Ұлы дала көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Солардың бірегейі – музыка саласында ұлттың қолтаңбасын қалдырған, әлемге әйгілі опера әншісі, Кеңес Одағының тұңғыш контртеноры, Қазақстанның халық артисі Ерік Құрманғалиев. Әлемді ғажайып дауысымен таңғалдырған талант иесінің 60 жылдығына орай өткен мәдени шарада оның музыка зерттеушілерін таңғалдырған бұлбұл таңдайынан әуелеген әндер шырқалды, тағылымды естеліктер айтылды. Әлем халқының қошеметіне ие болған Н.Дорлиак жұлдызын жаққан Ерік Құрманғалиевтің мәңгілік өмірі осылайша жалғасты.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық артисі Ерік Құрманғалиевтің 60 жылдығын туған жерінде атап өту шарасы Ерік тұрған үйге ескерткіш тақтаны ашудан бастау алды.
Салтанатты шараға қатысушылар Ерік Сәлімұлы туралы естеліктерін «қала орталығындағы көшенің маңдайшасына қағылған Еріктің жас бейнесі бар ескерткіш тақта ұлтымыздың бірегей ұлын ұмыттырмауға себеп болары сөзсіз» деп түйіндеді.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен ерек дауысты әнші Ерік Құрманғалиевті еске алу кешіне келген халықтың көптігіне риза болдық. Атыраулықтар мен облыс қонақтары Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Е.Құрманғалиевтің жеке мұрағаттарымен жасақтаған көрмені тамашалады. Аурасының өзі ерек болған мәдени шараға әншінің туған-туыстары, Ресей мен еліміздегі өнердегі достары, аймақ басшысы Н.Ноғаев, облыстың зиялы қауым өкілдері болды.
Тағылымды шараны Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының режиссері, белгілі әнші Ақмарал Машимова жүргізді.
Ерек талантты бірнеше ондаған жылдардан соң, сағыныш, өкініш, құштарлық атты сезіммен астастырып аңсаған кеште оның адами қабілеті мен қасиеті кеңінен айтылды.
«Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс – Ерік Құрманғалиев айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы Отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды» деп шараны бастаған Ақмарал Машимова операдағы ерек құбылыс иесі Е.Құрманғалиевтің балалық шағы, өнер соңына түсіп, шамшырағын жағудағы бұралаңы көп болған өмір жолын айтып жеткізді.
Бұдан соң ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты жазылған «Феномен» атты кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.
Сахнада сөз алған Маржан Ершу ерек дауысты таланттың өмірі туралы ізденудің бастамасын айтып, Бейбарыс баба мен Ерік Құрманғалиевтің өмірлерінен ұқсастық байқайтынын айтты «Бейбарыс баба елден жырақта жүріп жусанды сағынса, Ерік туған жеріндегі түйелерді сағынғанын айтады екен. Ақ бура бұлттардың шудасын ширатып, сағынышындай тарқатып, өзі ән-аңызға айналған Ерік Құрманғалиев ортамызға ән болып жетті» деген Маржан Аманқосқызы «Феномен» жинағын жүрегінен өткізіп жазғанын айтып, жұртшылық қошеметіне бөленді.
Еске алу кешінде Еріктің жеке тұлға болып қалыптасуына ұстазы, профессор Н.Дорлиактың көп еңбек сіңіргені айтылды. Н.Дорлиак Еріктің өнердегі ұстазы ғана емес, оған анасындай қамқорлық танытқан жан. Жерлесіміз Е.Құрманғалиев Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде «Феномен» деп танылып, атағы әлемге жайылады. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс ретінде Гиннесс кітабына енеді және оны аты аңызға айналған итальяндық әнші әйел Федора Барбьиеримен қатар қойып дәріптейді.
Еске алу кешіне келген ағайындары Ерік Құрманғалиев туралы мейірімге толы естеліктерімен бөлісті. Әншінің жиен апасы М.Жұрымбаева «Еріктің дауысындай дауыс біздің әулетте басқа ешкімге дарымаған. Ерік бала күннен музыкаға, опералық шығармаларға құштар болды. Анасы арияларды сүйіп тыңдайтын» деп сағыныш сезімімен әншінің ерек қасиеттерін айтып берді.
Әлемді таңғажайып дауысына таңырқатып қойған Е.Құрманғалиев орындаған шығармаларды оның өнердегі әріптестері орындады. Дәстүрлі ән мен төкпе күйге құлағы үйренген жергілікті халықтың Ерікке деген сағынышы мен құрметі астасып, зал толы халық қазақстандық және ресейлік әншілер шырқаған опералық әндерді ықыласпен тыңдап, әншілерге қошеметін аямады.
Шәкіртін құрметтеген Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шахимардан Абилов жас таланттарды әлемге танытуға мақсат қойған «Е.Құрманғалиев» атындағы қор атынан атыраулық талантты жас әнші Әділ Сұлтанға стипендия табыс етті.
Әлемге ұлтты танытқан опера әншісі Е.Құрманғалиевті еске алу кешінде аймақ басшысы Н.Ноғаев «Бүгінгі кешке уақыт тауып Ресейден арнайы келген Александр Котовщиков бастаған бір топ өнерпазға алғысымды білдіремін. Көрсеткен құрметтеріңіз өздеріңіздің дос, әріптестеріңіз Ерік Құрманғалиевке сыйластықтарыңыз деп білемін. Өзінің аз ғұмырында естеліктерімен, әндерімен әлемге танымал болған өнерпазымызды біз ұмытпаймыз» деп алғысын айтты.
Еліміздің бұлбұлы, Қазақстанның Халық артисі Бибігүл Төлегенова Ерік туралы естеліктерінде оны «Қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант» деп бағалап, әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға бататынын айтып отырады.
Сайып келгенде, ерек дауысты Ерік Сәлімұлының туған жерінде өткен тағылымды шара оның өмірі мен өнерін елге насихаттауға жол ашқандай. Енді Еріктің мәңгілік өмірі басталып, оның өміршең өнері жас ұрпаққа өнеге болып, тұлғалық бейнесі зорая түсетіні сөзсіз.
Атырау облысы