Сауаттылық қабілетін дамыту – бүгінгі заман талабы
Сауаттылық қабілетін дамыту – бүгінгі заман талабы
427
оқылды

"Жаратылыстану және география пәндерін оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігі" атты республикалық семинары өтті

Білім алушылардың ғылыми-жаратылыстану сауаттылық қабілетін дамыту – бүгінгі заман талабы. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – География және жаратылыстану пәндері бойынша білім беру бағдарламасын жаңарту, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың интербелсенді әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.География пәнінің мақсаты – дүниенің географиялық бейнесін тұтас қабылдайтын, географиялық ойлау қабілеті дамыған, географияның әдістері мен тілін білетін және қолданатын тұлға қалыптастыру.Қазақстан Республикасының Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2019 жылдың 16-18 қазан аралығында «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығы базасында «Жаратылыстану» және «География» пәндерін оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдердің тиімділігі» тақырыбында жаратылыстану және география пәні мұғалімдеріне әдістемелік көмек беру мақсатында Республикалық семинар өтті.

Семинарға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалы мен Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы АОБПҚБАИ мамандары, республиканың жалпы білім беру мекемелерінің жаратылыстану мен география пәнінің әдіскерлері, пән мұғалімдері қатысты.Бірінші күні семинардың салтанатты ашылуы, пленарлық отырыс өткізілді. Ашылу салтанатында «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Кульмагамбетов Ренат Серікұлы қатысушыларды құттықтады. Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы Абдикаримова Гаухар Абдикаликовна «Жаңартылған білім негізінде оқу-тәрбие процесінде ұйымдастырудағы ерекшеліктер», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласындағы филиалы директоры Асубаев Берік Құттыбайұлы «Жаратылыстанну пәндерін оқытуда жаңартылған білім беру ерекшеліктері», Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы Абулгазиев Андрей Убайдуллаевич «Географияда жаңартылған білім мазмұнын енгізудің өзекті мәселелері», Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Жаратылыстану және география институтының география магистрі, аға оқытушы «Оқу үдерісінде білімді бақылау мен бағалаудың алатын орны» тақырыптарында баяндамалар оқыды. Қатысушылар баяндамашыларға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңартылған білім мазмұнында пәнді оқытуда туындаған мәселелерді талқылады.

Пленарлық отырыстан кейін семинар қатысушылары Қапшағай қаласындағы «Самұрық-Энерго» күн электр және Жел электр станцияларына, Д.А.Қонаев алаңына, Қапшағай шатқалына саяхатқа аттанды.

Екінші күні секция жұмыстары өткізілді. Секция жұмыстары барысында «География пәнінен жиынтық бағалауға тапсырмалар құрастыру», «География пәнінен олимпиадалық есептерді шешу», «Жаратылыстану пәндерін оқытуда саралау тәсілдерін қолдану», «Картографиялық есептерді шешу жолдары», «География пәнін оқытудағы тиімді әдістердің қолданылуы», «География пәнін оқытудағы интербелсенді әдістер» сынды тақырыптар талқыланып, қатысушыларға тиімді интербелсенді әдістер ұсынылып, оқушы шығармашылығын арттыру бойынша әдістемелік көмектер берілді.

Семинар барысында қатысушылардың орталықпен танысу экскурсиясы, өзара танысып, бір ортаға бейімделу мақсатында танысу кеші, «Жастар» педагогикалық тобының концерті, «Білгір географ» зияткерлік ойыны өткізілді. Сайысқа қатысушылар мен жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді. Семинарға қатысушылар алғыс хат, сертификаттармен марапатталды.

Семинар соңында қатысушылар география және жаратылыстану пәндерін оқытудағы интербелсенді әдістердің тиімділігі бойынша диалогтық пікір алмасып, кері байланыс парағын толтырды.

Адия Каиржанова