М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде Nur Otan партиясының «Менің Туым, Менің Отаным!» республикалық акциясы аясында мемлекеттік Туға құрмет көрсету рәсімі өтті. Іс-шараға университеттің басқарма төрағасы Т.Нәрікбаев, ерікті студенттер, білім және ғылым саласының қайраткерлері қатысты.
Акцияның мақсаты – мемлекеттік Туды насихаттау және қазақстандық жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Республикалық акцияға Қазақстанның мемлекеттік Туын белсенді насихаттайтын студенттік жастар да үн қосып отыр. Салтанатты шарада университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры А.Пирзадаев, Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы төрағасының орынбасары В.Сергеев сөз сөйлеп, білімді, білікті жастардың ел болашағы екендігіне ерекше тоқталды.
– М.Нәрікбаев атындағы университет әуелден еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі. Заңтану және экономика саласындағы көптеген көрнекті қайраткерлер – біздің университетіміздің түлектері. Мұндағы түрлі халықаралық олимпиадалардың белсенді қатысушылары мен жеңімпаздары саналатын студенттер мен оқытушылар Қазақстанның жалауын халықаралық аренада сан мәрте көтеріп жүр. Біз олардың жолына үмітпен қараймыз. Бүгінгі салтанатты шараға студенттер белсенді түрде қатысып, аталған рәсімді университетімізде өткізуге атсалысып отырғанын мақтанышпен айтқым келеді, – деді университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры А.Пирзадаев.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін қабылдау процесіне Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі орасан зор. Елбасының тікелей жетекшілігімен 1992 жылы жаңа мемлекеттік нышандарды даярлау бойынша жұмыс тобы құрылды. Сол уақыттан бастап еліміздің мемлекеттік рәміздері Қазақстанның табысты дамуының белгілеріне айналды.
Әбілмансұр ЖАСАН