Президент – Абай жерінде
Президент – Абай жерінде
194
оқылды
Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашты. Аталған композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойына орай ашылып отыр. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Тұрағұлмен бірге бейнеленген. Композиция идеясы портреттік ұқсастықты ғана көздемеген. Ескерткіш авторы ақын ұлдарының әкесіне деген ерек­ше махаббаты мен шексіз мақ­таныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен. Мемлекет басшысы жұрт­шы­лықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құт­тықтап, «хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік пары­зымыз» екенін атап өтті.
– Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бой­лаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмы­сы­мыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында ай­рықша із қалдырды. Оның еңбек­тері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғи­братты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұр­тының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент дамуды тежейтін бес дұшпаннан арылып, елдік мүдде жолында еңбек етсек қана қо­ғамдық сананы жаңғыртаты­ны­мызды айта келіп, Абай аманатына адал болуымыз керек деді.
– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани ке­мелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты пер­зенттері Ақылбай мен Тұрағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен ба­ланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы, тә­лім-тәрбие ұлт сапасын қалыптас­тыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.
Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемле­кеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты. Ескерткіштің ашылу салта­натынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Мұражай 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ашылған. Бұл Қазақстан та­рихында тұңғыш әдеби-ме­мориалды мұражай саналады. Tokaev1 Семейге жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы көлемі 203 гектар болатын Қарағайлы ықшамауданында са­лынып жатқан құрылыс жұмыс­тарының қарқынымен танысты. Ықшамаудандағы тұрғын үй қоры – 787,7 мың шаршы метр. Физика-математика пәндерін тереңдетіп оқитын 720 оқушыға арналған Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталған. Жанында 120 орындық жатақ­ханасы бар. Сонымен қатар мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша салынған. Жуырда Қарағайлы ықшамауданында 1 405 пәтерлік 20 тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ Қарағайлыда 3 мектеп, 6 балабақша, мұз модулі және оңалту орталығы салынады. Мем­лекет басшысының тұрғын үй құрылысын дамытуға қатысты тапсырмасы өз нәтижесін беруде. Соңғы екі жылда 200-ден астам мұқтаж отбасыға Қарағайлы ық­шамауданынан пәтер берілген. Көпбалалы аналармен кездескен Президент мемлекет әлеуметтік қолдауды жалғастыра беретінін айтты.
– Үкімет көпбалалы аналарға, мұқтаж отбасыларға ұдайы көмек беріп келеді. Әртүрлі жеңілдік қа­растырып отыр. Ең бастысы, өз­деріңіздей көпбалалы аналардың еңбекке деген ерекше талпынысы қуантады. Бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтып отырған игі істеріңіз өзгелерге үлгі болуы керек. Сондықтан сіздерді әрдайым қолдай береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көпбалалы аналар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде көрсетіліп жатқан қолдауға, кәмелеттік жасқа толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға берілетін әлеуметтік жәрдемақы сомасының ұлғаюына, Семейді дамытудың кешенді жоспарының қабылдануына қатысты алғысын айтты. Сонымен қатар отбасылық бизнесті дамытуға берілетін грант­тар тізімін кеңейту, грант со­ма­сын ұлғайту жөніндегі ұсыныс­та­рын жеткізді. Мемлекет басшысы мәдени-спорт кешеніндегі көрмені тама­шалады. Президентке Абайдың сирек кездесетін кітаптары, «Абай әлемі» сериясы бойынша шыққан кітаптар мен филология ғылым­дарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахмет­ұ­лының ақын шығармашылығына арналған көптомдығы ұсынылды. Сондай-ақ көрмеге Шығыс Қазақстан өнер мұражайы мен Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорындағы 18 сурет қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы дала алтыны» археологиялық көрмесін аралап көргеннен кейін абай­танушы ғалымдармен кездесті. Президент ұлт зиялыларымен қасиетті топырақта, тарихи маңызы зор Семейдің төрінде жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік пандемияға тап келсе де, ұлы баба рухы алдындағы перзенттік парызымызды адал атқаруға күш салғанымызды атап өтті. Сонымен қатар бұл ме­рейтойдан той тойлауды емес, тағылым алуды мақсат еткенімізді айтты.
– Биылдан бастап 10-тамыз «Абай күні» деп бекітіліп, ме­рекелер қатарына қосылды. Ақын­ның еңбектері он тілге аударылып, әлемнің беделді кітапханаларына жіберілді. Шетелдегі елшілік­те­ріміздің жанынан Абай орталық­тары ашылды. Бірақ бұл тек ал­ғашқы қадам ғана, келешекте мүм­кіндікке қарай Абай инсти­туттарын ашамыз деп ойлаймын. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай академиясы құрылды. Бұдан былай академия ақын шығармашылығын жүйелі зерттеумен айналысады. «Абай» телеарнасы өз жұмысын бастады. Жоғары оқу орындарында «Абайтану» курсын оқыту қолға алынды. Қазақ қоғамында өзіндік орны бар Семей қаласы «тарихи орталық» ретінде белгіленді. Осындай игі шаралар ұлы ой­шылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Бүкіл түркі әлемінде Абай философиясын дәріптеу ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткіздік, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласындағы «Ұлы ақын елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды» деген сөзіне тоқталды. Сондықтан әдебиетіміздің әлемге танымал алыбын бүкіл халық болып ұлықтау мемлекетіміздің мерейін арттыратынын айтты. Ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу – баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, ас­тарына үңіліп, парасат-пайы­мына бойлай білу қажеттігін жеткізді. Tokaev2 Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ұлттың жаңа бол­мысын қалыптастыру туралы айтқанын, мұның стратегиялық маңызы бар міндет, кезек күт­тірмейтін мәселе екенін айта келе, ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ деді.
– Осынау жолда ақын мұрасын зерделеу арқылы әрекет етсек, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Ұлы ой­шылдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиеті – соның айқын дәлелі. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толық­қанды қоғамы. «Толық адам» де­геніміз – бұл сол замандағы ин­новациялық философия үрдісі. Турасын айтсақ, Абай өз заманынан озып шықты деген сөз. Себебі орыс тілінде «Цельная натура», не бол­маса ағылшын тілінде «A person of integrity» деген түсініктер әлде­қайда кеш пайда болды. Біз ақын мұрасына және зиялылардың әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек. Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін ағартушылық ұстаным болуға тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар ат­қарылғанын, бұл үрдіс Абай жы­лынан кейін де жалғаса бере­тінін атап өтті. Сондай-ақ ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұрт­шылығына кең ауқымда таныту жобасы бойын­­­­­­ша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қы­­тай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Прези­­­дент аударма­лардың көр­­­кемдік сапасы өте жоғары деп са­найтынын жеткізді.
– Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырманға Абай шығар­машылығымен, терең филосо­фия­­­­­сымен және теңдессіз лирика­сымен танысуға мүмкіндік бере­ді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев зиялы қауым өкіл­дерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашан­да ұлт­тық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты. Гуманитарлық саланы дамытуды қолға алғанымыз жөн деп есептейтінін жеткізіп, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайын­­дауға баса мән беруіміз қажет екеніне тоқталды.
– Біз ана тіліміз бен төл әде­биетіміздің қадір-қасиетін бала­ларға мектеп жасынан бастап сіңі­руіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай, Алма­­тыдағы  Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкін­діктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектеп­терге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасы­­на айналдыру қажет. Жалпы, біз келешекте Абай мек­тептерін ашу туралы ойла­нуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде Мекемтас Мырзах­метұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғари­фолла Есім, Борис Щербаков се­кілді ғалымдар мен абайта­ну­­шылар, «Абай оқулары» кон­кур­­сының жеңімпазы, Риддер қала­сындағы №16 орта мектептің оқу­­­­­­­­шысы Ва­­ва­­­ра Владимирцева сөз сөйледі. Кездесу соңында Қасым-Жо­март Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылым­ның дамуына өлшеусіз үлес қос­қан бір­қатар азаматты мемле­кеттік наг­радалармен марапат­тады. Сондай-ақ   Мемлекет   басшысы Жидебайға арнайы келіп, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде ат­­­­қарылған жұмыстармен та­нысты. Ұлы ақынның 175 жылдық мерей­тойы аясында мемориалдық кешен мен Абайдың мұражай-үйі жөн­деуден өтіп, заманауи талап­тарға сай қайта жаңғыр­тылған. Кіре­берісінен басталатын жаяу жүргін­шілердің жолынан бастап кешеннің үстіне шығаратын жолға дейін гранит тас төселген. 200-ге жуық шырша түбі егіліп, амфи­театрдың төбесі күмбезделген және кіреберіс алаңға үлкен кон­струкциялық жо­ба­лар жасал­ған. Қазақстан Пре­­­зиденті атқа­рылған жұмыстарға оң бағасын беріп, мемориалдық кешен мен мұражай-үйіне естелікке кітап­­­тар сыйлады. Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жаңғыртудан өткен «Сапар орта­лығын» аралап көріп, зиярат­шыларға қызмет көрсету орнының жұмысын жоғары баға берді.  

Ж. НҰРЛАН