14 қазан сағат 09:10-да Сарыарқа даңғылының бойымен патрульдеуге шыққан Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкері Талғат Намазбаев көпқабатты үйдегі пәтердің бірінен өрт шыққанын байқап, дереу басқару орталығына хабарлаған. Ал өзі жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері кедергісіз кіру үшін өрт шыққан үйдің маңайын реттестірген, - деп хабарлады Polisia.kz. Оқиға орнына үш минутта жеткен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Нұрболат Мұқамедия мен Қуаныш Декманов дереу үйдің ішіне еніп, өрт шыққан пәтердегі тұрғындарды эвакуациялауды бастаған. Өрт шыққан пәтерде 37 жастағы әйел мен кәмелет жасқа толмаған төрт баласы болған. Балалардың ең үлкені – 14 жаста, ең кішісі – бір жаста. Полиция қызметкерлері оларды таза ауаға шығарып, сосын өрт сөндіру қызметі жеткенше өрт шыққан үйдегі әр пәтердің есігін қағып, тұрғындарды эвакуациялауды бастаған. Өрт шыққан үйдегі пәтерлердің бірінде 6 жасар баланың жалғыз қалғаны анықталған. Полиция баланың ата-анасымен байланысып, олар келгенше баламен есік жанында тұрып сөйлескен. Тағы бір пәтерде үйде жалғыз қалған кішкентай бала ұйықтап жатқан. Ол бала есік ашылған соң сыртқа шығарылған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ, құтқарылғандар №1 қалалық ауруханаға және №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Олар жеңіл түрде уланып қалған. Өрт Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кенесары» тұрғын үй кешенінде болған.
«14 қазанда Сарыарқа көшесі, 11-үй мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің жетінші қабатының балконынан түтін шығып тұрғаны туралы хабарлама түсті. Сағат 09.21-де өрт орнына 20 адам және алты техника жіберілді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген соң жетінші қабатта он шаршы метр аумақта үй заттары мен терезе жақтауларының жанғанын, сондай-ақ, сегізінші қабаттағы балконға зақым келгенін анықтады», - делінген хабарламада.