Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Саян Аққожин АК-159\1 (СИ-16) мекемесінің бұрынғы бастығы Ж.Көпеевке сотталғандарды тиісті айдауылсыз мекемеден тыс жерге әкеткені үшін жаза тағайындады. 5-9 мамыр аралығында тергеу изоляторы бастығының ауызша бұйрығымен үш сотталушы, әйел мен екі ер адам сыртқа бірнеше рет шығарылған. Олар қаланың оңтүстік-шығысындағы жаңа пәтерді сылап, бояған. Пәтер иесі полковниктің жақын танысы болып шықты. Ол сотта полковникпен достық қарым-қатынаста екенін хабарлады. Дегенмен құрбысы құрылысшылардың сотталушылар екенін және тегін жұмыс істегенін білмеген. Сотталушылар да судьяға өз еркімен жұмыс істеуге келіскендерін мәлімдеді. Еркінсіген полковниктің әрекетін белгісіз біреу құзырлы органдарға жеткізген. Қарағанды облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері 9 мамырда аталмыш пәтерге келіп, сотталғандардың үстінен түскен. Оларды тергеу изоляторының сержант-жүргізушісі қарап отырған. Судья Саян Аққожин Қылмыстық кодекстің 362-бабы «Билікті немесе лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша полковникті кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Полковникке үкім онлайн оқылды. Бұл мезетте адвокат кеңсесінде отырған айыпкерге конвой қызметі жөнелтілді. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша тергеу изоляторларының екі қызметкері жұмыстан босатылып, бірқатар қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Жеке құрам арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері күшейтілді» деп хабарлады Қарағанды облысы ҚАЖК департаментінің баспасөз қызметі. «Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты 2020 жылғы 7 қазанда Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша АК-159\1 (СИ-16) мекемесінің бұрынғы бастығы Ж.Көпеевке қатысты үкім шығарды. Сот Көпеевтің бұрыннан таныс азаматшаның пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жазасын өтеп жатқан үш сотталушыны жібергенін анықтады. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Мұндай әрекеттер мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіреді, сондықтан олар қоғамға қауіп төндіреді», – дейді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Самал Никанбай.Сот үкімімен Көпеев өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және әділет полковнигі арнаулы атағынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы