Батысқазақстандық азамат 380 кг өзен шаянымен ұсталды
Батысқазақстандық азамат 380 кг өзен шаянымен ұсталды
143
оқылды
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны 380 кило өзен шаянымен ұсталды. Қазталов ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мержан Тілеубаевтың мәлім еткеніндей, оқиға 13 қазан күні Жалпақтал ауылы Байқоңыр көшесінде болды. Сағат 23.30-да Жалпақтал полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында 28 жастағы С. деген жүргізуші айдап келе жатқан ВАЗ-21713 автокөлігін тоқтатты. Тексерген кезде автокөлік салонынан 35 қапқа салынған 10919 дана, жалпы салмағы 379,95 кг өзен шаяны табылды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 335-бабы 1-бөлігіне (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өңірде табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықты, биоресурс нысандары мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу, экологиялық қылмыстарды ашу бағытында 12 қазан мен 11 қараша аралығында «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өткізілуде.