Қатыгез ата-ана қайдан шығады?
Қатыгез ата-ана қайдан шығады?
Балаларды ұру фактісінің жиілеп кетуіне байла­нысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пікір білдірген еді. Ол Үштөбедегі ананың баласын өлтіріп, 2 ай бойы тоңазытқышқа салып жасырып қойғанына жағасын ұстаған.
«Баланың жазығы қандай? Айтуға ауыз бармай­тын мұндай қылмыстар неге жасалады? Бүгінгі таңда шарасыз шарананы қоқысқа тастайтын, балаларды далада қалдыратын, тіпті қол жұмсайтын фактілер жиілеп кетті. Бұған назар аудармасақ болмайды» деп жазды министр Facebook парақшасында.
 

Көсеумен ұрып, иығын сындырған

Иә, 9 қазан күні Аршалы кентінің тұрғыны қызын көсеумен ұрып иығын сындырғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіні шарлап кетті. Аталған кенттің 46 жастағы тұрғыны 14 жастағы қызының Kaspi Gold банк картасын пайдаланғанын біліп қойып, «жаза­ламақ» болған. Салдарынан қызының сол қолының иық буыны сынған. Полиция бөлімшесінің мәлі­метіне зер салсақ, бұл тұрғын бұрыннан есепте тұрады екен. Жыл басынан бері есеп бойынша Ақмола облы­сында тәртіп сақшылары тұрмысы нашар 799 ата-ананы қадағалауға алған. Қазір жағдайға бай­ланысты «Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Жағдайды психологке баяндағанымызда таңғал­ғанын жасырмады. «Бұл ересек баланың кемшілігін емес, өзінің әлсіздігін көрсететінін атап өтті. Бала психологиясының алғышарты қандай жағдай болмасын баланы түсінуге тырысуда екен. Өйткені көп таяқ жеп өскен бала есейгенде тез ашулануға бейім болады. Ғалияш Махашеваның айтуынша, бала ержеткенде өз ашуын ішімдік немесе шылым шегу арқылы басуға тырысады. Алдымен бойына сенім­сіздік ұялап, қит етсе кінә іздеумен әлек болмақ. Ал Қызылқия ауылындағы әкенің 2 баласын аяусыз ұрғаны тағы бар. Әйелінің айтуынша, ол бұл ісін жылдар бойы қайталап келеді. Түрткі болған – ішімдік. Ал осындай жайға алып келген, кішкен­тайында көрген тәрбие мен ішкі дерт. Мұны айтып­талушының өзі де айтқан-ды. «Мені кішкентай кезімде осылай тәрбиелеген, мен де балаларыма соны істеймін». Осы турасында психолог Ғалияш Махаше­ва кеңінен ой-пікірін білдірді.
«Ол кісінің әкелік махаббаты оянбаған, өмірде өзін таппаған әрі жанына батқан ауырлықты ащы сумен ғана емдеуге әуестенген. Санасы бітеу. Ком­плексі көп. Бәрінен балаларына қиын болмақ. Ба­лалар өмір бойы адамның бетіне батыл ойын айта алмай, өмірден өз ақысын жегізіп ала беретін, ынжық болып өсуі мүмкін. Кейін ішіне жиналған ашу-ызасын тура әкесі секілді шығарып, бақытсыз ұрпақтың шынжырын жалғамасына кім кепіл?», – дейді психолог  Ғалияш  Махашева.
 

Баланы жиі ұрасыз ба?

Психолог Юлия Гиппенрейтер ата-аналардың «Бізбен ешкім санасқан жоқ, бізді ешкім түсінген жоқ. Өстік, өлген жоқпыз» дегенді жиі айтатынын кітабына арқау еткен. Балалар психологиясын кеңі­нен зерттеген ол әкелер осындай сөзімен өзі де баласын түсінбейтін әке болып шыға келгенін айт­қан. Психологтің «Нашар тамақ баланың ағзасын құртады. Ал нашар қарым-қатынас баланың пси­хикасын бұзады» дегені бар. Жалпы, бала психологиясын зерттеп жүргендер баламен сөйлесер кезде еңкейіп, көзіне тура қарай алатын деңгейде сөйлесу керегін ескертеді. Бұл балаға биіктен қарамауды, айналасына үңілуді үйретеді екен. Психолог Ғалияш Махашева әлеуметтік желіде ата-аналарға «Баламды ұруды қалай қоямын?» атты сабақ өткізген. Оның айтуынша, алғашында 3 күнге жос­­пар­ланған сабақ кейін де жалғасын тапқан. Өйткені бұл мәселе ата-аналардың да дертіне ай­налған.
«Ата-аналар «баланы ұрмай, ұрыспай тәрбиелеуді қалай үйренеміз?» деп сұрақ қояды. Араларында кейде өзімді ұстай алмай, қол жұмсаймын дейтіндері де бар. Қалай ұрғанын тәптіштеп айтып бергендерге бірден «Дұрыс істедім деп ойлайсыз ба? Қатыгез адам тәрбилеп жатырсыз» деймін. Үнсіз қалады. Меніңше, қазір ата-аналардың жүйкесі жұқарған. Ақпарат көп. Бәрі бірден орындалып, қалауындағыдай болатынына үйреніп алған. Агрессия басым. Әрине, әлеуметтік желінің де әсері бар. Балаға жақын болып, ішкі дүниесін түсіну үшін кітаптың берері бол. Сол үшін бала тәрбиесі туралы психологиялық кітаптарды оқуға кеңес беремін», – дейді психолог.
Ал психолог Анна Құдиярова баласына қол көтеріп, өлтіруге дейін баратын ата-ананың бойында Медея комплексі барын айтады. Медея комплексі – осындай жағдайға берілген психологиялық атау. Психолог «агрессия адамның ішкі жағдайына бай­ланысты» деп отыр. Оның айтуынша, бұл да бір күй­зелістің түрі. Адам өз баласына екі жағдайда қол көтереді екен. Біріншісі, өзін және өзгені қорғау үшін. Екіншіден, бойында стрестің, ішкі әлемінде шара­сыздық пен көңіл қалудың табы болғанда ата-ана баласын ұрып-соғады. Содан кейін психолог «қазіргі ата-ана кім?» дегенге назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, қазіргі ата-аналар – 90-жылдары дүниеге келгендер. Ал тарихқа үңілсек, аталған жылдар кризис, аштық, ақшадан тарығумен есте қалған. Ал бұл сол жылдары дүниеге келген, тарыққан балалардың санасында сақтаулы. Сондықтан олар өмірде қандай да бір қиындыққа, экономикалық дағдарысқа, жұмыста тұралауға тап болса, бірден бойкүйездікке салынады. Анна Құдиярованың айтуынша, қиын шақта адамдар қасқырға айналып шыға келеді. Оған белгілі бір заңдылықтар әсер етеді.
Екі психологтің да айтары – баланың көңіл күйін біліп, ішкі әлемінен хабардар болу. Олар мәселені қашанда ұрмай, соқпай шешуге боларын айтады. Назар аударарлығы, Анна Құдиярова ел тұрғында­рының психологиялық сауатын көтеру керегін атап өтті. Байқасаңыз, елімізде психолог мамандар көп. Бірақ олардың арасында кімнің білігі жоғары, кімнің әңгімесі әсерлі екенін біле бермейміз. Сондықтан Анна Құдиярова мемлекет психологтердің білігін көтеруді талап етіп, қолға алса, қоғамдағы осындай жағдайды ауыздықтай алар едік деп отыр. «Адамдар эмоциясын көшеде немесе түрлі орында емес, психо­логтің сеансында шығаруы керек. Сонда ғана қиын жағдайлардың алдын аламыз», – дейді ол.
 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ