Тұрақтылық кепілі – рухани келісім
Тұрақтылық кепілі – рухани келісім
195
оқылды

Ежелден руханияттың ор­да­сы атанған Түркістанда 18 қазан – Рухани келісім кү­­ніне орай мерекелік ша­ра өтті. Атап айтқанда, 6 қа­нат­ты киіз үйде облыстағы 6 діни конфессия басшылары жи­налды. Шарада ел бірлі­гі мен тыныштығы, жұрты­мыз­дың амандығы ең маңызды мәселе екені айтылды.

Түркістан қаласындағы «Пара­сат» саябағында бой көтерген киіз үйде облыстағы діни конфессия басшылары бас қосты.

Киіз үйдің уықтарын қадау­ға конфессия өкілдері де атсалыс­қа­нын айта кеткен жөн. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Сә­кен Қалқаманов ашып, жүргізіп отырды. Ол діни конфессия же­­тек­­шілерімен танысып, дін са­ла­сы бойынша пікір алмасты. Ел бірлігі мен дінаралық қа­рым-қа­ты­насты нығайту мәсе­ле­лерін талқылады.

Айта кету керек, ел бірлігін на­сихаттаған жүздесуді Түркістан облы­сының қоғамдық даму бас­қар­масы ұйымдастырды.

«Қазақ халқы әрдайым бей­біт­­шілікті, татулықты жоғары ба­ғалаған. Өзгелерден көмегін ая­маған. Адалдықты, мейірімді жо­ғары қойған. Осы игі қасиет қазір де ұлтымыздың бойынан өшкен жоқ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындар­лы саясатының арқасында бей­біт­шілік пен достықты нығай­ту­дың жарасымды үлгісі қаланды. Қазақстанда әлемдік діндер көш­­басшылары съездерінің тұ­рақ­ты өтуі – соның айғағы. Түр­­кістан об­лы­сында да түрлі кон­­фессия өкіл­дері тату-тәтті өмір сүріп ке­­леді. Кезінде Орта Азия­ның діни әрі рухани орталығы бол­ған Түркістан қаласы елді бір­лік­ке шақыратын миссиясын жал­ғас­тыра береді», – деді Сәкен Қалқаманов.

Кездесу барысында Қазақстан мұсылмандары діни бас­қарма­сының Түркістан об­лы­сы бойын­ша өкіл имамы Ақтамберді Мұса­бек, «Шымкент епар­хия­сы­ның Түркістан қала­сын­дағы Свято-Никольский приходы» жергілікті діни бірлестігінің же­тек­шісі Виталий Смольянов және   басқа да дін өкілдері сөз сөйледі.

Арнайы киіз үйде қазақтың ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрі насихатталып қана қоймай, өңір­дегі этнос өкілдерінің де дәмді тағамдары жұртшылыққа ұсынылды. Қабылдау соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғысхат мен сый­лық тапсырылды.

Еске сала кетейік, 1992 жыл­ғы 18 қазан күні Алматы қала­сын­да Бүкіләлемдік Рухани ке­лі­сім конгресінің 1-сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар 18 қа­зан­ды – Рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жа­қын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жа­рия­­лауға шақырған манифест қабыл­да­ды.

Содан бері жыл сайын біздің елімізде 18 қазан – «Рухани келісім күні» ретінде мемлекеттік деңгейде аталып келеді.

 

Түркістан облысы