Елімізге танымал дінтанушы-ғалым, соңғы уақытта қазақ қоғамында болып жатқан саяси һәм экономикалық өзгерістерге пайымды көзқарас білдіріп, белсенділік танытып жүрген тұлға. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлын жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, елшіл азаматтың қоғам жайлы ұсыныс-пікірін тыңдаған болатын. Ұлт болашағы мен халқымыздың келешегі үшін толымды ойлар айтып, толғақты мәселелер қозғап жүрген азаматқа жолығып, жоғарыдағы мәртебелі кездесу барысында қозғалған мәселелер жайлы әңгімелесуді қолай көрдік. – Қайрат мырза, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл – ең алдымен билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деген болатын. Демек, сіздің жуықта Президентпен кездесуіңіз «билік пен қоғам арасындағы диалог» десек болатын шығар. Солай ма? – Әрине, өзіңіз айтып өткендей, Президент биылғы Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» дегенін біліп отырсыз. Ендеше қазіргідай алмағайып уақытта еліміздің амандығы, жеріміздің бүтіндігі саналы қазақ баласының сарыуайымына жүк болары анық. Сол себепті Мемлекет басшысымен кездесу барысында өзімді толғандырып жүрген, әсіресе қоғам тарапынан қайткен күнде шешімін табуы тиіс мәселелерді қозғадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан ұсыныс-пікірлерімді мұқият тыңдап, өзекті тұстарын белгілеп алып отырды. – Құпия болмаса, Президент алдында қандай маңызды мәселелер қозғадыңыз? – Қай заманда, қай қоғамда болмасын мемлекеттің басты қазынасы – халық. Яғни, адам капиталы. Дана халқымыз «көп қорқытады, терең батырады» деп тегін айтқан жоқ. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуіріне еліміз үшін демографиялық жарылыс ауадай қажет. Өйткені халық санының өсуі – ел қауіпсіздігі мен дамуының стратегиялық маңызды мақсатының біріне жатады. Мен Президент назарын осы мәселеге аударуға тырыстым. Демографиялық саясатқа реформаның қажет екенін жеткіздім. Негізі, бұл тақырып Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биік мінберден: «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген болатын. Бұл – рас айтылған дүние. Мысалы, ел тұрғындары 1991 жылмен салыстырғанда 12 пайызға ғана көбейіпті. Осы аралықта өзбек ағайындар 59 пайызға өсіп, 32 миллион 700 мың адамға жетсе, тәжіктер 68 пайызға, қырғыз ағайындар 43 пайызға, әзербайжан халқы 37 пайызға өскен екен. Міне, көрдіңіз бе, біздің экономикалық әлеуетіміз бұлармен салыстырғанда көш ілгері бола тұра, демографиялық өсім қарқынды емес. Демек, бұл – Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау, сонымен бірге идеологиялық бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жемісін бермей отыр деген сөз. – Сіз айтқан деректерге қарағанда, шынында халқымыздың табиғи өсімі көңіл көншітерлік емес екені байқалып тұр. Демек, демографиялық ахуалды жақсарту бойынша өз тарапыңыздан қандай ұсыныс айттыңыз? – Әуелі, Президентке қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан мәселелер жайлы айттым. Бірінші айтқан ұсынысым: халық санының өсіміне кері әсер етіп отырған жағдайдың бірі, тіпті негізгісі – тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай есептесек, отбасы құрудан бұрын ажырасудың көп екенін айттым. Дәл осы сұраққа қатысты Мемлекет басшысы Жолдауында: «Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» деп атап өткенін білесіз. Айталық, 1991 жылдан бері ел көлемінде 3,6 миллион жұп шаңырақ көтерсе, осылардың 1,1 миллионы ажырасып кеткен. Бұл – үлкен катастрофа. Мәселен, 2018 жылы үйленгендер саны 137 797 жетсе, осылардың 54 797-нің ақ некесі бұзылған, яғни ажырасу мөлшері – 40 пайыз. Менің ойымша, басты себеп – жастардың материалдық және рухани тұрғыдан отбасын құруға дайын болмауы. Көлік жүргізуді білмейтін адамға оны қолдануға мүлдем рұқсат етілмейтіні белгілі жайт. Ал енді отбасы деген жауапкершілігі үлкен институтты ешбір дайындығы жоқ адамдарға тапсыра салу аса қауіпті. Сондықтан ЖОО-да немесе жоғары сынып оқушыларына оларды шынайы өмірге дайындайтын «Отбасы құру» пәнін енгізуді ұсындым. Бұл пәнді оқыту барысында: отбасын құру, отбасында жиі кездесетін проблемаларды тиімді шешу жолдары, әке, ана, келін болудың әдебі, отбасылық қаржы есебі, тағы басқа «отау құрудың» барлық қыр-сыры үйретілуі тиіс. Дәл қазір мұндай өмірлік білімнің қажеттілігі айқын сезіліп отыр.
Бұл пәнде төмендегідей мәселелер қамтылуы тиіс. Біріншіден, қазақ «ауру – астан», «ас – адамның арқауы» деген. Қазіргі таңда екінің бірі – семіздік, қант ауруы, жүйке-жүрек дертіне, ішкі құрылыс ауруына шалдыққан. Бұл алғашқы кезекте дұрыс тамақтану мәдениетінің жоқтығынан. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, аурудың 70 пайызы сауатсыз тамақтанудан екен. Жалт-жұлт еткен жарнамасы көп мына заманда халық қандай тағамның пайдалы, нендей астың зиянды екенін ажырата алмайды. Халқымыздың көпшілігі бейберекетсіз, мезгілсіз, өлшемсіз тамақтануда. Әсіресе, газдалған тәтті сусындар, фаст фуд секілді денсаулыққа зиянды тағамға әуестік басым. Сондықтан дұрыс тамақтану мәдениетін бұқараның санасына сіңіру керек.
Келесі мәселе, әрбір жас отбасын баспаналы болдыру жайын қозғап, сондай-ақ бұған қазіргі пәтер алу үшін төлейтін алғашқы жарна мөлшерінің жеңілдетілгені айтарлықтай жақсы әсер етіп отырғанын айттым. Қосымша ұсыныс ретінде үйлердің алғашқы жарнасы отбасындағы бала санына қарай жеңілдетілсе, тіпті 5-6 баласы бар отбасына жарнасыз, ал 7 баласы барларға баспана тегін берілсе деген ой айттым. Бұл әрекет іске асса, демографияның өсуіне айтарлықтай ықпалы болары қақ. Сонымен қатар әрбір туылған балаға берілетін жөргекпұл көлемін көтеруді ұсындым. Осылай жасағанда, демографиялық дүмпудің жаңа кезеңі туары сөзсіз. – Жалпы, мемлекет әлеуетін көтеретін көрсеткіштің бірі демография екені анық. Бірақ бұдан басқа да аса маңызды мәселелер бар екені шындық. Мысалы, бұқараның денсаулығы, оқу-білімнің сапасы дегендей... – Нені меңзеп отырғаныңызды аңғардым. Өте дұрыс айтасыз. Бұқараның денсаулығы, салауатты өмір салты, оқу-білімі қоғам үшін ауадай қажет. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деді емес пе. Осыған орайлас пікірді «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деп Президент Жолдауында да айтты. Бұл сөз халық үшін рухани бағыт-бағдар деп ойлаймын. Осы орайда, өз басым орта мектеп оқушыларына бойындағы қабілет- қарымын ашатын, пайдалы дағдыларға баулитын, жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін «Тұлғалық даму» пәнін мектеп бағдарламасына енгізуді ұсындым. Өйткені біз көп жағдайда туындаған проблемалардың себебімен емес, салдарымен күресудеміз. Оқушыларымызға әлемнің тарихын, физика, математиканы үйреткенімізбен, оларды шынайы өмірге дайындай алмай отырмыз. Бұл пәнде төмендегідей мәселелер қамтылуы тиіс. Біріншіден, қазақ «ауру – астан», «ас – адамның арқауы» деген. Қазіргі таңда екінің бірі – семіздік, қант ауруы, жүйке-жүрек дертіне, ішкі құрылыс ауруына шалдыққан. Бұл алғашқы кезекте дұрыс тамақтану мәдениетінің жоқтығынан. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, аурудың 70 пайызы сауатсыз тамақтанудан екен. Жалт-жұлт еткен жарнамасы көп мына заманда халық қандай тағамның пайдалы, нендей астың зиянды екенін ажырата алмайды. Халқымыздың көпшілігі бейберекетсіз, мезгілсіз, өлшемсіз тамақтануда. Әсіресе, газдалған тәтті сусындар, фаст фуд секілді денсаулыққа зиянды тағамға әуестік басым. Сондықтан дұрыс тамақтану мәдениетін бұқараның санасына сіңіру керек. Одан кейін адамдардың көпшілігі уақыттың құнын білмейді. Мысалы, шақырылған жерге, кездесуге кешігіп келу қалыпты жағдай. Әрі көгілдір экран немесе интернеттен арзан күлкі, қысыр әңгіме тыңдап уақыт жоғалтуда. Сондықтан тайм менеждмент, яғни уақытты бағалауды, оны дұрыс басқаруды бұқараға жастайынан үйретудің қажеттілігі сезіледі. Сонымен қапталдас, жас буынның ақпараттық сауаты, яғни сын көзбен объективті бағалау қабілеті өте төмен. Ақпараттың дұрыс-бұрысын анықтамай сене салу, оны көпшілікке тарату, арандатушылыққа бой алдыру осыдан туындайды. Сондықтан ақпарат тасқыны көлкіп тұрған мына заманда балаларымызды ақпаратты сараптай алуға үйрету, кез келген дүниеге сын көзбен қарап, объективті баға беру қабілетін қалыптастыру аса маңызды. – Қазір жастарды қойып, үлкендердің өзі әлеуметтік желіге тәуелді болып қалды. Бұл дүние алдағы уақытта ғаламдық мәселеге айналатын сияқты. Мұндай қатерден Мемлекет басшысы хабардар болғаны дұрыс. – Әрине. Дәл осы мәселе бойынша әлем ғалымдары дабыл қағып жатыр. Жуықта австралиялық дәрігер-ғалым нерв жүйесі һәм ісік ауруларының білгірі Вин Куран деген адам әлем бойынша темекінің салдарынан жылына 5 миллион адам ажал құшатын болса, болашақта интернеттің кесірінен өмірден өтетіндер саны бұдан да бірнеше есе көп болары хақ деді емес пе. Бүгінгі таңда интернет адамзаттың ажырамас қажетіне айналып отырғаны мәлім. Сондықтан жастарымызға интернетті, әлеуметтік желіні уақыттарын ысырап етпейтіндей ұтымды қолдануды, әлеуметтік желіде жазатын пікірлері мен көпшілікке ақпараттар ұсыну мәдениетін, жалпы интернетті тиімді пайдалану тәсілдерін, тіпті этикасын мектеп қабырғасынан үйретудің маңызы сезілуде. Оның бер жағында, балаларымызға басқамен тіл табысуды, дұрыс сөйлесе білуді үйрету қажет. Көптеген проблемалар айналасындағы адамдармен тіл табысу тетіктерін, сауатты сөйлесу жолдарын білмегендіктен туындап жатады. Ұрпаққа осының қарапайым тәсілдері мен мәдениеті үйретілгені аса маңызды деп ойлаймын.Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН