Архив – ақтаңдақтар шежіресі
Архив – ақтаңдақтар шежіресі
196
оқылды

Алматыда «Қазіргі кезең­дегі архив ісі: мәселелер, тәжіри­­бе­лер, инновациялар» тақыры­бын­да II халықаралық ғы­­­лыми-практикалық кон­фе­­­­­рен­­ция өтті. Жиынды Пре­зи­дент архиві директоры Жәмилә Әб­діқадырова баян­дама жасап ашып, көпшілікке мұрағат жұ­мы­сын таныстырды.

Қазақстан Президентінің 1994 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізі қаланған болатын. Осылайша, биыл Президент архиві 25 жылдық мерейтойын атап өту­де. Мұнда Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырдағы саяси тарихының құжаттары сақталуда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша, архив қоры 810 мыңнан астам сақтау бірлігін құрап отыр.

Архив Қазақстан Президентінің, оның әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынысты бас­­қа да мемлекеттік органдардың қыз­мет­­­терін архивтік қамтамасыз ету жө­­ніндегі міндеттерін орындайды. Ел Президентіне тікелей бағынысты мем­лекеттік органдардың, сонымен қа­тар қоғамдық бірлестіктердің, Қа­зақстан халқы ассамблеясының құ­ры­лымына енетін ұлттық мәде­ни ор­та­лықтың құжаттарын жинақ­тайды.

Бұл – IT технологияларды қол­­дану саласындағы отандық же­тек­ші архив мекемелерінің бірі. Ар­хив­те 80 мыңға жуық істердің цифр­­лы форматқа өткізілген архив құ­­жаттары еліміздегі пайдалану қоры­­ның ең көлемдісі болып табы­­­латын бөліктен тұратын Элек­трон­ды ар­хив қызмет етеді. Қор жыл сайын цифр­лы фор­мат­қа көші­ріл­ген 25 мың сақтау бір­лігімен толық­ты­ры­лып отырады.

Осы уақыт аралығында архив­тің оқырман залында отандық жә­не шетелдік 7 мыңнан астам ға­­лым-зерттеушілер іздестіру жұ­мыстарымен айналысты. Аталған жылдар көлемінде 150-ден астам әдіс­­темелік құралдар, жадынамалар да­йындалды. Ведомстволық ар­хив және іс жүргізу қызметінің қыз­­­­­­меткерлеріне арналған 170 се­ми­­­нар-кеңес, іскерлік ойындар, ше­­­берлік сабақтары және кәсіби тре­­­ни­нгтердің басқа да түрлері өт­кі­­­зілді.

Мерейтойлық шара ая­сын­­да Президент архиві қыз­мет­­­­кер­лері көптеген ресми ор­ган­­­­дардан құттықтау алды. Пре­зи­дент кеңсесі­нің бастығы Нұр­лан Онжанов құт­тық­­тауында «Мұн­дай маңызды мерей­той өз кә­сі­біне адал берілгендік пен іске жауапкершілікпен қарауды ай­қын көр­сететін қызметкерлердің көп­те­ген ұрпағының адал, ізденім­паз еңбегін атап өтудің жарқын кө­рінісі. Сала мамандарына алға қо­йылған мақсаттар мен міндет­тер­ге қол жеткізуде табыстар тілей­мін» дей келе «Технологияның қарыш­тап дамуы және ақпараттың молаюы дәуірінде сіздердің уақыт талабына сай қадам жасап келе жатқандарыңыз қуантады. Жұ­мыс­тың қазіргі заманғы әдістерін кеңінен пайдаланып, архив мате­риалдарының қолжетімділігін ұл­ғай­тып, жаңа қызықты жобаларды жүзе­ге асырып жатсыздар» деп лебіз білдірген екен.

– Бүгін Президент мұрағатында өте керемет конференция өтіп жа­тыр. Конференция жоғары дең­гейде ұйымдастырылған. Мұрағатта 800 мың­нан астам құжат болса, олар ақы­­рындап ғылыми айналымға еніп, тарихты жаңа тұрпатта жазуға өз көмегін тигізіп жатыр. Біздің бі­луі­­мізше, соңғы жылдардың өзінде 40 мыңдай құжат құпиясызданды. Бұл тарихшыларымыздың тарихты нақты, шынайы жазуға өз көмегін тигізуде. Мысалы, біз ашаршылық деген сөзден қорқамыз. Украинада ашар­шылықтан қырылған 4 мил­лиондай адамның аты анықталып, ол қай жерде және қандай жағдайда қайтыс болғанын, оның айы, күніне дейін анықтап, әр облыстың қара кітаптарын шығарған. Әйтпесе, ашар­шылықта біз де Украинамен сан жағынан бірдей қырылдық. Осы бағытта Президент мұрағатының еңбегі зор. Мұрағат ашаршылықта қы­рылғандардың атын анықтап, со­лар­дың базасын дайындап жатыр, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры Зиябек Қабылдинов.

Айта кету керек, тарихи мұраны насихаттау мақсатында архив «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық маңызды іс-шара­ларды тұрақты түрде өткізіп ке­леді. Іс-шаралардың басым бөлі­гі отандық және шетелдік архив­тер­мен, мәдениет ұйымдары, оқу орындары және тағы басқа меке­­ме­лер­мен бірлескен түрде ұйым­дас­ты­­рылады.

«Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мә­­селелер, тәжірибелер, инно­ва­циялар» тақырыбындағы II ха­лықа­ралық ғылыми-практикалық кон­ференцияға Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Польша, Ресей және Өзбек­стан мемлекеттерінің архив ісін­дегі жетекші сарапшылар мен тәжі­рибелі мамандар қатысуда.

Конференцияда әлемдік ар­хив ғылымының жетістіктері жә­не экономика мен қоғамның же­­дел­детілген технологиялық жаңғыруы­ның тәжірибелерін, тиімді ақпа­рат­­тық іздеуді ұйымдастыру, ақ­­па­­раттық ресурстарды іріктеу, ска­нерлеу, каталогтау, архивтік мәліметтер базасына қолжетімділік және тағы да басқа өзекті мәселе­лер­ді қарастыру, сонымен қатар архив ісінің жағдайы мен даму келе­шегін талқылау ұсынылып отыр.