Алматы қаласы мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы фракцияның мүшесі Ерболат Қасымов «Бақытты отбасы» партиялық жобасы шеңберінде бірнеше аз қамтылған отбасын қамқорлығына алған. Сондай-ақ Ерболат Болатұлы өз қаражаты есебінен 24 миллион теңгеге №126 мамандандырылған лицейде мини-футбол мен баскетболға арналған жаңа спорт кешенін салып берді.
Тамыз айында мектеп жасындағы балаларды сабаққа дайындау жұмыстары қызу қолға алынады. Ата-анасы жұмыс істейтін балаларды мектепке дайындау онша қиын шаруа болмас, ал аз қамтылған отбасылар үшін бұл – кәдімгідей қалтаға салмақ түсіретін әрекет. Депутат Е.Қасымов көпбалалы әрі аз қамтылған отбасылардың 40 баласын жаңа оқу жылында мектепке қажет киім-кешекпен, сөмке мен кеңсе құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп берді. Осы қажеттіліктер үшін 1 миллион 500 мың теңге жұмсалды. Тоғжан Советханова – сондай көмек алғандардың бірі. «Төрт балам бар. Біреуі мектепке барады. Қалғандары үйде, өзім тәрбиелеп отырмын. Үшінші балам мүгедек. Ол бір жылдан бері ауруханада жатыр, әкеміз соның жанында. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Мүгедек баланы бағып отырғанымыз үшін және атаулы әлеуметтік көмек алып келеміз. Қазірге тіршілік көзі сол болып тұр. Екі ай бұрын Instagram желісі арқылы депутат Ерболат Қасымовқа көмек сұрап жазғанбыз. Көмекшілері үйге келіп, жағдайымызбен танысты. Құрбан айтта мал сойып, жағдайы төмен отбасыларға таратты. Біраздан бері төленбей келе жатқан коммуналдық төлемді төлеуге көмектесті. Азық-түлік сертификатын берді. Мектепке баратын баламды формамен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етті» дейді көпбалалы ана.
Алматы қаласы Әуезов ауданының тұрғыны Айгүл Нобаева да – осындай көмек алған көпбалалы аналардың қатарында. Оның алты баласы бар. Үлкен қызы – студент, қалғаны – мектеп жасында. Жалғызбасты, көпбалалы ана. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша биыл пәтер алды. Осыған дейін пәтер жалдап келген. Ерболат Қасымов қыркүйек айының алдында «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша балаларға мектеп формасын, сөмкесін, кеңсе құрал-жабдықтарын алып берді. Үлкен қызы Айдананы сабақтан бос уақытында айналысатын жұмысқа орналастырды. Айгүл Нобаева Nur Otan партиясының қабылдауында болып, депутатқа жағдайын айтқан. Екі айдың ішінде осындай бірнеше рет көмек қолын созды. Азық-түлік сертификатын берді. Айтар алғысы шексіз.
Осындай көмек алған Гүлбахар Халмұратова да өз ойын білдірді.
«Жеті балам бар. Үшеуі – студент, біреуі – мектепке, тағы біреуі бала бақшаға барады. Депутат Ерболат Қасымов ең бірінші рет 8 наурыз қыз-келіншектер мерекесінде құттықтап келді. Балаларды мектепке қажет құрал-жабдықпен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Отағасы жоқ. Ауруханада сылақшы болып жұмыс істеймін. 136 мың теңге аламын. Атаулы әлеуметтік көмек алуға ілікпедім. Жалақыңыз асып кетеді деді. «Алтын алқа» иегері ретінде жәрдемақы аламын. Nur Otan партиясына рақмет. Қаншама жанға көмек қолын созып жатыр» деді ол.
Бұл Nur Otan партиясы тарапынан көмек алғандардың бірнешеуі ғана. Әлі де осындай көмекке мұқтаж қанша жандар бар. Сондықтан айналамыздағы жандардың ахуалына бейжай қарамай, мүмкіндігінше қол ұшын бергенге не жетсін!