Жер нарығына ашықтық Украина экономикасына серпін бере ме?
Жер нарығына ашықтық Украина экономикасына серпін бере ме?

Украинада ауыл шаруашылығына лайықталған жерлерді сатуға қатысты мораторийді алып тастау және жер нарығын ашуға байланысты белсенді жұмыс жүруде. Негізінен елде жер нарығына қатысты мораторий 20 жылдан бері бар. Дегенмен шектеуді алып тастауға байланысты, яғни Жер кодексіне кешенді өзгерістер енгізу туралы заң жобасы 1 қазанда тіркелді. Бұған дейін 2017 жылы Жоғары Рада ауыл шаруашылығына лайықталған жерлерді сатуға қатысты мораторийді 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартқан еді. Енді 20 желтоқсанда Жоғары Рада аталған мораторийдің мерзімін ұзарту үшін тағы да дауыс беруі қажет. Алайда жерді сатуға қатысты түйінді шешімге келу оның қаншалықты әлеуетті екеніне тікелей байланысты.

Заң жобасына сәйкес жерді украин азаматтары, аумақтық қоғамдастықтар, Украинадағы заңды тұлғалар мен мем­ле­кет сатып ала алады. Шетелдіктер де Украинаның жерінен үлес алуы­на әбден болады, бірақ тек мұра­гер­лік жол арқы­лы. Әрі заң жо­ба­сы күшіне енгенге де­йін жер сатып алу бойынша жасасқан ке­­­­лісім­шарттар заңды күйінде қала бе­ре­­ді.

Алайда Украинадағы ма­жо­ри­­тарлық депутаттар заң жоба­сының екі тарма­ғы­на қарсылық танытты. Шетелдіктердің елден жер сатып алуы және 200 мың гектар жердің бір қожайынның қолында шоғырлануына мүмкін­дік беру – олар­дың пікірінше ойға қонбайды. Бұл депу­таттар шетелдіктерге жер сату тура­лы тармақты қайта қарап, ал 200 мың гектарды 20 мың гектарға қыс­қарт­пайын­­ша дауыс бермей­міз деп отыр.

Әрі мораторий алынып тас­тал­ғаннан кейін жердің ба­ғасы шарықтап кетпей ме д­еген сауал да туындады. Экономика бойын­ша сарапшылар жер 20 жыл жалға беріліп келгенін және сол на­рықтағы құнынан кем түспей­ті­нін алға тартады. Бүгінде жер иелері оның 1 гектарына жылына 140 доллар алады. Ал бұл соманы 20 жылға көбейтсе, 2 800 доллар шығады. Заң күшіне енгеннен кейінгі алғашқы жылдары сатып алын­ған жердің бағасы сарап­шы­лар болжа­мына сәйкес осы ауқымды құрамақ. Мамандар үш жылдан кейін бұл бағаның Поль­ша­дағыдай 10 мың долларға жетуі мүмкін екенін айтады.

Жерге қатысты мораторий әлем бойынша тек алты мемле­кет­те бар (Вене­суэла, Куба, Сол­түстік Корея, Тәжік­стан, Конго). Ал Украинада 20 жыл қатарынан заң­ды түрде орныққан мора­торий­ді алып тастап, жер нары­ғын ашу мемлекет үшін қандай пайда әке­ле­ді? Біріншіден, жер­дің ашық нары­ғының болуы Украи­наға орасан зор инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сарап­шылар бұл тұрғыдағы экономи­ка­лық өсім 3 пайызды құрауы мүмкін еке­нін болжай­ды. Бұдан өзге ашық на­рық жердің өзін не­сиеге алуға да жол ашады. Мәсе­лен, АҚШ-та жерді несие­ге алу 90 миллиард дол­ларды құ­рай­­­ды. Алайда нарық жағ­дайын жасап, оған еркіндік беру оның беталы­сын толығы­мен өзгертіп жі­береді деген­ді білдір­мейді. Мұн­да бас­тысы – инвес­ти­ция. Сон­дай-ақ кәсіп­­орынды астық­ты экс­порттауға ғана емес, ши­кі­затты өң­деу­ге және дайын өнім­ді сатуға қалай ынта­лан­­­дыру керек деген мәсе­ленің де есеп­ке алын­ғаны жөн. Яғни, түйткілдер де жоқ емес. Де­ген­мен жерді са­тып алып яки несиеге рәсім­де­ген­нен кейін мақсат­ты түрде жұ­мыс істеу: өнім шығару, ол үшін жұмыс орнын құру, жаңа тех­ноло­гия­­ларды меңгерген ма­ман­дарды тарту өн­­д­іріс сала­сын дамытып қана қоймай, эко­­но­ми­ка­лық өсімге де тың серпін бе­реді.

Сарапшылар бұл тұрғыда ішкі са­рап­­тама жүргізген. Нәти­же бойынша, еркін жер нарығын ен­гізу реформа іске қосылған бірін­ші жылдың өзінде ІЖӨ-нің 1-ден 4 пайызға дейін өсуіне ықпал етеді екен.

Енді украин үкіметі заң жоба­сына қажетті бар негізді жасақ­тап, жер нары­ғына қажет меха­низм­ді ескеріп, нақ­ты­лауда 2020 жылға дейін түйінді шешімге келуі тиіс.