 00.40-та Шу АПБ қызметкері кешкі  саптық жиыннан кейін қызметтік автокөлігімен үйіне қайтып келе жатқан кезде  жолдың  жүріс бөлігінде тұрған автокөлікті   көр­ген. Полиция қызметкері көлік  жолы­ның  жүріс бөлігінде   тұрған, жүріс-тұ­рыстары назар аударарлықтай масаң  күйде болған және бір-біріне қатысты  агрессивті әрекет еткен үш белгісіз адамды байқаған. Жанжалды реттеуге және заңсыз әрекеттерді, соның ішін­де жол-көлік оқиғасының алдын алу­ға  тырысқан полиция қызметкері тоқ­тап, белгісіз адамдардан бұзақылық әрекеттерін  тоқтатуларын  және жолдың жүріс бөлігінен ары тұруларын талап еткен. Алайда  айтылған ескертуге  құлақ  аспаған  құқық бұзушылардың екеуі  өз наразылықтарын білдіріп, қарсы жауап ретінде полиция қызметкерін балағаттап,  артынша   оған қатысты күш  қолдануға тырысқан. Бұзақы  адамдардың құқыққа сыйым­сыз  іс-әрекеттеріне қатысты  полиция қызметкері күш қолданып,  бұзақылардың  бірін ұстады. Екіншісі  қызметкердің қызметтік автокөлігімен қашып кетуге  тырысты, алайда  10 метр  аспай  ол көлікті  сол маңдағы аялдамаға соққан. Аталған дерекке қатысты Қылмыс­тық кодекстің 380-бабы 1-бөлігі бойын­ша сотқа дейінгі тергеу амалдары бас­талды», –дейді облыстық Полиция де­партаментінің баспасөз қызметі. Ресми ақпарат осылай сөйлейді. Алайда шулықтардың сөзіне сүйенсек, таяқ жеген тәртіп сақшысы мен бұ­зақылар бір-бірін баяғыдан танитын көрінеді. Оған қоса, жұдырықтың астына жығылған полицейге Шу қаласында  тіс қайрап жүргендер  аз емес деген де ақпарат бар. Әрине, бұл нақты байлам емес. Сондықтан бұл деректің анық-қанығын тергеу амалдары анықтай жатар. Алайда кешелі бері ақпараттық сайттардың бірқатары «бұзақылар полицейдің көлігінің алдын әдейі жауып  тоқтатқан» деген ақпарат таратты. Бірақ облыстық Полиция департаменті мұны жоққа шығарып отыр. Осыған қарағанда тәртіп сақшысы мен бұзақылар шын мәнінде бір-бірін танитын және араларында баяғыдан қалып кеткен өштері бар секілді. Тағы бір дерек,  өткен аптада  Шу ауданында бір қанды оқиға орын алған. Қалалық ауруханаға  өкпе тұсынан жарақат алған жас жігіт түсіп, жантәсілім еткен. Алайда бұл фактіге қатысты әлі ресми ақпарат айтылмауда.  Аудан азаматы денесіне оқ жарақатын алып, көз жұмған  деген болжам бар. Осылайша, шулықтар бір жетінің ішінде жұртшылықты шулатып жатыр. Осындай кезде «бізде қылмыс деңгейі азайды» деген ауданның атқамінерлерінің ста­тистикасы еріксіз көз алдыңа оралады.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы