Қазақстан мен Чехия депутаттары өзара ынтымақтастықты өрістетуге ниетті. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия парламентінің Депутаттар палатасының спикері Радек Вондрачекпен кездесті.
Чехия Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасындағы Қазақстанның негізгі саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екеніне тоқталған Нұрлан Зайроллаұлы Қазақстан басшылығы бұл елмен қарым-қатынасты тереңдетуге ерекше мән беретінін атап өтті. Оның пікірінше, өзара қарым-қатынастарды дамытуда денсаулық сақтау, машина жасау, агроөнеркәсіптік технологиялар, «жасыл» энергетика сияқты әртүрлі салалардың әлеуеті зор.
Н.Нығматулин қазақстандық депутаттар чех әріптестерімен диалогті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Ол палата комитеттері мен ынтымақтастық топтарының бірлескен жұмысы бірінші кезекте әлеуметтік саясат, білім беру, инновациялық даму және экономиканы цифрландыру салаларында заңнамалық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретініне назар аудартты.
Өз кезегінде Радек Вондрачек Қазақстан мен Чехия арасындағы байланыстың деңгейін жоғары бағалады.
Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы өз әріптесін 28 қазанда атап өтілетін Чехияның «Мемлекеттілік күнімен» құттықтап, достас елдің гүлденуі мен өркендеуіне тілектестік білдірді.