«Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аймақтарда талқыланды

«Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы аймақтарда талқыланды

Арқалықта тұрғын­дармен бірге «Nur Otan»-ның қалалық сайлауалды бағдарла­масының жобасын талқылады. Партия Лидері Н.Назарбаевтың тапсыр­масымен әрбір елді мекеннің ерек­шелігі мен мәселелерін ес­кере отырып, «Nur Otan» тұңғыш рет әр өңір, қала мен аудан бо­йынша 216 сайлауалды бағдар­ла­маның жобаларын әзірлегені белгілі. Осы орайда Бауыржан Байбек «Елбасы атап өткендей, «Nur Otan» – нақты істердің пар­тиясы, біздің сай­лауалды уәде­леріміздің барлығы тыңғылықты есептелуі тиіс. Сондықтан 5 жыл­­дық бағ­дар­ламаларда көр­некі инди­ка­торлар көрсетілді, бюд­жеттің мүм­­кін­дігімен сәй­кес­тендірілген нақты басым­дықтар реті көз­делді. Ел Прези­денті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымда­масы іске асырыла отырып, пар­тияның барлық сай­лауалды бағдарламалары азамат­тардың талап-тілектері ескеріліп, пы­сықталады», – деп атап өтті. Арқалық қала­сында партия­іші­лік праймериз барысында 117 нақты ұсыныс түскен. Тұр­ғындарды аула алаң­да­рын абаттандыру мен көше­лерді жарықтандыру, білім мен ден­саулық сақтау нысандарын, жол­дар мен инженерлік желілерді жөндеу секілді мәселелер толған­дыратын көрінеді. «Партия филиалы басшылы­ғының мәліметінше, осы мәсе­лелердің барлығы бағдарла­ма­лар­ды пысықтау кезінде ес­керілген. Сонымен бірге бағдар­ламаның бірқатар бағыттары қосымша пысықтауды қажет етеді деп са­наймын», – дейді партия Төраға­сының Бірінші орынба­сары. Қазіргі таңда елдегі өзекті мәселенің бірі – 13 елді мекенде ұялы байланыспен қам­тамасыз ету және интернеттің жылдамды­ғын арттыру. Бұдан басқа, қала тұрғындары бала­лар­дың ойын алаңдары сапасы­ның нашарлы­ғына шағым айтып, ескі автобус­тар­ды ауыстыру мәсе­лесі  өзекті болып тұр. «Торғай боксит кен басқарма­сының жабылуы жоспарлануына байланысты 500-дей адамды жұмыспен қамту қажет. Сай­лауал­ды бағдарлама аясында бұл мәселе партиялық бақылауға алы­нады. Бұл ретте, босатылатын адамдардың бір бөлігі қазіргі кез­де басқа кәсіпорындарға жұ­мыс­қа орналасты. Солардың бірі – «Торғай Ет» ет өңдеу ке­шені. Облыс әкімі Архимед Мұхам­бетов­пен бірге қалада 120-дай жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кін­дік берген өндіріс алаңын ара­­­ладым» деді партия Төра­­ға­сының Бірінші орын­басары. Сапар барысында Бауыржан Байбек қаланың жылу жүйесін жаңарту барысымен де танысты. Алдағы уақытта Арқалық ЖЭЦ-і мазут орнына көмір қолданады. Соның арқасында 2 миллиардқа дейін бюджет қаражаты үнем­деліп, оны қаланың басқа қажет­тіліктеріне жұмсауға мүмкіндік туады. Жобаны 2021 жылы аяқ­тау міндеті «Nur Otan» пар­тия­сының сайлауалды бағдар­ла­масына енгізілген. Сонымен қатар партия Төра­ғасының Бірінші орынбасары Арқалық аймақтық ауруха­насының ұжымымен кездесті. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев таяуда сөйлеген сөзінде пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі ауырт­палықтың тағы да дәрігерлерге түсетінін атап өткен болатын. Оның тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төле­м­а­қыға 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары биыл медицина қыз­меткерлерінің әлеуметтік мәр­тебесін көтеру мен қорғауға ба­ғытталған жаңа «Денсаулық туралы» кодексті қабылда­ды», – деді Б.Байбек. Сондай-ақ ол медицина қыз­мет­керлерімен бірге партияның сайлауалды бағдарламасын талқылады. Онда денсаулық сақ­тау нысандарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақ­сарту және халыққа медицина­лық қызмет көрсету сапасын арт­тыру бойынша нақты инди­каторлар қамтылған. Бауыржан Байбек сапар аясында қоғам белсенділерімен және праймериз қатысушыла­рымен кездесіп, «Nur Otan» пар­тиясының таяудағы 5 жылға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының жобасын талқылады. «Елбасы – партия Лидері Н.Назарбаевтың тапсырмасымен партияішілік сайлау өткізу ке­зінде еліміз бойынша азамат­тардан 20 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Олардың мыңнан ас­тамы Қостанай облысының тұр­ғындарынан түскенін» жеткізді. Тұрғындар негізінен ауыл ішін­дегі жолдардың сапасы, сумен және газбен қамту, тұрғын үй мен білім беру нысандарын салу, ауылдық мектептерде компьютер техни­каларын жаңарту мәсе­лелерін жиі көтереді. «Тұр­ғындардың ауыл­дағы интернет­тің жылдамдығына да көңілдері толмай отыр. Кө­теріліп отырған мәселелердің өзектілігін ескеріп, оларды об­лыс­тық сайлауалды бағдарламаға міндетті түрде қосу қажеттігі жайында пікірімді айттым» деп жазады. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары  жазбасында өңір халқының үштен бірі ауылдық жерде тұратынын, партияның Қостанай облысы бойынша сайлауалды бағдар­ламасы ауыл шаруашылығын айтарлықтай қолдау шараларын көздейтінін айтып отыр. «Атап айтқанда, таяу­дағы 5 жылда облыста егіс ал­қаптарының құрылымын әр­тарап­тандыруды қамтамасыз ету, жаңа суармалы жерлерді ай­налымға енгізу, техниканы жаңарту, сондай-ақ өңдеуші ауылшаруашылық кәсіпорын­дарын іске қосу және жаңғырту жоспарлануда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ел халқына Жолдауын­да дамы­ған ауыл шаруашылығын­сыз бәсе­кеге қабілетті эконо­мика құру мүмкін емесін атап өтті. Осыған байланысты өңірді табиғи сүтпен және жоғары са­палы ашытқан сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Олжа Садчиковское» ауыл шаруашы­лығы кәсіпор­нының қызметімен таныстым. Бұл кәсіпорын – 320 адамды тұ­рақты жұмыс орнымен қамта­масыз етіп отырған өңір­дегі да­мыған жоғары техноло­гиялы өндірушілердің бірі» деп атап өтті  Бауыржан Байбек. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпорын қызмет­керлерімен сұхбаттасып, олар­дың бірқатар өтінішін бақылауға алды. Мысалы, Садчиковка ауы­­лының тұрғыны Тамара Кисилева осы елді мекендегі жал­­пы ұзын­дығы 6 шақырым бола­­тын екі орталық көшеге жөн­­деу жүргізуді өтінді. Бұл көше­­лердің бойында 1 350-дей тұрғын бар. Сондай-ақ  Бауыржан Байбек Қостанай қаласындағы жаңа модульді инфекциялық ауру­ханамен та­нысты. Өңірдің медицина қыз­меткерлерімен бірге денсаулық сақтау ұйым­дарының корона­вирус пан­демиясының туындауы мүмкін екінші толқынына да­йындығы жайын талқылады. «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өңірлерге сапары Ақтау қала­сында жал­ғасты. Ол мұнда алдымен об­лыстық онкологиялық орта­лық­тың жаңа ғимаратын арала­ды. Құрылысы 2008 жылдан бері созылып келе жатқан бұл орта­лық партия Төрағасы Бірінші орынбасарының былтыр шілде айындағы сапарынан соң пар­тия­лық бақылауға алынған бо­латын. «Заманауи диагностикалық кешеннің пайдалануға берілуі қатерлі ісік ауруларын бастапқы сатысында анықтау мен емдеудің тиімділігін арттырады. Жергілік­ті биліктің мәліметінше, қажетті жабдықтарды жеткізу таяу уа­қытта аяқталады. Орталық ұжы­мы­мен кездесіп, жауапты жұ­мыс­тарына табыс тіледім» деді Бауыржан Байбек. Бұдан соң партия Төраға­сының Бірінші орынбасары өңір­дегі партияішілік прай­ме­ризге қатысушылармен, сон­дай-ақ жұртшылықпен және үкі­меттік емес ұйым өкілде­рімен кез­десті. Басқосуда пар­тияның облыстық сайлауалды бағдар­ламасын талқылады, онымен primaries.kz сайтынан толығырақ танысуға болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ая­сында бұл құжатқа тұр­ғын­дар­дың ұсыныстары енгізі­­леді. Мәселен, Маңғыстау об­лысы бойынша 770-тей ұсыныс жиналып, олар­дың 411-і бағ­дар­лама жобасына кіргізілді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ел халқына Жол­дауында айтылған ауыл шаруа­шылығына озық технология­ларды ендіру жөніндегі тапсыр­масын ескеріп, «ҚазАзот» кә­сіпорнына бардым. Бұл – қа­зақстандық ауыл шаруа­шылы­ғы­мен айналысушылар ми­нерал­ды тыңайтқыш ретінде кеңінен пайдаланатын аммиак пен аммиак селитрасын өндіре­тін еліміздегі жалғыз кә­сіпорын. Ақтаудың өнеркәсіптік әлеуе­тін арттыру және жаңа жұ­мыс орындарын ашу үшін за­уытты жобалық қуаттылығын жы­лына 400 мың тонна мин­ерал­ды тыңайтқыш өндіруге дейін ұлғайта отырып модер­низация­лау жоспарлануда» деп жазады. Бауыржан Байбек Елбасы бас­тамашылық еткен республика­лық BizBirgemiz акциясына қатысқандары үшін кә­сіпорын ұжымына алғысын білдірді.  «Пандемия кезінде «Қаз­Азот» қызметкерлері об­лыстағы ауру­ханалар мен ста­ционарларға кислород баллон­дарын өтеусіз толтырып беруді қамтамасыз еткен болатын. Сондай-ақ Елбасы – партия Лидері Н.Назарбаевтың 5-кезең аясында Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы 6 мыңнан астам мұқтаж отбасыға қаржылық қол­дау көрсету жөніндегі тапсыр­масының орындалу барысын тек­сердім. Осы төлемдерді қос­қанда жыл ішінде Маңғыстау облысында 28 мыңнан астам от­басы 50 мың теңгеден алды, бұ­лардың қатарында қарт адам­дар, ерекше қажеттілігі бар аза­маттар және басқалары бар», – деді Б.Байбек.  

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙ