Балама ОПЕК бола ма?
Балама ОПЕК бола ма?
155
оқылды

Әлемде мұнай өндірісі мен бағасын реттеп отыратын әйгілі ОПЕК ұйымы бар. «Қара алтынның» нарықтағы құны мен өндіріс көлемінің тағдырын аталған ұйымға мүше мұнайға бай мемлекеттер шешеді. Таяуда Ресей осыған балама астық өніміне қатысты ОПЕК құруды ұсынды.

Ресей тарапынан жасалған бұл ұсыныс Ресей вице-премьері Алексей Гордеев Германияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Юлия Клекнер­мен кездесуінде айтылды. А.Гордеевтің ойынша, «Астық ОПЕК»-ке әлемдік өндіруші әрі экспорттаушы Ресей, ЕО елдері, Канада, Аргентина және басқа да мемлекеттер кіре алады. Мақсат – әлемдік астық бағасы мен азық-түлік қауіпсіздігін реттеу әрі сұра­нысты қамтамасыз ету.

Бұл бастаманың басқа жақтан емес Мәскеуден шығатын да жөні бар. Себебі соңғы жылдары Ресей агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауда көшбасшы рольді иеленіп келеді. Ресми дерек бойынша, кейінгі екі-үш жылда әлемдік нарықта астық экспорты 190 миллион тоннаға жетсе, оның 23,1% Ресейдің еншісінде болды.

2015 жылы АҚШ Ауылшаруа­шылығы мнистрлігі жариялаған дерекке сүйенсек, бидайдың әлем­дік экспортының 22% қам­та­масыз еткен Ресей алдыға шыққан, одан кейінгі орынды ЕО (14%) мен АҚШ (13%) бөлісіпті. Ресей астық одағы 2020 жылы ас­тық дақылдарының жеткізілімін 47 млн тоннаға жеткізу жоспарда барын мәлімдеп отыр.

Десек те, Мәскеу тарапынан ұсынылған «екінші ОПЕК» құру идеясын Вашингтон қолдай ма, әзірге белгісіз. Өйткені Аме­ри­ка да астық дақылдары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда алдыңғы қатардағы мемлекеттер сапында тұр. Са­рап­­шылар әдетте АҚШ-тың өзі көш­басшылық ететін ұйым­дар­ға ғана қатысатын өзіндік мүд­десін алға қоятын принципі барын айтуда. Ал алпауыт АҚШ қолдамаса, халықаралық ұйымның бірден ың-шыңсыз құрылып, жасақтала қоюы да екіталай.

Оның үстіне, дүниежүзілік ас­­тық нарығын мұнайдың нары­ғымен салыстыруға болмайтыны тағы бар. Мәселен, мұнай сау­да­сынан жылына 1-1,5 триллион доллар түсіп отырса, әлемдік нарық­тағы астықтың ақшасы 100-120 миллиард доллар көлемінде ғана.

Одан бөлек, Ресейдің астық өн­дірі­сіндегі көрсеткіші де тұрақты емес. Яғни, Ресей де біздің ел се­кілді егістік алқабының көлемі үлкен болғанымен, ауа райына тәуелді. Ауылшаруашылығы тех­никасы тозған, егін шаруашы­лы­ғындағы технология ескірген. Жаңбыр аз болып, қуаңшылық болған жылдары экспортты былай қойғанда, ішкі нарықты қамтамасыз етудің өзі едәуір шаруа.

Дегенмен «ОПЕК-2» ұйымын астық өндіруші алпауыттар бір­ауыз­дан қолдап, әлемдік азық-түлік нарығын бірлесе иге­ре­тін уақыт жетсе, ол біздің елге де теріс болмасы анық. Халық­ара­лық Астық кеңесінің (IGC) соң­ғы болжамына сәйкес, 2019/20 мар­кетингтік маусымда дүниежүзілік астық өндірісі 2 159 млн тонна болады, оның 370 млн тоннасы әлемдік нарықта саудаланады деп күтілуде. Айта кетейік, ол көлемнің 165 млн тоннасы Ар­гентина, Австралия, Канада, Еуропалық одақ, Ресей, АҚШ, Украина және Қазақстанға тиесілі. Десе де, ұсыныс ортаға тасталды, «ОПЕК-2»-нің тағдырын уақыт шешеді.