Асылы Осман: «Барым да, бағым да – қазақ тілі»
Асылы Осман: «Барым да, бағым да – қазақ тілі»
262
оқылды

Танымал қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметі хабарлады.

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында өткен басқосуды Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде қайраткердің өмір жолына тоқталып, қазақ тілінің көсегесін көгерту мақсатында істеген істеріне шолу жасады.

– Асылы Осман есімі көзіқарақты көпшілікке кеңінен таныс. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесінің артуына, ұлттық мұраларымызды ұлықтау жолында қажырлы қызмет атқарып жүрген жанның бірі де бірегейі. Асылы Әлиқызы қарашаңырақ Қыздар университетінің түлегі. Ол 1967 жылы Филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бағамен бітірген. Жас маман алғашқы еңбек жолын да өзі білім алған оқу орнынан бастаған. Тіл жанашыры түрлі тақырыпқа арналған 400-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Сонымен қатар оның «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» атты монографиясы, «Қазақша-түрікше-орысша тілашар», «Қазағым барда мен бармын», «Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы» атты кітаптары жарық көрген. Баспасөз беттерінде мемлекеттік тіл саясатына байланысты жазған мақалалары тұрақты түрде шығады, – деп атап өтті Сайра Жиенбаева.

Асылы Осман кіндік қаны тамбаса да, өскен, нанын жеген елдің тілін, ділін, салты мен дәстүрін  насихаттаудан танбай келеді. Тіл саясатының мәні мен маңызын көпшілікке ұғындырып жүрген мемлекетшіл тұлға. Осы тараптағы ерен еңбегі ескеріліп, ол «Парасат» және «Достық» ордендерімен марапатталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтау, ұлттық қод, барша қазақстандықтарды біріктіруші мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болды, жиында. Сондай-ақ Асылы Осман қыз баланың тәрбиесі турасында да тағылымды әңгіме айтты.

– Менің барым да, базарым да, нәсібім де, кәсібім де – қазақ тілі. Сол қазақтың тілін меңгергендіктен қазақтың барлық ойындағы қасиетін, болмысын ұғып, түсініп, шырылдап айтатыным да сол. Қазақтың тілі өте бай. Соны баянды ету қолымыздан келмей тұр. Маған қасиет те, ақыл да, адамдық болмыс та тіл арқылы қазағымнан дарыған. Тілдің бүгінгі жағдайы бұрынғыға қарағанда салыстырмалы түрде ілгері қарай жылжу бар, – деді Асылы Осман.

Рухани кештің екінші бөлімінде қайраткерге студенттер тарапынан сұрақтар қойылды. Сауалдар қатарында оның қызығушылығы, жастарға деген өсиеті, сүйікті шығармасы бар.

Кездесу соңында Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева тіл жанашырына тәлімді әңгімесі үшін университет ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.