Полковник 5 жылға сотталды
Полковник 5 жылға сотталды
136
оқылды
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Саян Аққожин АК-159\1 (СИ-16) мекемесінің бұрынғы бастығы Ж.Көпеевке сотталғандарды тиісті айдауылсыз мекемеден тыс жерге әкеткені үшін жаза тағайындады. 5-9 мамыр аралығында тергеу изоляторы бастығының ауызша бұйрығымен үш сотталушы, әйел мен екі ер адам сыртқа бірнеше рет шығарылған. Олар қаланың оңтүстік-шығысындағы жаңа пә­терді сылап, бояған. Пәтер иесі полковниктің жа­қын танысы болып шықты. Ол сотта полковникпен достық қа­рым-қатынаста екенін хабар­лады. Дегенмен құрбысы құ­рылысшылардың сотталушылар екенін және тегін жұмыс істегенін білмеген. Сотталушылар да су­дья­ға өз еркімен жұмыс істеуге келіс­кендерін мәлімдеді. Еркінсіген полковниктің әре­кетін белгісіз біреу құзырлы органдарға жеткізген. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 9 мамырда аталмыш пәтерге келіп, сотталғандардың үстінен түскен. Оларды тергеу изоляторының сержант-жүргіз­у­шісі қарап отырған. Судья Саян Аққожин Қыл­мыстық кодекстің 362-бабы «Би­лікті немесе лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша пол­ковникті кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Полковникке үкім онлайн оқыл­ды. Бұл мезетте адвокат кең­сесінде отырған айыпкерге конвой қызметі жөнелтілді. Қызметтік тер­геу қорытындысы бойынша тергеу изоляторларының екі қыз­меткері жұмыстан босатылып, бір­қатар қызметкер тәртіптік жауап­кершілікке тартылған.
«Жеке құрам арасында құ­қық­бұзушылықтың алдын алу мақ­сатында өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері күшейтілді» деп хабарлады Қарағанды облысы ҚАЖК департаментінің баспасөз қыз­меті. «Қарағанды қаласының Қазы­­бек би аудандық соты 2020 жыл­ғы 7 қазанда Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша АК-159\1 (СИ-16) мекемесінің бұрынғы бастығы Ж.Көпеевке қатысты үкім шығарды. Сот Көпеевтің бұ­рын­нан таныс азаматшаның пә­терінде жөндеу жұмыстарын жүр­гізу үшін жазасын өтеп жатқан үш сотталушыны жібергенін анық­тады. Сотталушының кінәсі куә­герлердің айғақтарымен дә­лелденді. Мұндай әрекеттер мем­лекеттік биліктің беделіне нұқсан кел­тіреді, сондықтан олар қоғамға қа­уіп төндіреді», – дейді Қарағанды об­лыстық сотының баспасөз хат­шысы Самал Никанбай.
Сот үкімімен Көпеев өмір бойы мем­лекеттік қызметте қызмет ат­қару құқығынан және әділет полковнигі арнаулы атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне ен­ген жоқ.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы