Әуезов театры 94-маусымның шымылдығын ашты
Әуезов театры 94-маусымның шымылдығын ашты

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің 94-ші маусымын ашты.

Маусымның басты жаңалығы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанованың аудармасындағы, Григорий В.Томскийдің «Аттила мен Аэций» қойылымы көрерменге жол тартты. Жаңа премьераны қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Арғын .

94-маусымның ресми ашылуы алдында театр басшылығы мен ұжымы баспасөз конференциясын өткізіп, журналистерге жаңа маусымға жасалған жоспарлары, жаңалықтар мен өзгерістер жайлы ақпарат берді.

Театр директоры Сәбит Әбдімүтәліұлы «Аттила мен Аэций» спектаклі Италияда өтетін фестивальге қатысуға жолдама алғандығын жеткізді.

Айта кетейік, Аттила – Еділ қаған, батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған (б.з. 434-453 жж.), әлемдік тарихта ерекше орны бар тұлға. Белгілі аттилатанушы, француз жазушысы Б. Тюргэннің тарихи драмасын сахналап отырған театр интерпретациясында Аттила басқыншы емес, керісінше, Еуропада құл иеленушілік құрылыстың шайқалуына әсер еткен, ондағы халықтарға азаттық әперген ұлы қолбасшы, Ғұн-Рим империясын құруды армандаған көрнекті мемлекет қайраткері, діни сенімдерді қадірлейтін дипломат бейнесінде көрінді. Мұның түп тамырында оның ата-баба өсиетіне адалдығы, өмірлік және билік қағидаларына беріктігі жатыр. Бүгінгі күнмен үндесетін, таңбалық мағыналары мол қойылымда Аттиланың сүйікті жары Кере-коға махаббаты, римдік атақты генерал Аэциймен достығы да көркем көрініс тапқан.

Баспасөз конференциясынан кейін театр ұжымы халқымыздың ұлы перзенті – Мұхтар Әуезовтің ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етті.

Ашылу салтанатының жаңалығының бірі – театрдың мерекесін көрерменмен бірге тойлау үрдісін бастау болды.