Елге қамқорлық – ортақ мұрат
Елге қамқорлық – ортақ мұрат

Партия атынан сайланған Президент айналасында халықты біріктіру, элитаны тұтастыру – басты бір міндет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен, Үкімет мүшелерінің, Nur Otan партиясы және оның Мәжілістегі фракциясы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиында партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысы қаралды.


Отырыста Премьер А.Маминнің, Мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің және Үкімет мүшелерінің баяндама­ларын мұқият тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы партияның ерекше рөліне тоқталды.

– Бүгінде партиямыздың алдында Nur Otan атынан сайланған ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңа­йында қоғамды жұмылдыру, элита­ны топтастыру міндеті тұр. Еліміз­дің же­тек­ші саяси күші ретінде партия мем­ле­­кетімізді өркендетудің стратегия­лық бағдарының сабақтастығын қам­та­масыз етуге тиісті. Сондықтан Үкімет пен фракция адамдардың нақты мәселелерін бірлесе шешуге тиіс, – деді партия Төрағасы.

Елбасы сайлауалды бағдарламаны және Ұлт жоспарын орындау нәти­желерін атап өтті.

– Біз оң нәтижелерге қол жеткіз­дік. 3,5 жыл ішінде 430 мыңнан ас­там жұмыс орындары құрылды. 2,7 мың шақырым жол салынды. Еура­зиялық трансконтиненталдық дәліз іске қосылды. Шағын және ор­та бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 28 пайыз­ға жетті. Тек бір жыл ішінде ғана біз Қазақстанның Doing Business рей­тин­гін­дегі позициясын 8 тұғырға жақсар­тып, 28-орынды иелендік, – деді Тұңғыш Президент.

Н.Назарбаев партияның қалған мін­деттемелерін жүзеге асыруға бай­­ланысты ықтимал тәуекелдерді нұс­қады.

– Мысалы, оның бірі ішкі нарық­ты отандық азық-түлікпен молық­ты­ру­ға қатысты болды. Алайда ауыл ша­руа­шылығы тамақ өнімдерінің им­порты жоғары болып қалуда және 3,6 миллиард долларға жеткен. 2015 жылы 3,4 млрд долларды құраған, яғни артуда. 3,5 жыл ішінде ет импорты небәрі 4 пайызға ғана төмендеген: 49 пайызын сол бойы шетелден таси­мыз. Қазақстан азық-түлікпен өзін толық қамти алуға қауқарлы. Негізі, елдің қауіп­сіздігі бірнеше құрауыштан тұра­ды: қорғаныс, энергетикалық қауіп­сіздік және ең бастысы – азық-түлік қауіп­сіздігі. Бұлардың барлығы болса, ха­лық тоқ болады, үйлерінде жылу бо­ла­ды, елде бейбітшілік болады, – дег­ен партия Төрағасы қалған 1,5 жыл­­­да сала бағдарламада көзделген көр­­сеткіштерге жетпеуі мүмкін екеніне на­зар аудартты.

Ауылдарды кең жолақты ин­тер­­нетпен қамтамасыз ету міндеті де әзірге толық орындалмай тұр. Бұ­ған қоса, жоғарғы оқу орындарына қа­тысты мәселе сақталып отырғаны алға тар­тылды.

– Олардың саны халықаралық стандарттарға сәйкес оңтай­лан­дырылуы қажет еді. Бірақ ЖОО-лар саны кеміген жоқ. Әңгіме олар­дың санында емес, қандай ма­ман шығаратынында. Білімі таяз, жаңа ілім меңгермеген кадрлар кімге керек? Олар жұ­мыс­­сыздар санын арттырады. Кей­бір ЖОО-лар сапалы оқы­­тушылық-профессорлық құ­рам­ды тарта алмайды. Оның үс­тіне жоғарғы оқу орындарының саны бірте-бірте қайтадан өсе бас­тады. Мен міндетті түрде азай­сын деп отырған жоқпын. Ма­ман даярлау үшін қажетті ба­засы, зертханалары бар ма? Он­да рұқсат. Қазақстандық уни­верситеттер білікті кадрлар даяр­лауға тиіс! – деді Елбасы.

Ол жеңіске жеткен партияның сай­лауалды бағдарламасы Үкі­мет­тің бес жылдық қызметінің ұстын-негізіне айналуға тиістігін, ал партияның Мәжілістегі фрак­ци­я­сының мүшелері қауіп-қа­тер­лерге дер кезінде ден қоя отырып, бағдарламаның орын­далуын ұдайы бақылауда ұстауы керектігін нықтады.

– Біздің міндет – ұзақ мер­зім­ді көшбасшылықты сақтау. Мә­жілістің алдағы сайлауына ар­налған партияның жаңа Сай­лауалды бағдарламасын әзірлеу жұ­мысы бүгіннен басталуы қажет. Әртүрлі әлеуметтік топтардың мүд­делерін білдіріп, адамдардың нақ­ты сұраныстарына жауап бе­ре отырып, елге бағдарланған тә­­­сілге сүйенген жөн, – деді Н.Назарбаев.

Сонымен бірге Елбасы өңір­лер­дің даму бағдарламаларын жү­зеге асыру барысын да тілге тиек етті.

– Қазіргі кезде осы бағыттағы стратегиялық бағдарламалар қа­ғаз жүзінде, формальді түрде жү­зеге асырылуда. Олардың орын­далуына лайықты бақылау жоқ. Кейбір пункттері мүлдем іске асы­­­рылмайды да. Жоспарланған көрсеткіштерді үнемі түзетулер жүр­гізілуде. Сол себепті Ұлттық эко­номика министрлігі Nur Otan партиясымен және оның фрак­циясымен бірлесіп, осы бағ­дар­ламалардың орындалу барысы туралы есептерді тыңдауды ұйым­дастыруы керек. 2025 жылға дейін­гі аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын жасау­ға кіріскен абзал, – деді Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті.

Осыған байланысты ол 2020 жыл­дың 1 наурызына дейін әр ау­дан, қала және облыс үшін ау­мақтық даму бағдарламасын әзір­леуді тапсырды.

Елбасы Nur Оtаn партия­сы­ның Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттардағы фракциясының жұмысына тоқталып, көшбасшы партияның рейтингі барлық дең­гейдегі депутаттар жұмыс­тары­ның нәтижесінде қалып­та­сатынын ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев де­пу­­таттардың өңірлерге жұ­мыс сапарларының форма­тын қайта қарауды және партия­ның қоғамдық қабылдау бөлме­ле­рін­де бірінші басшылар мен азаматтардың кездесуін ұйым­дас­тыру жұмыстарын жан­дан­дыруды жүк­теді.

– Талдау нәтижесі біздің пар­тияның депутаттары бұқара­лық ақпарат құралдарын жет­кі­­лікті пайдаланбайтынын көр­сетті. Мұның сыртында Nur Оtаn фракциясы қоғамды тол­ған­дыратын өзекті мәселелер бойынша бастама көтере бермей­ді. Соңғы бірнеше ай ішінде біздің фракция мүшелері бірде-бір резонанстық іс бойынша өз ұстанымдарын білдірмеген, – деді Тұңғыш Президент.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев фракция жұмысында бюрокра­тия­ны және үйлестірудің күрделі процедураларын жою қажеттігін айтты.



Ол партия органдарының – Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әре­кет жөніндегі республикалық қо­ғамдық кеңестің жұмысын жан­дандыру туралы тапсырма берді.

– Осы органдарға кіретін де­путаттар белсендірек әре­кет етуі керек. Көкейкесті мә­се­ле­лерді сындарлы түрде кө­те­­ріп, жұртшылықты тарта оты­рып, нақты шешу жолдарын ұсын­ған­дарыңыз жөн, – деді партия Төрағасы.

Сонымен бірге, Тұңғыш Пре­зидент өздеріне Консти­ту­ция арқылы бекітілген заң­на­малық бастаманы фракция де­путаттарының іс жүзінде қолдана бермейтініне көңілтолмастық білдірді.

– Депутаттар – партияның дің­гегі, белсенді электораттың негізі. Халық сіздерге партия ар­қылы тиісті өкілеттіктер берді. Азаматтарымыздың мәселелерін шешу жолында жұмыс істеуле­ріңіз керек. Сонда рейтинг те жо­ғары болады. Тәуелсіздіктің осы жылдарында біз бірлесіп, бі­раз іс тындырдық. Депутаттық кор­пустың осы құрамы жақсы жұ­мыс жасады деп санаймын, – деп жоғары бағалады Елбасы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев партияның саяси көш­басшылығын сақтап қалудың маңыздылығына екпін түсірді.

– Біздің басты міндетіміз – тұрақтылық, Қазақстанның өсіп-өркендеуі және қарапайым аза­маттардың әл-ауқатын жақ­­сарту. Бүгінгі айтылған әңгі­ме­лердің барлығы соған ке­ліп тіре­леді. Сондықтан уәде­лері­міз­ді орындау үшін бар күш-жі­ге­рімізді жұмсауымыз қажет! – деген Елбасы алдағы бірлескен жұмысқа зор табыс тіледі.

Өз кезегінде Премьер-ми­нистр Асқар Мамин Елбасы, Nur Otan Төрағасы қойған бар­лық міндеттерді жүзеге асыру мақ­сатында Үкімет жоспарлы әрі нысаналы жұмыс жүргізіп жат­қаны туралы құлағдар етті. Оның дерегінше, Тұңғыш Пре­зи­дент тапсырмаларын сапалы орындау және нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін екпінді іс-қи­мылдардан тұратын жол кар­т­а­лары әзірленді.

– Фракциямен бірлесіп жү­зеге асырылып жатқан шаралар Nur Otan-ның халық алдындағы сай­лауалды міндеттемелерін то­лығымен орындап, қоғам алдын­дағы тиімді шешімдер қа­был­дайтын нақты істер партиясы ре­тіндегі беделін күшейтуге үлес қосуда. Партияның сайлауал­ды бағдарламасы бойынша іс-шаралар жоспары іске асы­рылу­да. Тұғырнаманың барлық бағыт­тары ең көкейкесті мәселелерді шешуді қамтиды, – деген Асқар Мамин олар жайын тарата айта кетті.

«Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру арқасында Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы тран­сқұрлықтық көпірге айнал­ды. Автокөлік жолдарының желісін, теңіз порттарын, темір жол­дарды қоса алғанда, көлік инф­рақұрылымын жаппай жаң­ғыр­ту жүргізіліп жатыр.

– Темір жолдардың оңтайлы же­лісі толық қалыптастырылды. Логистикалық инфрақұрылым құрылып жатыр. Келесі жылы негізгі транзиттік автомобиль дә­ліздері бойынша жол жүру қам­тамасыз етілетін болады, – деді А. Мамин.

Қазіргі уақытта барлық отан­дық МӨЗ-дердің жаңғыртылуы толық аяқталды. Қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын полипропилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Қуаттылығы 1 млн 250 мың тонна болатын по­лиэтилен өндіру жобасын іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Үкімет жетекшісінің ақпа­ра­тынша, 2018 жыл қорытын­ды­сында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 2016 жылмен са­лыстырғанда 21,7%-ға ар­тып, $15,7 млрдты құрады. Ал көр­сетілетін қызметтер экспорты 15,8%-ға немесе $7,3 млрд-қа дейін артты. Жалпы, 2016 жылдан бері өнеркәсіп көлемі 15,7%-ға, өң­деу өнеркәсібі – 16,3%-ға ұлғай­ды.

Қазақстан экономикасы қар­қынды өсуін жалғастыруда. 9 айдың қорытындысында эко­но­миканың өсімі 4,3 пайыз бол­ды.

Үкімет негізгі капиталға са­лы­натын инвестициялар көр­сеткішін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жеткізуді көз­деп отыр. Бүгінде 2020–2024 жылдары 41 триллион тең­ге көлемінде инвестиция тар­туға мүмкіндік беретін ин­вес­тициялық жобалар пулы қа­лыптастырылған. Аталған мін­детті шешу $34 млрд дейін ті­к­елей шетелдік инвестициялар ағы­нын қамтамасыз етеді, бұл – 2024 жылға қарай ұлттық эко­но­миканың 5%-дап өсуін қам­та­масыз етудің негізгі шарты.

– Nur Otan партиясының сай­лауалды бағдарламасы мен Ұлт жоспарын тиімді әрі мақ­сат­ты іске асыру еліміздің бүгін және болашақта қарқынды әрі сапалы дамуы үшін берік негіз қалайды. Әрбір іс-шара қазіргі Қазақстанның дамуы үшін аса маңызды мәселелерді шешеді, – деді Асқар Мамин.

Ал Мәжіліс басшысы, Nur Otan партиясы фракция­сының же­текшісі Нұрлан Нығматулин Қа­зақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа пар­тия мен мемлекеттің негізгі бағ­дар­ламаларын жүзеге асыру ба­­ғытындағы парламенттік фрак­­­цияның жұмысы туралы баян­дады. Ол сайлауалды бағдар­ла­ма мен Ұлт жоспарының орын­далуы Nur Otan фракциясының бақылауында болатынына сендірді.

Оның мәліметінше, парти­я­ның сайлау алдында өз мойнына қа­былдаған міндеттемелерін орын­дау үшін Парламент 72 заң қабылдаған екен. Бүгінде 112 міндеттеменің 31-і толық орын­далыпты. 75-і – орындалу үс­тінде. Тағы 6-ы фракция мен Үкі­меттің ерекше бақылауында.

– Қазіргі уақытта алда­ғы үш жылға арналған респуб­ли­­калық бюджет жобасын қарау­да­мыз. Депутаттық корпус пар­­­тияның қалған барлық сай­­лауалды міндеттемелерін қар­жыландыруды қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Мы­салға, депутаттар осы мақ­сат­қа және Сіздің басқа да тап­сыр­маларыңызды орындауға 85 миллиард теңгені қайта бөлу ту­ралы ұсыныс енгізді. Nur Otan сайлауалды бағдарламасын жү­зеге асыру ісі Парламент пала­та­лары мен Үкіметтің ұдайы ба­қы­лауында, – деді Нұрлан Нығ­матулин.

Сондай-ақ, парламенттік фрак­ция «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бес институттық ре­формасын жүзеге асыру жө­нін­дегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу бары­сы­на талдау жасапты. Талдау нә­ти­же­лері көрсеткендей, 58 қадам ша­ралары аяқталды, тағы 42-сі – орындалу сатысында.



Палата спикері нұротандық фракция барлық мемлекеттік бағ­дарламалардың да атқарылуын қатаң бақылауға алғанын нық­тады.

– Мәжілістің бейінді ко­ми­теттерінің әрқайсысы өз ба­ғыт­тары бойынша ең ал­ды­мен, индустриялық-иннова­ция­лық даму, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылап отыр, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен қатар, ол партияның сайлауалды бағдарламасы мен мем­лекеттік бағдарламалар көр­сеткіштері арасындағы нақты сәй­кестіктің болуы қажеттілігіне ек­пін түсірді.

Н.Нығматулин бақылауды кү­шейту үшін фракцияның жұмысы да қайта құрылғанын мәлім етті. Мәселен, фракция жанында жұмыс істейтін бүкіл кеңестердің орнына Бюджет қаражатының жұмсалуына жүйелі бақылауды қам­тамасыз ететін комиссия ға­на қалдырылды. Бұл бақылау са­пасын арттыруға мүмкіндік бе­ретін көрінеді.

– Сіздің идеяларыңыз бен стра­тегиялық ойларыңыздың бел­сенді ілгерілетушісі болу үшін біз жүйелі әрі бастамашыл қыз­метке ден қойдық. Сіздің барлық бас­тамаларыңыз, аса маңызды мем­лекеттік бағдарламалар әр­дайым қажетті заңнамалық қол­­дауға ие болады. Сіз қойған мін­­деттердің барлығы табысты жү­зеге асырылады, – деді Нұрлан Нығматулин Елбасы, пар­тия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа.

Премьер-министрдің бі­рін­ші орынбасары–Қаржы ми­нистрі Әлихан Смайылов Үкіметтің басым міндеттерінің бірі – кәсіпкерлікті қолдау және дамыту екенін айта келе, қазіргі кезде экономикалық белсенді халықтың 30 пайыздан астамы шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтынын хабарлады.

«Соңғы 5 жылда шағын жә­не орта кәсіпкерлік нысан­дары­ның саны 1,5 есеге өсіп, 1,3 миллионнан асты. ЭЫДҰ стан­дарттарына сәйкес, бәсеке­лес­тікті дамыту жұмыстары ат­қарылуда. Экономикадағы ШОБ үлесі 28 пайызды құрайды. Үкімет алдында бұл көрсеткішті 2025 жылы 35 пайызға, 2050 жылы – 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл үшін жүйелі шаралар қа­былдануда», – деді І вице-пре­мьер.

ШОБ-ті қолдаудың ең тиім­ді құралы ретінде танылған «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы іске асырылған жыл­дары 14 мыңнан астам жобаның 2,5 триллион теңге сомасындағы кредиттеріне 241 миллиард теңге субсидия бөлінді. 6 мың жоба бойынша 230 млрд теңгелік не­сиеге кепілдік берілген. Жаңа биз­нес идеяларға 3 миллион тең­геге дейін мемлекеттік грант­тар ұсынылады. Бұл ретте 2,5 мың­нан астам жоба бойынша 5,7 миллиард теңгеге гранттар тара­тылған.  

Кәсіпкерлікке 200 мың адам оқытылған. Бағдарламаға қа­тысушылар 95 мың жаңа жұмыс орындарын ашыпты.

Вице-премьер Бердібек Са­пар­баев Nur Otan сайлауалды бағдарламасында халықтың жағ­дайын жақсарту, еңбек етумен бай­ланысты тапсырмалар беріл­генін еске сала келе, олардың бәрі рет-ретімен орындалып жат­­­қанын мәлімдеді.

– Азаматтардың ахуалын арт­тыру үшін ең қажеттісі – жұ­мыс­пен қамту. Өңірлерді ара­лап, халықпен кездескенде де та­­быс табу, жастарды қолдау, әлеу­меттік көмекке тең жағдай жа­сау мәселелері азаматтарды тол­ғандыратынына көз жеткіздік. Елімізде жұмыспен қамту жә­не жаппай кәсіпкерлікті да­мыту Сіздің тапсырмаңызға сай қабылданған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. 2019 жылдың 9 айында жұмыспен қамту ша­раларына жарты миллионға жуық адам тартылды. Оның ішінде 335 мыңы жұмысқа орналасты, – деді вице-премьер.

Жастар жылы аясында жас­тар­ды белсенді жұмыспен қам­туға күш салынуда. «Жастар прак­тикасына» 30 мыңнан астам адам жолданған. «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 30 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқы­ды.

– Жұмыспен қамтудағы ең маңыздысы – жаңа жұмыс орын­дарының ашылуы. Болжамға сүйе­нсек, 2021 жылы жұмыс орын­­дарының таза өсімі тек 283 мыңды, ал жұмыс күші 9 мил­лион 400 мың адамды құрамақ. Осыған байланысты еңбек нары­ғын қамтамасыз ету үшін біз жыл сайын ең кем дегенде 370 мың жаңа жұмыс орындарын құруымыз керек. Биылғы жылы ең кемі 332 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір ол тап­сырма 80 пайызға орындалды, – деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде вице-премьер Ро­ман Скляр партияның сай­лауал­­ды бағдарламасы және Елбасы тапсырмалары бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту жайын сөз етті.

– Бұл шаралар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­да жү­­­зеге асырылуда. Нәтиже­сін­­­де, 2400 шақырым рес­пуб­ли­­­­­калық маңыздағы автомо­биль жолы салынды және ре­­кон­стру­кцияланды. 1100 ша­­қы­рым жаңа теміржолдар пай­­далануға бе­рілді. Қытаймен ше­карадағы тер­минал инф­ра­құры­лымының өт­кізу қабілеті жылына 40 мил­лион тоннаға дейін ұлғай­тыл­ды. «Ақтау» портының кеңеюі­не және «Құрық» жаңа пор­тының бой көтеруіне бай­ла­нысты Каспийдегі теңіз ай­лағы инфрақұрылымының өт­кізу қабілеті жылына 27 мил­лион тоннаға дейін өсті. Нұр-Сұлтан қаласында жаңа темір жол вокзалы және жаңа әуе­жай терминалы тұрғызылды. 15 әуежайдың ұшып-қону жола­ғ­ын­да қайта құру аяқталды, – деді Р.Скляр.  

Бұлардың барлығы қазақ елі­­нің әлемдік жүк тасымалы жүйе­сіне дендей кірігуіне және одан ел қазынасына мол табыс құйы­ла бастауына мүмкіндік бер­­ді. Үкімет басшысы орын­ба­сарының айтуынша, Қазақстанға қа­зіргі уақытта «Азия мен Еуропа ара­сындағы негізгі құрлықтық тран­зиттік хаб» мәртебесі бекі­тілген.

Кеңес соңында Мәжі­ліс төра­ғасы, Nur Otan фракция­сы­ның жетекшісі Нұрлан Нығматулин Үкімет, партия мен фракцияның алдағы жұмысының негізгі бағыттарын белгілеп бергені үшін Елбасыға ризашылық білдірді.

«Бүгін алдымызға қойыл­ған барлық міндеттерді біз­дің фрак­ция, Үкімет және пар­тия­мыздың орталық аппараты үл­кен абыроймен атқарады деп сен­діруге рұқсат етіңіз!» – деді спи­кер.