Мал жұтаса, сақтандыру бар...
Мал жұтаса, сақтандыру бар...
174
оқылды
Қазақстан фермерлері қауым­дастығының мәліметіне сүйенсек, елі­мізде 212 мыңнан астам шаруа қо­жа­лықтары бар екен. Оның 50 мыңға жуы­ғы мал өсіріп, бордақылаумен айналысады. Енді фермерлер ірі қара малын ауру мен басқа да қауіп-қатер­лерден сақтандыра алады. Қыс­қаша айтсақ, Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қорының баста­масымен енгізіліп жатқан сақтан­дырудың түрі төрт түлікті жұттан сақтау іспетті. Осы уақытқа дейін агро­өнеркәсіп кеше­нінде иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Әуелі мүліктік сақтандырудың жайын айта кетсек. Сақтандырудың бұл түрі фермер­лерге ұнай қойған жоқ, сон­дықтан да көпшілік бұл қызметке жүгін­беген. Себебі төрт түлік тек мүлік ретінде есеп­теледі. Мал жоғалып кетсе, көлік қақса ғана өтемақы төленген, оның өзі бір машақат. Ал ауру тарап, жұт бола қалған жағдайда мал иесі шығынға батады. Қазіргі эпизоотиялық жағдайды ескеріп, шетелдік сақтандыру компа­ниялары еліміздің агроөнеркәсіп сала­сына арнап сақтандырудың жаңа шартын әзірлеген. Осы шарттар ар­қылы фермерлер малды өз шаруа­шылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруа­шылықтардың аумағындағы індеттен, басқа да қауіп-қатерден сақ­тандыра алады. Жалпы, қауіп-қатер­лердің қатарына инфек­циялық және аса қауіпті аурулар, өрт, біреудің қасақана зиян келтіруі мен қауіпті табиғи құбы­лыстар, жазатайым оқиғалар – жары­лыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жырт­қыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі се­беппен жарақаттануы кіріп отыр. Демек, төрт түлікке қандай қауіп болса, жаңа сақтандыру бәрін өз мойнына алуға даяр. Ауыл шаруашы­лығы ми­нистр­лігінің дерегіне сенсек, ірі қара малға қатысты сақтандыру шарттарын әлемдік нарықтағы «А» (жоғары дәреже) рейтингі бар Ха­лықаралық сақтандыру ком­паниялары ұсынып отыр. Шарт жасасу процесі фермер мен сақтандыру ком­пания­сының арасында WWW. QOLDAU.KZ электронды платфор­ма­­сында жүр­гізілмек. Ал «Ауыл шаруа­шылығын қар­жылай қол­дау қоры» АҚ басқарушы ди­ректоры Асқар Қалиев болса, жаңа сақтандыру тек фермердің емес, несие берушінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тінін айтады. – Қазір елімізде етті және сүтті ба­ғыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып жа­тыр. Мыңдаған шаруа қожалығы етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиемен қаржылан­ды­рылуда. Бірақ мұндай жағдайда фермердің емес, несие беру­ші­нің де табан тірер қауіп­сіздік тетігі болуы маңызды. Мал шаруа­шылы­ғын­дағы сақтандыру сыйақы­ларын мемле­кет субси­дия­лай­ды. Нақты айт­қан­да, сақ­тан­дыру шартын жасасқан соң сақ­тандыру сыйақы сомасының 50%-ын – фермер, 50%-ын мемлекет төлей­ді. Бұл мақсат­қа республикалық бюджет­тен 2,5 млрд теңге қаржы бө­лінді, – дейді. Енді сақтандыру шарттарын баян­дай кетсек. Сақтандыру тарифі сақтан­дырылатын малдың санына бай­ланысты. Жалпы, тариф 1,54%-дан 4,62 %-ға дейінгі аралықты қамтиды. Мыса­лы, фермер өз аумағында 30-дан 99 басқа дейін сақ­тандырғысы келсе, ол жалпы сақтандыру сомасының 2,31%-ын төлейді. Егер 100 бастан астам малын сақтандыратын болса, тариф 1,54% болады. Егер фермер малын 5 км дейінгі сырттағы қауіп-қатерлерден сақтан­дыратын болса, онда 30-99 басқа сақтандыру құнының 4,62 %, 100 және 100-ден астам басқа жалпы сақтандыру сомасының 3,08 %-ын төлеуі тиіс. Плат­формаға тіркелу арқылы фермер сақ­тандыру компания­сымен бірге малды таңдайды (жүйе жануарларды сәйкес­тендіру базасымен біріктірілген), сақ­тандыру сыйақы­сының 50%-ын төлейді және элек­тронды цифрлы қолтаңбаның көме­гімен шартқа қол қояды. Сақтан­дыру компаниясы шартқа қол қойып, опера­торға субсидияны төлеу жөнінде өтінім жібереді. Содан кейін оператор қалған 50%-ын төлегеннен кейін сақ­тандыру шарты күшіне енеді. – Жалпы, төрт түлікті қауіп-қатер­ден сақтандыру жайлы фермерлер қан­ша жылдан бері айтып келе жатыр. Бұл – әлем елдерінде бұрыннан бар тәжі­рибе. Бізге енді келді. Фермерлерге оң­тайлы болайын деп тұр. Бірақ осы уақытқа дейін мал бағатын фермер­лердің санын біршама азайтып алдық. 50 мыңға жетпейді. Оған қауіп-қатер мен індеттен сақтандырудың болма­ғаны да себеп. Есте болса, 2016 жылы Аустра­лиядан әрқайсысы 3 000 доллар тұратын асылтұқымды сиырларды елге әкелеміз деп жүріп, өлтіріп алдық. Фермерлер шығынға батты. Сол кезде сақ­тан­ды­рудың осы түрі қажет екені сөз болған. Мен толық құптаймын, бірақ нәтижесі қалай болатынын біл­меймін. Әлі басталмаған іске сын жоқ. Маған элек­тронды платформа арқылы келісім­шарт жасасу әдісі ұнады. Себебі сала­дағы жемқорлықты алдын алуға септігі тиері анық, – дейді Қазақстан фермер­лер қауымдастығы басқарма төрағасы­ның орынбасары Ермек Әбуов. Демек, бөркімізді аспанға атып қуантқан жайт шетел тәжірибесінде бұрыннан бар. Енді ірі қарасын сақ­тандырған фермерге оқыс оқиға ке­зінде төлем қалай берілетініне тоқ­талсақ. Мал иесі ірі қараның не себепті өлгеніне қарай ветеринар, сондай-ақ басқа да осыған қатысы бар әкімдік, полицияны хабардар етуі тиіс. Олар фактіні рас­тайтын анық­тама береді. Содан соң фермер құжатты платфор­маға жүктеп, сақтандыру төлеміне өтініш береді. Бір өкініштісі, әлі күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде жыл сайын түрлі ауру мен себептерден қан­ша малдың өлгені жайлы нақты де­ректер базасы жоқ. Соның әсерінен фермер­лердің шығыны да есепсіз. Ал сақтан­дырудың жаңа түрі оң нәтиже көрсете ме, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ бұл індеттің алдын алу, шығын орнын толтырудың ама­лы ғана.  

Мадияр ТӨЛЕУ