Аутстаффингке арналған заң құпталды
Аутстаффингке арналған заң құпталды
291
оқылды
Құжатты депутаттар агенттіктерден жалға алынатын персоналдың құқығының бұзылуына жол бермеу, болған бұзушылықтарды жою, қарыздық еңбекке қатысты заңнамалық тұғыр түзу үшін әзірлепті.
– Әсіресе, қазіргі күрделі экономикалық жағдайда еңбек мәселелерін заң жүзінде реттеудің маңыздылығы айтарлықтай арта түсуде. Оның үстіне еңбекпен қамту­дың жаңа түрі саналатын қарыздық еңбек секілді мәселесі көп сала үшін бұл аса қажет. Бұл ретте, осы заң жобасы азаматтарымыздың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауды елеулі түрде күшейтеді. Бұл қа­тарға еңбекақы, қауіпсіздік, еңбекті қорғау мәселелері жатады. Оларға қатысты түйткілдерді кешенді шешуге, тұтастай алғанда нарықты жетілдіруге ел басшылығы әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Әрине, аутстаффинг саласы дамыған елдерде бұрын­нан реттелген, заңды жолға қойылған. Сондықтан депу­таттар халықаралық тәжірибені мұқият зерделепті. Нәтижесінде, оның озық тұстары, қазіргі көкейкесті проблемаларды шешудің тетіктері табылып, қазақ­стандық құқық пен тәжірибеге бейімделген.
– Көптеген базалық ережелерге қатысты өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып отыр, олар қарыздық еңбек қызметінің барлық бағытын қамтиды. Атап айтқанда, оған қатысушы тараптардың міндеттері мен құқықтары, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, оқиға бола қалса, оны есепке алу және тергеу, қарыздық еңбекке тартылатын жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін жаза-санкция қолдану көзделген, – деді Нұрлан Нығматулин.
Жалпы, қарыздық еңбектің әлемде 3 негізгі формасы бар, бұлар – аутсорсинг, аутстаффинг және іссапарға жіберу. Соңғысы елімізде реттелген. Алғашқы екеуін жұмыс берушілер өз шығынын үнемдеу және аз еңбекақы төлеу үшін пайдаланады. Заң жобасына сәйкес, қарыздық еңбекпен айналы­сатын жұмыскердің негізгі жалақысының көлемі ұқсас лауазымдағы, бірақ штаттағы жұмыскердің негізгі жа­лақысынан төмен болмауы тиіс. Бұдан бөлек, Еңбек кодексінде қабылдаушы және жіберуші тараптардың жұмыскерге қатысты құқықтары мен міндеттері ескерілген. Сондай-ақ қарыздық жұмыс­кер еңбек қызметі уақытында жазатайым оқиғаға тап болса, оны тергеп-тексеру тәртібін, сондай-ақ персо­налды беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібін реттейтін нормалар қа­растырылған. Осы отырыста депутаттар Еуразиялық патент кон­венциясына өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын мақұлдады. Хаттаманың мақсаты – өнертабысқа арналған еура­зиялық патенттерді тіркеудің қолданыстағы жүйесіне ұқсас өнеркәсіптік үлгілерге қатысты құқықтарды алудың өңірлік жүйесін құру. Осы жүйені түзу рес­публикадан тыс жерлерде өнеркәсіптік үлгілерге қорғау-патент алу рәсімдерін жеңілдетуге және Еуразиялық патент ұйымының еуразиялық патент ведомствосына бір ғана өтінім беру жолымен әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.  

Айхан ШӘРІП