Мемлекеттік қызметшілердің «көмекшілері» алаяқтықпен айналысқан
Мемлекеттік қызметшілердің «көмекшілері» алаяқтықпен айналысқан
Жамбыл  облысында әкесі мен баласы бірлесіп  10 кәсіпорынды алдаған.  Алаяқтар аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету түрінде «Ұрпақ»  қоғамдық қорының атын жамылып,  түрлі өндіріс орындарының  басшыларынан алдап ақша алып отырған. Полиция департаменті анықтағандай   айлакер туыстар тіпті  жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдардың көмекшілері  ретінде өздерін таныстырып,  солардың атынан келіп отырғандарын алға тартып, алаяқтық ойларын жүзеге асырған. Тергеу нәтижесінде олардың бұған дейін де  сотты болғандары белгілі болды. Тағы бір дерек Тараз қаласының 40 жасар тұрғыны 90 миллион теңгені алаяқтық жолмен қолды қылған. Мұнда да әйел өзін жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын адамдармен байланысы бар екендігін айтып,  кез-келген  мәселені ақылы түрде шешуге уәде берген. «Көкесі керемет жерде отыр» деп ойлағандар оған ойланбай ақшасын бере берген. Осындай бір азаматты алаяқ 2 жыл бойы алдаған. Нәтижесінде одан 41 миллион теңге алып үлгерген. Күдікті өз кінәсін мойындамағанымен бұлтартпас дәлелдердің арқасында іс сотқа жолданып отыр.  Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін әйелдің мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейін  бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы