Осы аптада Испанияның жоғарғы соты 2017 жылы ел құрамындағы Каталония аймағының тәуелсіздігін жарияламақ болған 12 саясаткерді 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Мадрид бөлінгісі келген каталондықтарды осылайша жазалап отыр. Алайда өркениетті деген Еуропада егемендікке ұмтылған жалғыз Каталония емес.
Шотландия. Елден елдің бөлінуіне қатысты Еуропадағы соңғы ең ірі заңды процестің бірі – Шотландияның тәуелсіздік алуына орай референдум өткізуі. 2014 жылғы таңдау барысында шотландықтардың 55 пайызы Ұлыбритания құрамында қалуды құп көрса, 44 пайызы Англиядан азат болуды қалаған. Оның өзіндік себептері де бар. Шотландияның ел ретінде қазіргі саяси мүмкіндіктері аз емес. Өз үкіметі, парламенті, тіпті жеке валютасы да бар. Алайда Ұлыбритания 2016 жылы Еуроодақтан шығу туралы шешім қабылдағанда шотландықтардың басым бөлігі егемендік алуды қайта ойлай бастады. Себебі шотланд экономикасы үшін Еуропамен кедергісіз сауда жасау маңызды. Бұл бастаманы елдегі ұлтшыл күштер қостап отыр. Шотландияның ұлттық партиясы (SNP) тәуелсіздік мәселесі бойынша референдумды екінші рет өткізуді мәселе етіп қоя бастады.
Фландрия. Бельгия құрамындағы бұл провинция елдің өзге өңірлеріне ұқсамайды. Мәселен, Фландрия жұрты нидерланд тілінде, Валлония француз және неміс тілінде сөйлейді. Ал ел астанасы Брюссель көшелерін жаяу араласаңыз, тұрғындардың басым бөлігі французша тілдескенді жөн көреді. Бельгияда әр провинцияның өз парламенті, өз үкіметі бар. 2014 жылы Фландриядағы жергілікті сайлауда «жаңа фламандық альянс» ұлттық партиясы жеңіске жетті. Оның жетекшісі Барт де Вевердің пікірінше, Бельгияның мемлекет ретінде болашағы жоқ. Алайда жер көлемі бар-жоғы 30 мың шақырым болатын елдің (Солтүстік Қазақстан облысының аумағына 3 Бельгия сыйып кетеді) тарап кетуіне Еуропа елдері жол бере қоюы екіталай. Себебі Бельгияның бас қаласы Брюссельде Еуроодақ, НАТО және басқа да халықаралық ұйымдардың штаб-пәтерлері орналасқан. Мұндай стратегиялық маңызды қала елсіз қала қоймас.
Басктер елі. Испаниядағы сепаратистік түйткіл тек Каталониямен шектелмейді. Мадридтен азаттығын талап ететін келесі халық – басктер. Оларды Еуропа аборигендері деп те атайды. Франко диктатурасы орнағанда баск тіліне тыйым салынды. Ал 1961 және 2011 жылдары аралығында баск халқының тәуелсіздігі үшін күрескен ETA (Euskadi Ta Askatasuna — «Бастер елі және бостандық») сепаратистік тобы түрлі терактілерде 800 адамды ажал құштырды. Алайда баск халқы қанша ұмтылса да, Мадрид оларға тәуелсіздік алу үшін референдум өткізу құқығын берген жоқ. Есесіне, қазір өзгелерге қарағанда баск автономиясының құзыреті кеңдеу. Айталық, олардың орталық бюджетке беретін қаражаты мардымсыз. Түскен салықтың негізгі бөлігі автономия қазынасында қалады. Басктер енді азаттық алу орнына автономияның құқықтық шекарасын кеңейтуді көздеп отыр. Испанияда әр аймақтың салт-дәстүрін, ерекшелігін әспеттейтін өз футбол клубтары бар. Ресми Мадридтің символы – «Реал Мадрид», Каталонияның мақтанышы – «Барселона», ал басктер елінің атынан «Атлетик Бильбао» клубы ойнайды. Егер өзге клубтарда шетелдік футболшыларды сатып алу қалыпты жағдай болса, «Атлетикте» 1912 жылдан бастап тек баск елінде өскен азаматтар ғана доп тебеді.
Падания. Егер жоғарыда айтылған аймақтар тарихи, ұлттық факторлар бойынша іргесін бөлек салғысы келсе, Италияның солтүстік аймағы экономикалық себептер бойынша бөлініп, Падания деген ел құруды көздейді. Мәселен, солтүстіктегі Ломбардия, Пьемонт, Лигурия, Венето, Эмилия-Романья секілді өңірлерде өндіріс, банк секторы қарқынды дамыған және Италияның ІЖӨ-дегі үлесі мол (30%). Сондықтан осы өңірдің тұрғындары өз салықтарымен орталық және оңтүстік Италия халқын асырап отырмыз, орталық бюджетке көбірек қаражат жіберіп, азырақ аламыз деп налиды. Ал «етіктің төменгі жағы» экономикалық тұрғыда кенжелеп қалған провинциялар саналады. «Солтүстік лигасы» (Lega Nord) партиясы Паданияның бөлінуін алдына мақсат етіп қойған. 2017 жылы күзде символикалық түрде өткен референдумда Ломбардия (астанасы Милан) және Венето (астанасы Венеция) тұрғындары автономия құзыретінің кеңеюіне дауыс берген. Ресми Римнен еркіндік алғысы келетін келесі аймақ – Оңтүстік Тироль. Олар өзге аймақтардың қарызын төлеу үшін өз бюджетінен қаражат бөлгісі келмейді. Сондықтан бұл автономияда «Римнен азаттық» деген ұран жиі естіледі.
Корсика. Франция заңдары бойынша тұрғындардың барлығы француз болып есептеледі. Бірақ заңға бағынғысы келмейтіндердің бірі – Корсика аралының тұрғындары. Олар өздерін Францияның бір бөлігі санамайды. Әрине, бәрі емес. Бірақ аралдың азаттығын армандайтындар Корсиканы материктегі Франциядан бөлгенді жөн көреді. Сондай топтың бірі – «Корсиканы ұлттық азат ету майданы» ұйымы. Бұл сепаратистік ұйым мақсатына жету үшін талай қылмысқа барған. Тек 2014 жылы ғана қарулы қақтығыстан бас тартатынын мәлімдеді. Корсикандықтардың қасарысып, еркіндігі үшін жан аямай күресуінің себебі де жоқ емес. Француз билігі кезінде корсика тілін қоғамдық қолданыстан, мектептерден ығыстыруға тырысты. Бүгінде қос тарап Корсикаға басқарудың ерекше мәртебесін беруге келіскен. Қазіргі жағдай осы келісіммен шектеліп тұр.
Сөз соңында. Жоғарыда көтерілген мәселе қашан да екіұдай болған. Бір жағынан, белгілі бір территориядағы халықтың азаттық алып, жеке-дара өз мемлекетін құратын құқығы бар. Екінші жағынан, бұл қарсы тарап үшін бүлік, сепаратизм, елдің бүтіндігін бұзу. Тарихқа көз салсақ, сан ел аталған күрделі мәселені қолға қару алып шешуге мәжбүр болған. Жеңіс қай тарапта болса, соның ұстанымы заңға айналған. Алайда азаттыққа ұмтылған халықтар көп жағдайда ашық қарсылықтан тайсақтап, партизан күресіне көшкен. Бұл жолдың жеміс бермейтінін жоғарыдағы нақты мысалдар көрсетті. Бұған дейін халықтар тарихи себептермен егемендікке ұмтылса, соңғы он жылдықта экономикалық фактор алға шықты. Бавария жері, Калифорния, Техас штаттары, Италия провинциялары секілді әлемнің әр тарапындағы аймақтар өзгелерге салығын жырып бергісі келмей, орталықтан автономия, тәуелсіздік талап ете бастады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА