Пікір
Пікір
Елбасы төраға­лы­­ғы­мен Үкімет, Nur Otan партиясы және Парламент Мә­жі­­лісіндегі пар­тия фрак­­циясының мү­ше­лері бас қо­сып, бірқатар келе­лі мәселені тал­қы­ла­ды
 
Ертаев.jpg
Бақытжан ЕРТАЕВ, Мәжіліс депутаты: Nur Otan фракциясының мүшесі:

Партия жұмысын жандандыруды тапсырды

– Елбасы төраға­лы­­ғы­мен Үкімет, Nur Otan партиясы және Парламент Мә­жі­­лісіндегі пар­тия фрак­­циясының мү­ше­лері бас қо­сып, бірқатар келе­лі мәселені тал­қы­ла­ды. Жиын­да Үкімет Nur Otan пар­тия­сы­ның сайлауал­д­ы бағдарламасының іске асы­рылуы бойынша есеп берді.

Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Парламенттегі партия фракциясына «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасам­паздық» атты сайлауалды бағдарла­масы шеңберінде бірқатар міндет жүктеп, елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы партияның ай­рықша рөлін атап өтті.

Өңірлерді дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылу барысын, фракция жұмы­сын­да бюрократияны және үйлестірудің күр­делі процедураларын жою қажеттігін, партияның саяси көшбасшылығын сақтап қалудың маңыздылығы да жиын барысында сөз болды. Сондай-ақ Елбасы Nur Оtаn партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциясының жұмысына баға беріп, Nur Оtаn партиясының рей­тин­гі барлық деңгейдегі депутаттардың ат­қар­ған жұмыстарының нәтижесінде қалып­тасатынын жеткізді. Жиын соңын­да депутаттардың өңірлерге жұмыс са­пар­­ларының форматын қайта қарауды және пар­тияның қоғамдық қабылдау бөлмеле­рінде бірінші басшылар мен азаматтардың кездесуін жоғары деңгейде ұйымдастыруды, партия органдарының – Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыруды тапсырды.

 

Зәуреш Аманжолова.jpg
Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі:

Ашылмай жатып, жабылған зауыттарды сынағаны орынды

— Елбасы Н.Назарбаев­тың Nur Otan пар­тия­сы­ның жиы­нында көтер­ген мәсе­лелері өте орынды. Партияның жұмы­­сын қайта жандандыруды қатаң қа­да­ға­лап отыр. «Халықтың уәжін естіп қана қоймай, мұң-мұқтажын тыңдайтын мем­лекет болуымыз керек» деп тапсырма берген болатын. Соған орай, халықпен етене жақын жұмыс істей білуі маңызды екенін баса айтты. Әсіресе, депутаттардың аймақтарды аралағанда, аудан, облыс орталықтарымен қатар, шалғай жатқан елді мекендерді түгел қамтуы керек екенін айтты. Халықпен жүздесуде ел ішіндегі мәселелерді ашық талқылау керегіне баса мән беруге шақырды.

Сондай-ақ жиында кейінгі кездері атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алғандардың қарасы көп екенін, жергілікті жерлерде жәрдемақыны төлеу жүйелі жүргізілмегенін сынға алды. Тұрмысы жоғары отбасылар да табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алып келген жағдайлар жиі кездеседі. Елбасы елдің тұрмысын түзеуге бағытталған бастама, жобалардың өз деңгейінде жүзеге асуына белсенді атсалысу керегіне басымдық беріп отыр. Алдағы уақытта халық арасында шешімін таппаған мәселелер оңтайлы шешіледі. Сол кезде мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек тиесілі азаматтарға қолжетімді екеніне көпшіліктің көзі жетеді.

Елбасы айтқан тағы бір мәселе — халықты тұрақты жұмыспен қамту. Ол үшін отандық өндірісті дамыту ең маңызды фактор екені ақиқат. Кезінде телекөпір арқылы іске қосылған зауыттардың көпшілігі бүгінде өнім шығармастан, жабылып қалған. Телеарналар арқылы халықтың көз алдында ашылған зауыттардың, шын мәнінде, жұмыс істемейтіні халықтың наразылығын тудырады. «Ашылды» де­ген ақпарат тараса да, іс жүзінде жұмыс істемей жабылып қалған зауыттардың жұмысын сынға алғаны орынды. Себебі ел экономикасын дамытудың кілті  — халықты тұрақты жұмыспен қамту, өндірісті дамыту, отандық өнім көлемін арттыру. Сондықтан Елбасы айтқан сыннан нәтиже шығарған абзал. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта жүйелі жалғасын табады.

Айсина.JPG
Майра АЙСИНА,  Мәжіліс депутаты,  Nur Otan фракциясының мүшесі:

Халықтан жасырынып, қашудың қажеті жоқ

— Елбасының ха­лық­пен тығыз жұмыс істеу мәселесін кө­те­ріп отырғаны өте орынды. Ел арала­ған­да шалғай ауылдың тұрғындарымен жиі кез­десемін. Шындығында, халыққа мәсе­ленің мәнісін түсіндірсең, тың­дай­ды. Ұсыныстарын айтады. Өзіне қажетті ақпаратты, құқығын қорғайтын заңдардың артықшылығынан хабардар болғанына ризашылығын білдіреді. Сон­дықтан депутаттар халықпен ашық жұмыс істеуі керек. Бүгінгі таңда ел про­б­лемасын әлеу­меттік желі арқылы басқарушы орындарға жеткізіп жатады. Оның себебі мұң-мұқ­та­жын айтып барған мекемелердің олардың өтінішіне немқұрайды қарайтыны, уақытылы жауап бермейтіні ішінара кездесіп жатады. Түсінбестік туындайды. Проблема қордаланып, жинала берген соң, шешімін табуы да қиындай түседі. Сондықтан әрбір өтініш, ұсыныс жерде қалмауы керек. Өйткені халықтан қашудың қа­жеті жоқ. Тұрмысын түзеу, құқығын қорғау мәселесіне қатысты сауалдарына нақты жауап алған кезде ел де жергілікті бас­қару­шы органдардың жұмысына оң баға беретін болады.

Жиында Елбасы сынға алған сала­лардың жұмысын жандандыруға бәріміз атсалысқанымыз жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейтінін» ұдайы қаперде ұстауымыз қажет.

Соңғы кездері қоғамда қызу талқыланған атаулы әлеуметтік көмек беру, міндетті медициналық сақтандыру мәселелері жергілікті атқарушы органдардың шынайы жұмысын көрсетті. Сол себепті кез келген бастама, жаңа жобаларды түсіндіру, іске асыруға атсалысу — депутаттардың міндеті.

Елдің көкейтесті мәселесі ашық тал­қы­ланған кезде уақытылы шешімін табады. Елбасы айтқан сыннан нәтиже шығуы тиіс.