Жалпыхалықтық «үрей санағы» жүргізіледі
Жалпыхалықтық «үрей санағы» жүргізіледі
141
оқылды

Келесі жылғы жазда үйіңіздің есігін мемлекет өкілдері қағып, «Осы сіз неден қорқасыз?» деп сұраса, таңғалмаңыз. Ұлттық экономика министрлігі елдің неден үрейленетінін білу үшін жыл сайын 22 маусымға дейін жалпыұлттық сауалнама жүргізуді жоспарлап отыр.

Қазақстандықтар бойын бу­ған қорқыныш атаулыны анық­тауға арналған сауалнамаға «Ха­лықтың құқық қорғау органда­рына деген сенімділік деңгейі» деген атау берілмек. Осы арқылы оның құқықтық тәртіп пен қа­уіпсіздік мәселелеріне қатысты екеніне екпін түсіріледі.

Сұрау анонимді жүрмейді: жауап беруші азамат дербес де­ректерін көрсетуі шарт. Сауал са­луға әр отбасының 15 және одан ересек мүшелері тегіс қа­тысады. Бұл науқан жыл сайын бір рет өткізіледі. Оның бары­сында статистика мамандары ауыл-аймақ, қалалардағы әр аула мен үйді аралайды.

Жұртшылық он жылда бір рет жалпыұлттық халық санағы өткі­зілетінін жақсы біледі. Ендеше, неге қауіпсіздік пен тәртіпке қа­тысты сауалдарды сонда сұрап-білмеске? Біріншіден, бұл салада мемлекеттің азаматтар пікірін білгісі келетін мәселелері өте көп екен. Тиісінше, сауалнама 57 сұ­рақтан тұрады. Олардың бәрін жалпыұлттық халық санағына қосса, сауалдар ауқымы алапат ауқымға ие болмақ.

Екіншіден, жыл сайынғы сұ­рау салу нәтижесінде, қазақ­стан­дықтардың құқық қорғау орган­дарына сенімі деңгейіндегі өзге­рістер динамикада бағамдалады әрі сол органдардың өзіндік рей­тингі түзіледі. Мұндай шара үшін онжылдық үзіліс тым көп екені белгілі.

Әр сұраққа бірнеше дайын жауап бар, соның үшеуінің тұсына белгі соғуға рұқсат етіледі. Егер бірде-бір жауаппен келіспесеңіз, «өзге (көрсету)» бос бағанына өз қорқынышыңызды жазуыңызға болады.

Мысалға, алғашқы сауалдар адамның күндіз және түнде кө­шеде келе жатқанда, неден қауіп қылатынына қатысты болады.

«Сіз қараңғыда немесе күндіз жалғыз далаға шыққанда, өзіңізді қауіпсіздікте сезінбейтініңізді айттыңыз, неге?» дегенге мына дайын жауап нұсқаларының үшеуін таңдауыңызға рұқсат: «науқас болғандықтан», «өте қарт адам болғандықтан», «белгісіз біреудің соқтығуына ұшыраудан қорқатындықтан», «көшеде жа­рықтың болмауынан», «қа­раң­ғы­лықтан қорқатындықтан», «жал­ғыз шығудан қорқатын­дықтан» немесе басқа себепті атау керек.

Содан соң «Сіз немесе сіздің отбасыңыздан біреу қандай да бол­сын қылмыс немесе құқыққа қай­шы әрекетке ұшырауы мүмкін екеніне қаншалықты алаңдай­сыз?» деген сауалға сәйкес, өз алаң­дау­шылығыңызды білдіруіңіз қажет.

Тағы бір сауал «алаяқтардың есепшотыңыздан немесе банк­тік картаңыздан сыпырып алуы арқылы ақшалай қаражатыңыз­ды жоғалтудан» қаншалықты үрейленетініңізді анықтауға бағытталған.

«Соңғы 12 айда қауіпсіздік мақсатында, сіз қандай істерді істеуді тоқтаттыңыз?» деген сауал үшін ұсынылған жауаптар қызық: «түнде үйден шығуды қойдым», «ересек ермей, кішкентай бала­лардың үйден шығуына рұқсат бермейтін болдым», «туысқандар мен достарға баруды тоқтаттым», «көшеде такси ұстаудан қор­қамын», «үлкен ақша сомасын/банк карталарын алып жүруден қаймығамын», «зергерлік бұ­йым­дарды тағып жүре алмайтын болдым», «оқу орындарына бару­ды тоқтаттым», «ойын-сауық ме­кемелеріне және сауда орта­лықтарына бармайтын болдым», «қалыпты өмір салтымда ештеңе өзгерткен жоқпын».

Статистика мамандары сізден «өзіңіз тұратын аудандағы кө­шелерде құқық қорғау органдары машинамен немесе жаяу қанша­лықты жиі күзетте патрульдеп жүреді? Құқық тәртібін қан­ша­лықты деңгейде қамтамасыз етеді?» деп сұрамақ.

«Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімділік деңгейі» сауалнамасын бекітетін Ұлттық экономика министр­лігінің бұйрығы 2020 жылғы
1 қаң­тардан бастап қолданыс­қа енгізіледі.

Нәтижесінде, келер жылы қа­зақстандықтардың «қандай да бір қылмыстан зиян шеккен жағ­­дай­да, кімге жүгінетіні» мәлім бол­мақ. Жауап ретінде «құқық қорғау ­ор­гандарына», «әкімдік­ке», «сот­қа», «саяси партиялар мен қоғам­­дық бірлестіктерге», «БАҚ-қа», «дос­тар мен таныс­тарға», «туыс­тарға», «ешкімге жүгінбес едім» деген нұсқалар ұсынады.