Коронавирус үнемшілдікті үйретті
Коронавирус үнемшілдікті үйретті
112
оқылды
Жалпы, мемлекеттік бюджеттің шы­ғы­сы – 99,5 пайыз, республикалық бюд­жеттің шығысы – 99,8 пайыз, жер­гілікті бюджеттердің шығысы 99,5 па­йыз атқарылыпты. Бірақ игерілмеген қаражат та баршылық – 20 млрд тең­ге. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі 1,8 млрд теңгені, Бас прокуратура – 1,5 млрд теңгені, Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі – 1,4 млрд теңгені, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 0,9 млрд теңгені игермеген. Дегенмен ақшаны игермеу мен үнемдеу екеуі бір-біріне қарама-қайшы нәрселер екенін ескеру керек. Мәселен, 1,8 млрд теңгені игере алма­ған Мәдениет және спорт министрлігі індет салдарынан қалтада қалған қо­мақты қаржыны сәуір айында-ақ қазы­наға қайтарыпты. Тіпті, Токио Олим­пиадасының кейінге шегерілуіне байланысты Қазақстанда өткен жарты­жылдықта 4,3 млрд теңге үнемделді. Ол қаражат та оңтайландырылып, рес­публикалық бюджетке берілген. Үнемделген ақша қайда жұмсалады? Көпшіліктің көкейін тескен бір сұрақ осы. Шенеуніктерге сенсек, үнемделген қаржы бірінші кезекте пандемиямен күрес шараларына бағытталады. Осы күні өңір-өңірде үнемделген қаражатқа түрлі медициналық жабдықтар, өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алын­ған, стационарларға жөндеу жұмыс­тары жүргізілген. Кейбір сарапшылар коронадағдарыс жағдайында қазіргі мемлекеттік шы­ғын­дарды қайта қаралуы керек деп са­най­ды. COVID-19 пандемиясы, әсіресе цифрландыру мен қашықтан жұмыс істеу арқылы ақшаны біршама үнемдеуге болатынын көрсетті. Қазірдің өзінде мем­лекеттік аппараттың жартысы он­­лайн қызмет атқарып, өнімділікті онша төмендеткен жоқ. Демек, іс-ша­ра­лардың көбін онлайн режимде өт­кізуге болады. Бұл әдіс іссапарға немесе көлік шығындарына кететін қаражатты үнемдеуге жол ашады. Осы орайда, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания қызметкерлерінің бір бөлігін онлайнға ауыстырып, оңтайландыру мен шығындарды қысқарту мүмкіндігін мақсатты түрде зерттеуді ұсынған. – Бұл жерде әлеует айтарлықтай мол. Мәселен, 2019 жылдың бюджетінде елден тыс іссапарлар мен қызметтік сапарларға шығатын шығын 17,5 пайызға өскен. Ел ішіндегі бұл бағыттағы шығын 8,8 пайызға артқан. Көліктік қызмет төлемі 21 пайыз қымбаттаған. Қазіргі жағдайда мемлекеттің стратегиялық маңызы жоқ шығындарын да қысқарту керек. Мәселен, бұған консалтингті және зерттеу қызметтеріне шығатын шығындарды жатқызуға болады, – деген-ді Сенат Төрағасы. Коронадағдарыс қарапайым азамат­тардың да шығынын азайтқан сыңайлы. Мысалы, АҚШ тұрғындары карантин кезінде үйден жұмыс істеп, 91 миллиард доллар үнемдеген. Себебі жұмыс пен үйдің арасында жөңкілудің өзіне аме­рикалықтар күніне 758 млн доллар жұм­сайды екен. Ал британиялық Vanarama ком­паниясы COVID-19 індеті кезінде әлемнің әр қаласындағы көлік жүргізушілері қан­ша уақыт үнемдегенін анықтапты. Ғалымдардың есебінше, мегаполис тұрғындары 5 ай ішінде кептелістен құ­тылғанының арқасында бірнеше тәулік үнемдеген. Бұл көрсеткіш Нью-Делиде – 79 сағат, Парижде – 69 сағат, Сан-Паолода – 63 сағат, Йоханнесбургте – 31 сағат, Берлинде 28 сағатты құраған. Ал уақыттың ақшадан да қымбат құндылық екені белгілі. Дүниежүзінде азаматтардың киім мен косметиканы сатып алу көрсеткіші төмендеген. Есесіне, азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын кө­бірек сатып ала бастаған. Темекі тұтыну көрсеткіші сол баяғы деңгейден не ас­паған, не түспеген. Зиян әдеттің ештеңеге қарамайтыны рас екен. Мамандардың пікірінше, тұтыну тұрғысынан қатардағы тұрғындардың дүниетанымы өзгеретін сияқты. Оқшау­ланып жатқан адамдар көптеген керексіз заттың артық екенін түсінген.  

Айдар ДӘУІТҰЛЫ