Жылқы мамонттың кебін құшпасын
Жылқы мамонттың кебін құшпасын
210
оқылды

Күрделі будандастыру жолымен алынған «Қостанай жылқысы» тұқымы құрып кетудің алдында тұр. Одан небәрі 74 жылқы ғана қалыпты. Бұл мәселені сенаторлар көтерді. Парламенттің Жоғарғы палатасының депутаттары жалпы отырыстарында, алдымен, Мәжілістен түскен заң жобаларын талқыға салды.

Сенат тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы мәселелері бойынша жаңа заң жобасына түзетулер енгізіп, оны Төменгі палатаға кері қайтарып жіберді. Құжат қолданыстағы бірқатар заңға өзгерістер енгізеді. Онда көппәтерлі үйді басқарудың «бір үй – мүлік иелерінің бір бірлестігі – бір шот» қағидатына негіз­делген жаңа үлгісі ұсынылады. Бұл ретте пәтер иелерінің кооперативтері мен ол үйдегі орынжайлар иелерінің коопера­тив­тері осы заң қабыл­данғаннан кейін 3 жыл бойы жаңадан құрылатын мүлік иелерінің бірлестіктерімен қатар әрекет ете алады.

Заң жобасы арқылы кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің қаржыландыру тетігі енгізіледі. Ол бойынша пәтер мен тұрғын емес орынжайлар иелерінің қаржы жинақтауы және екінші деңгейдегі банктен қарыз алуы көзделген. Мүлік иелері бірлестігінің тұрғын үй қарызын өтеу жөніндегі міндет­темелерінің орындалуына мамандан­дырылған қор кепілдік беретін болады.

Жобада басқарушы және сервистік компаниялар қызметінің ашықтығын арттыруға, «Үй кеңесін құру», электрон­дық ақпараттық ресурстар мен ақпарат жүйелерін енгізу арқылы пәтер және тұрғын емес орынжайлардың меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй қатынас­тарының қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған ережелер ұсынылып отыр.

Осы жобамен жұмыс барысында хостелдер қызметін, кондоминиум ны­санының ортақ мүлкіндегі меншік иесіне тиесілі үлес мөлшерін, коммуналдық қызметтерге кіретін қызметтер тізбесін, «тұрақ орнын» анықтау және өзге де мә­селелер бөлігінде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеті туындады.

Сенаторлардың түзетулеріне Мәжіліс депутаттары келісімін берсе, заң «Пар­ла­мент қабылдаған» болып есептеледі.

Отырыс соңында Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жол­даған Сенат депутаттары Жеңіс Нұрғалиев пен Серік Бектұрғанов Қостанай тұқымы жылқысын сақтап қалу мәселесі аса өткір тұрғанын айтты. Түсіндіре кетсек, Қамбар ата түлегінің бұл тұқымы Қазақстанның Қостанай, Майкөл және Ресейдің Троицк жылқы зауыттарында күрделі будандас­тыру, яғни қазақ жылқысының биесін қалмақ, дон, стрелец, орлов-растопчин, ағылшын-араб, таза қанды салт мініс жылқыларының айғырларымен зауыттық будандастыру нәтижесінде шығарылды. Жеке тұқым ретінде 1951 жылы тіркелді.

Ол еліміз аумағындағы жалғыз маман­дандырылған спорттық бағыттағы жылқы тұқымы саналады.

– Бүгінде жылқының бұл тұқымынан небәрі 74 бас мал ғана қалған. Тіпті, күрделі 2000 жылдары «Қазақ тұлпары» кәсіпорны қолында 336 бас жылқы, со­ның ішінде 120 бие және 10 айғыр бол­а­тын. Қазіргі уақытта аталған кәсіпорын Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында және спорттық жылқыларды өсірумен ғана емес, сондай-ақ көп жылғы және бір жылғы шөп тұқымы шаруашы­лығымен де айналысады. 2014 жылы асылтұқымды жылқы түрін қолдауға, селекциялық-тұқымдық жұмыстарды жүр­гізуге, жылқыларды жаттықтыруды және сынауды жетілдіруге, айғырлар ұры­ғын сақ­тауға субсидия беру тоқтатылғалы бері кә­сіпорында жылқылар саны оңтай­лан­ды­рыл­ды және жылқының жаңа түр­лерін шығару жұмысы доғарылды, – дейді сенаторлар.

Салдарынан, қазір «Қазақ тұлпары» күйзеліске ұшырады. Ал Қостанай жыл­қысы бұрынғы даңқынан және ірі үйірінен айы­рылды. Кәсіпорындағы қызметкерлер саны 38-ге дейін азайтылған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Дегенмен мемле­кет­тен қолдау болса, бұл жұмыстарды жаң­ғыртуға әзір. Өйткені 2 ғылыми қыз­меткер қалған. Жасушалық-генетикалық зерттеу зертханасы және басқа да бірегей жабдық­тары бар көрінеді. Текті айғырлар ұрығы қатырылған күйде сақталуда. Сол себепті сенаторлар Үкімет басшысынан «Қостанай жылқысы» тұқы­мының жойылып кету үр­ді­сін тоқтататын кешенді шаралар қабыл­дау­ды және оған арналған 2020-2030 жылға де­йінгі арнайы бағдарлама әзірлеуді сұрайды.

Батыс ғалымдары тарих тұңғиығына кеткен зіл-мамонт пен қылыш азулы жол­барыстарды клондап, тірілту мәселесін қарастыруда. Ал біздің АШМ әзірге елдің көз алдында құрып бара жатқан жылқы тұқымын қайта өрістетуге мән берер емес.