ШҚО-да 100 волонтер ауыл оқушыларына онлайн білім беріп жүр
ШҚО-да 100 волонтер ауыл оқушыларына онлайн білім беріп жүр
5,133
оқылды
Шығыс Қазақстан облысында 100 волонтер ауыл балаларына бір жарым ай бойы онлайн білім берді. «Қазақстан волонтерлер Альянсы» ЗТБ бастамасы бойынша өңірдегі мұғалімдер мен студенттерден құралған 100 волонтер елді мекендердегі орта мектептердің 1 жуық оқушысын оқытуға бағытталған «Birgemiz: Bilim» жобасын өткізді. Жоба аясында 7 шілде-17 тамыз аралығында өңірдің ауыл оқушыларына арналған IQ онлайн-лагері ұйымдастырылып, оның екі маусымы өтті. Лагерьге қатысу үшін әр ауданда 10-20 оқушыдан жасақтар құрылды. «Жалпы, екі маусымда IQ лагерінде 200-ден астам бала білім алды. Оқушылар үшін күн сайын бейнесабақтар өткізіліп, түрлі конкурстар мен олимпиадалар ұйымдастырылды. Арнайы Birgemizbilim.kz сайты құрылды. Онда ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі, құқықтық және компьютерлік сауаттылық бойынша қазақ және орыс тілдерінде 120-ға жуық бейнесабақ орналастырылды», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан хабарламада. «Қазақстан волонтерлері альянсының» өкілдері атап өткендей, Birgemizbilim.kz білім беру ресурсын облыстағы барлық мұғалімдер мен оқушылар пайдалана алады. Бұдан бөлек, оқушыларды оқуға ынталандыру үшін оларды бағалы сыйлықтармен марапаттау туралы шешім қабылданған. Жобаның сараптау комиссиясы белсенділігі зор 24 үздік оқушыны іріктеп алып, оларға ноутбуктар, планшеттер және робототехника бойынша құрал-жабдықтар тарту етті.