Атаулы көмек қаражаты өңірлерге 100% аударылды – Birgemiz
Атаулы көмек қаражаты өңірлерге 100% аударылды – Birgemiz
156
оқылды
Nur Otan партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазірдің өзінде елдің әлеуметтік осал топтарына бір реттік көмек көрсету үшін Birgemiz қорынан 5 миллиардтан астам теңге еліміздің аймақтарына жіберілді.

Қор басшылығы аптаның аяғына дейін барлық қаражатты бөлу туралы нақты міндет қойды. Партияның жіті бақылауымен әкімдіктер қаражатты алушылардың тізімдерін жасап үлгерді. Төлемдер мұқтаж жандардың банктік карталарына автоматты түрде түседі, операция нәтижесі бойынша банк соманың есептелгендігі туралы SMS хабарлама жібереді.

Материалдық көмек мына 7 санаттағы азаматтарды қамтиды: аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, ең төменгі зейнетақы алатындар және халықтың әлеуметтік осал топтарының тізіміне енетіндер, жетім балалар (жетім балалар және асыраушысының бірін жоғалтқан балалар), Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген мүгедектер, сондай-ақ тыл еңбеккерлері. Естеріңізге сала кетейік, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл ел бойынша тағы 100 мың мұқтажға 50 мың теңге көлемінде қосымша төлемдер ұйымдастыруды тапсырған болатын. Бұған дейін 550 мыңнан астам мұқтаж адам қордан 50 мың теңге алып үлгерген. Пандемиямен күресте алдыңғы қатарда тұрған Алматы мен елорданың 2112 медицина қызметкеріне бір реттік төлемдер төленді. Пандемия басталған кезде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 100 мың әлсіз отбасыға 5 миллион маска таратылды. Сондай-ақ, қор есебінен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында 20 үйдің құрылысы аяқталды. 12 үйдің құрылысы әлі жалғасуда.