Алтынқұмар қазақстандықтар қайда тұрады? – 2020 жылдың рейтингі

Алтынқұмар қазақстандықтар қайда тұрады? – 2020 жылдың рейтингі

Жыл басынан бері қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен банктерге тиесілі емес айырбастау бөлімшелерінен жалпы салмағы 566,3 келі болатын 13 208 өлшеуіш алтын құйма сатып алған. Ал ең жоғары көрсеткіш шілде айына түсіп тұр – 2010 дана. Бұл тенденция, әсіресе пандемиямен тұспа-тұс келіп отыр. Осы ретте, санаға мынадай сауал келеді: халықтың алтынға құмартуы ұлттық валютаның тұрақсыздығынан туған сенімсіздіктен бе? Жоқ, әлде бүкіл әлем алтынмен сақтап жатқан соң көшке ілесудің амалы ма?

Алтынқұмар алматылықтар

Ұлттық банктің өлшеуіш алтын құй­малардың сатылымына қатысты деректеріне көз жүгіртейік. Айт­қандай, қаңтар-қыркүйек аралы­ғында жарты тоннадан астам алтын сатылған. Қыркүйек айына 65,2 келі болатын 1 480 дана алтын иесін тауыпты. Тамызда (1 217), шілдеде (2 010), маусымда (1 282), мамырда (997), сәуірде (108), наурызда (236), ақпанда (459) және қаңтарда (833) кесек алынған. Құйманың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Қазақ­стандықтардың дені 10 грам­дығын алады екен. Себебі жалпы сатылымнан оның үлесі 25 пайыз болып отыр. Осы күнге дейін мұндай өлшемді 8 701 кесек сатылған. 22 пайыздық үлеспен екінші орында 20 грамдығы «халық сүйіктісі» сана­лады, 7 648 дана алын­ған. Ең аз өлшемді алтын құйманың үлесі – 19 пайыз, 6 414 дана. 4 276 дана 50 грам­дық сатылған, үлесі 12 пайызға тең екен. Алтынқұмар аймақтардың рейтингіне келсек, жалпы жүзеге асы­­рылып, сатылған алтын кесек­тердің 55 пайызын алматылық ағайын иемденіпті. Одан кейінгі орында мұнайлы өлке – Атырау (14 пайыз), бас қала – Нұр-Сұлтан (10 пайыз) халқы тұр. Өзге қалалар мен аймақ­тардың үлесі қалған 21 пайызды құ­райды.

Қаржыны қалай сақтаған жөн?

Қаржыны қалай және қайда сақтау әркімнің жеке шаруасы са­налады. Бірі – шетел валюта­ларында, бірі – алтын­мен, енді бірі жылжитын не жылжы­майтын мүлік­ке салады. Енді бір топ банктегі есепшотында, ұлттық валюта­мен сақта­ғанды жөн көреді. Мысалы, 2000-жыл­дардың басында доллар сатып алу сән болатын. Қолда бар қаржыны инвес­тициялаудың ең оңтайлы тәсілі са­налды. Ал бүгінде валюта бағамы теңіздің тол­қынындай бірде жай, бірде қатты соғады. Бір сәтте шарық­тап кеткен доллар, артынша саябыр­сиды. GSB UIB дирек­торы, эко­но­мист Мақсат Халық қар­жыны диф­ференциал ұстаған жөн дейді. «Қарж­ыгерлер ешқашан барлық қара­жатты бір ұяшықта сақтамаған жөн деген кеңес береді. Оны бөліп сақтау қажет. Ол дегеніміз – бір бө­лігін – шетел валю­тасында, бір бө­лігін – теңгемен сақтаған дұрыс. Ұлттық валютада бір жылға арнал­ған ақшаны сақтаған дұрыс болады. Мысалы, доллар көтерілген тұста ажио­таж болып, бәрі сатып алады. Содан нағыз қажет кезде алайын десе, сатып алған бағамынан төмен болып шығып жатады. Бұдан шығатын қо­рытынды – кемі жарты жылда жара­­татын ақшаңызды шетел валютасына ауыстырып қажет емес. Ал енді соның үстінде қалған қара­жатты алтынмен, еуро, доллармен сақтай беріңіз», – дейді сарапшы.
Тақырыптың өзегі болып отырған алтын құймаларымен сақтауға кел­сек, бұл соңғы тренд десек болады. Себебі валюталар бағамы тұрақсыз кезеңде құнын жоғалт­пайтын алтын әлдеқайда тартымды. Қаржы кеңес­шісі Расул Ры­смамбетовтің ойынша, алтын алуға құмарлықтың себебі теңгенің тұрақ­сыздығымен тікелей байланысты. «Өл­шеуіш алтын құймалар депозит­тердің баламасы іспеттес. Әрі алтын бағасының күрт өсуі қызықтырмай қоймайды. Теңге тұрақсыз болған­дықтан, қазақ­стан­дықтар алтын сатып алып жатыр. Бірақ осы ретте мынаны ескеру қажет дер едім. Бү­гінде бұл қымбат метал­дың бағасы шарық­тап тұр. Демек, осы позициядан күрт өсіп кетеді деп күтудің қажеті ша­малы».

Алтын алу теңгеге деген сенімсіздік пе?

Мақсат Халық болса, мәселе ұлт­т­ық валютаға деген сенімде емес, халықтың қаржылық сауатының өскенінде деген пікірде. «Расында, қазір азаматтардың алтын сатып алуға қатысты ойы ауыс­қанын байқап отырмыз. Қазақ­станда ғана емес, жалпы әлемде бұл тенденция бар. Соңғы бес­жылдыққа қарасақ, алтын бағасында тек өсім бар. Яғни, қорын алтынмен жинақтаған кез келген адам ұтып отыр деген сөз. Қазақ­станның валюталық резерв қорының 70 пайызы алтынмен жинақталған. Сондықтан пандемия тұсында алтын­ның бағасы күрт өскені алтын валю­талық резер­вінің ұлғаюына септігін тигізді. Енді азамат­тардың қызы­ғушылығын тудырып отырған себеп­терге келсек, біріншіден, Ұлттық банктің мүм­кіндігі. Арнайы кішкен­тай құйма­ларды шығарып, бөліп-бөліп сатып жатыр. Бұл қадамды құптаймын. Себебі тұтас 13 келілік кесекті алуға екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Одан бөлек, азаматтар бұрын қорын теңгемен сақтайтын. Қазір өзгеруін ұлттық валютаға деген сенім­сіздік дегеннен гөрі қаржылық сауаттың артқаны дер едім», – дейді экономист.

 Алтын алам десеңіз…

Әлемдік алпауыт орталық банктер пайыздық мөлшер­лемелерін күрт төмендетті. Тіпті, 1 пайыздан да тө­мен ұсынып отыр. Бәлкім, көпші­ліктің алтынға көшуіне бұл да бір себеп болса керек. Пандемия да дү­­ние­­­жүзінің экономи­касына айтар­лықтай өзгеріс енгізіп жатыр. Қиын күндер, ауыр сәттер алда күтілуі мүм­кін деген болжам да есті адамды ойландырмай қоймайды. Ал алтын болса, құнын жоғалт­пайды. Оның бағасы тек өсе береді. Әрі оны кері өткізу де оңай. Бүгін түске дейін алғанды түстен кейін өткізуге болады. Тек ескеру керек жайт: алтынның қор­ғаныш орауын ашпаған жөн. Себебі әрбір кесек қорғаныш эле­­мент­терімен құйма­лардың бет жағы айнадай, микро­мәтін және бедерлі гурт және құйма­ларды меха­никалық зақымда­нудан қорғайтын және орауы ашылға­нын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шыға­рылады. Егер ашылса, оны өткізу қиын­дайды. Өйткені әлгі қорғаныш орауы құйма сапасының сертификаты санала­ды. Әрине, ашыл­са қабыл­дамай қояды деген сөз емес. Тек оны кері аларда мәселе туа­ды. Оны қабылдар алдында экспер­тизаға өткізіледі. Осы­лайша, демде ақшаға айырбастай ал­майсыз. [caption id="attachment_80106" align="alignnone" > © коллаж: Айша Ерсұлтан[/caption] Ұлттық Банк халық үшін тазар­тылған алтынның өлшемдік құйма­ларын сату және кері сатып алу бағ­дар­­­­лама­сын 2017 жылы іске қосқан бола­тын. Үш жыл ішінде жалпы сал­мағы 1,25 тоннаны құрайтын 34 688 өлшеуіш құйма сатылған. Бүгінгі таңда алтын кесектерін Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк Центр­Кредиттен, сондай-ақ банктік емес айыр­бастау пункт­терінен сатып алуға және оларға кері сатуға мүмкіндік бар.

Акция алу да – бір амал

Алтын не шетел валютасында ақша сақтаудан бөлек, инвестициялық құралдың тағы бір түрі – акциялар. Бұл тенденция да дамып келеді. Ин­­вес­­­­торларды қымбат әрі бағасы үнемі өсіп тұратын акциялар тарта­тыны сөзсіз. Құнды қағаз деген аты да соған байла­нысты. Бірақ депозит не алтын құй­маларға қарағанда, бұл жерде тәуекел жоға­ры. Сондықтан құнды қағазды алмас бұрын жүз ойла­нып, мың толғану қажет. Қаржы­лық сауат, күнделікті әлемдік эконо­мика­дағы ахуалдан ха­бар­­дар болып отыр­ма­са болмай­ды. Десек те, қазақ­­стан­­дық қор биржасы (KASE), «Аста­на» ха­­­­­лық­­­аралық қаржы орта­лығы жаны­­дағы пул белсенді жұмыс атқа­рып отыр.

Жадыра АҚҚАЙЫР