Қашықтан жұмыс – ірі игілік
Атақты файл хостингі Dropbox өз қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге түпкілікті көшірді. Ол барлық кеңсесін тек кездесулер мен кеңес-жиналыстар өтетін орын ретінде қайта жабдықтап жатыр. Dropbox мұндай қадамға ұжымда сұрау салу нәтижесінде барыпты: зерттеу қорытындысында 2,8 мыңнан астам қызметкерінің 90%-ы үйінде анағұрлым өнімді еңбек ететін болып шықты.«Бүгіннен бастап Dropbox әлемдегі Virtual First компаниялар қатарына қосылды. Кеңседен тыс жұмыс – барлық қызметкеріміз үшін бұдан былай негізгі, күнделікті қалып!» – деп мәлімдеді компания. Ол наурыз айында ұжымды «қашықтан» жұмыс істеу форматына уақытша ауыстырған-тын. Енді бұл тұрақтыға айналды. Компания Сан-Франциско, Сиэтл, Дублин, Остин, Техастағы кеңселері мен ғимараттарын бөлшектеуде: бір бөлігі сатылады, жалға беріледі, қалғанында Dropbox Studios аталатын икемді коуоркинг кеңістіктер құрылады. Онда бірінші кезекте ұжыммен кездесіп, бірлікті нығайтатын тимбилдинг шаралары, кеңестер, семинарлар өтеді. Жеке жұмысқа арналған кеңселердің жойылуымен бірге компания қызметкерлеріне өзге қалаларға кетуге рұқсат етті.Twitter де қызметкерлеріне, егер қаласа, ары қарай кеңсеге келмеуіне мүмкіндік берді. Жұмыс орнына келу кеңседе болуын жұмыстың өзі қажет ететін кәсіп иелері үшін ғана міндетті. Бұл үдеріс әлемде жұмыс форматы мүлдем өзгеріп жатқанын паш етеді. Мамандар үйде қалса жолға, көлік кептелістеріне өмірінің «жартысын» жоғалтпайтынына, жеке көлігіне, қоғамдық көлікке, кеңсе киіміне кететін шығынды үнемдейтініне көз жеткізді. Оның үстіне, буллингке, көре алмаушылыққа, аяқтан шалуға, сыпсың өсекке, арам бәсекелестікке құрылған ұжымдағы қарым-қатынасқа жүйкесін жұқартпайды. Үйіндегі жұмыс орнын көңілі қалаған сипатта безендіріп, жабдықтап, жұмыс кестесін өзіне икемді етіп құра алады. Бүкіл команданы бір жерде топтастыруға жол ашатын Америкада аса танымал корпоративтік мессенджер Slack бас директоры Стюарт Баттерфилд өзін құрметтейтін үздік мамандар енді аптасына 40 сағат қақиып отыру үшін кеңсеге оралмайтынын айтады.
«Пандемия кезінде қашықтан жұмыстың игіліктерін көрген, артықшылықтарын сезінген мамандар постпандемия заманында кеңселерге кері оралмайды. Сондықтан компанияларға икемділік танытып, қызметті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуге тура келеді. Әйтпесе, олар білікті қызметкерлер мен таланттар үшін күресте жеңіліп қалады», – деді С.Баттерфилд. Slack-тың офистері 11 елде орналасқан. Ең ірісі – Сан-Францискода: 230 мың шаршы футты алып жатыр. Локдаун кезеңінде ол да бос қалды. Бұл компания да кеңсенің рөлін қайта қарады. Оның штаб-пәтері әрі қарай тек кездесу орны, жаңа кандидаттармен әңгімелесу өтетін жер болады.
Әп-әдемі ән еді...
Көрші Ресейде компаниялардың 37%-ы қызметкерлерін қайтадан қашықтан жұмыс істеуге жібермейтінін мәлімдеген. 16%-ы оқшаулану режимі аяқталса да, қызметкерлерін офиске қайтармаған. Қалғаны бір бөлігін ғана оралтты. Бұл ретте, сұрау салынған ресейлік жұмыскерлердің 83%-ы «қай жерде жұмыс істеу қолайлы?» деген сауалға бірден «үйде!» деп жауап беріпті.Әлеуметтану саласы кенже қалған, әлеуметтанушылары мемтапсырысқа масыл болған Қазақстанда әлі күнге осы мәселеде ауқымды, тәуелсіз әлеуметтік зерттеу жүргізілген жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) сарапшылары Google деректеріне сүйене отырып, қазақстандықтардың жұмыс орнына баруы небәрі 25%-ға азайғанын анықтады. Басқаша айтқанда, зерттеумен қамтылған 2020 жылдың 28 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында азаматтардың 74-75%-ы жұмыс орнында отырғаны айқындалды. Бұл, әрине бас санитардың әр ұжымның 80 пайызын қашықтан істеуге көшіру туралы талабына қайшы. Осы талаптың негізінен тек Нұр-Сұлтанда ғана орындалатынын байқауға болады: көптеген кеңсе негізінен бос тұр. Дегенмен жалпы алғанда, Қазақстанда да «дистанционка» барған сайын өріс алып келеді. [caption id="attachment_80108" align="alignnone" > © коллаж: Рауғаш Омарова[/caption] ЕРДО Болжау департаментінің директоры Дмитрий Шумековтың айтуынша, елде карантиндік шектеулер басталғалы адамдардың жүріп-тұруына талдау жасалуда. Мысалы, 16 наурызда еңбеккерлердің 14%-ы үйлерінен іс қылуға көшкен. Елде төтенше жағдай күш алып, қалалар блок-бекеттермен тарс жабылғанда бұл көрсеткіш рекордтық шамаға – 46%-дан 55%-ға дейін шарықтапты. Шектеу босаңсыған соң басшылардың талап етуімен жұрт жұмыс орнына қайта бастады. Кейін КВИ жұқтырғандар саны күрт өсіп, жүз мыңдық межеге қарай қарқындағанда, қатты қорыққан адамдар өз еркімен ақысы төленбейтін демалыс алуға ден қойды. Нәтижесінде, жұмыс орындарына бару шілденің ортасында 60-63%-ға дейін құлдырады. Президенттің Үкіметті отставкаға жіберетінін ескертіп, қатаң сын айтуы, шетелден ӨЖЖ аппараттарының жеткізілуі және басқа шаралар нәтиже беріп, пандемияның қарқыны бәсеңдегесін, кеңселердің толуы бірқалыпты өсіп, қазіргі 74-75%-ға дейін көтерілді.
Өзге салалар қатарында «қашықтан» режимінің қызығын шенеуніктер де көрді. Әкімшілік мемқызметші Әсел Алдоңғар бос уақыты пайда болғандықтан, оқытушылық және ғылыми қызметпен айналыспақ ниетте: «Жоғарғы оқу орындары онлайн форматта оқытып жатыр ғой. Мемлекеттік қызметтегі лауазымға қоса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қызметкер, ассистент ретінде 0,25-0,5 ставкамен жұмысқа тұруды ойлап жүрмін», – дейді ол.Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бұған тыйым салынбағанын жеткізді.
«Мемқызмет туралы заңына сәйкес, мемқызметшілерге педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысуына рұқсат етілген. Еңбек кодексіне сәйкес, бұл қоса атқарылатын жұмысқа жатады. Яғни, жұмыскер негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты бойынша тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындай алады. Бірақ негізгі және қоса атқарылатынын қосқанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы Еңбек кодексінің 71-бабында белгіленген уақыт нормасынан 4 сағаттан көп асып кетпеуі керек. Тиісінше, екі жұмыстың күн сайынғы жалпы ұзақтығы 12 сағаттан артық болмауы тиіс», – деді А.Жайылғанова.Оның айтуынша, егер негізгі жұмыс орнына, меморганның қалыпты қызмет етуіне және қызметтік міндеттерді толық орындауға кедергі келтірмесе, онда «мемлекеттік қызметшіге педагогикалық, ғылыми және шығармашылық қызметпен айналысуына рұқсат». Дегенмен Қазақстанда қашықтан жұмыстың дұрыс жолға қойылмауы, интернеттің нашарлығы кәсіпкерлерге сор болып жабысуда. Кәсіпорындар статистика, салық, антимонополия органдарына ұдайы есеп тапсырады. Уақытылы тапсырмаса, жазаланады. Осы орайда, Еуразиан Фудс Корпорэйшн (ЕФК) жергілікті биліктің көп есеп талап етуі тәжірибесін тыюды сұрап жатыр. 28 шілдеде компания филиалына Атырау облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінен 4 тамызға дейін ақпараттар жіберу туралы сұрау түседі. Бұл кезде жергілікті департамент қызметкерлері қашықтан жұмысқа көшірілген, ал департаменттің кеңсе-канцеляриясы жұмысын тоқтатқан екен. Сол себепті ЕФК сұратқан ақпаратты тез жинап, электронды поштаға жолдайды. Деректер тым ауқымды болғандықтан, оны 6-ға бөліп жіберіпті. Енді кәсіпорынға қарсы әкімшілік іс қозғап жатыр: 6 хаттың бірі түспей қалған. Ал заң бойынша монополияға қарсы орган сұратқан ақпаратты белгіленген мерзімде толық ұсынбаса, 300-ден 1 мың 600 АЕК-ке (4 млн 444,8 мың теңге) айыппұл салынады.
«Филиал өкілдері департаментке барлық ақпарат толық көлемде е-поштамен жолданғанын растайтын дәйектемелерді ұсынды. Алайда департамент қызметкерлері: «Егер біздің поштамызға түспесе, онда жауап толық ұсынылмады деп есептеледі» дегенге табандап отыр. Бұл әділетсіздік қой», – дейді кәсіпорын өкілі Қуаныш Құсмәмбетов.
Айхан ШӘРІП