Ғалиасқар Сарыбаев, Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Өзара түсіністік – өркендеу негізі
Ғалиасқар Сарыбаев,  Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары: Өзара түсіністік – өркендеу негізі

Мемлекет басшысы өзінің ха­лыққа арнаған алғашқы Жол­дауында алға жылжыған жыл­дар­мен бірге қазақ тілінің рөлі күше­йіп келе жат­қанын айрықша атап өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қо­­ғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің не­гізі» атты Жолдауында заманауи мемлекеттің басты талаптары жай­лы жан-жақты айтылды. Сонымен бірге өңірлерді өр­кендетуге ерекше назар аударыл­ды. Осы маңызды мін­деттерді жүзеге асы­руда нені бас­шылыққа алғаны­мыз жөн?

– Мемлекет басшысы өзінің ха­лыққа арнаған алғашқы Жол­дауында алға жылжыған жыл­дар­мен бірге қазақ тілінің рөлі күше­йіп келе жат­қанын айрықша атап өтті. Қазақ тілінің еліміздегі ұлта­ралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенімен, тіл сияқты аса нәзік әрі маңызды салада асығыс­тық, құр байбаламның жөні жоқ­тығын, барлығы ретімен жүзеге асуы қажетін еске салды. Жүйесіз жүргізілген кез келген нәр­сенің, әсіресе, тілге, дінге қатысты шара­ның ішкі саяси жағдайды тұрақ­сыздандыруға әкеліп соқтыруы, тіпті мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін­дігін ескертті.

Осыған орай, еліміздегі саяси реформаларды «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, тыңғы­лық­­ты са­раптап барып, бір-ақ жү­­зеге асы­руы­мыз тиіс. Біздің басты ұс­таным – елді қоғамдық-саяси тұр­ғыда жаңғырта отырып, та­быс­ты саяси реформа жүргізу. Пре­зи­дент Жолдауында осыған қатысты тың ойлар айтылып, оны атқа­ру­дың нақты жолдары көрсетілді.

Ал өзара түсіністік пен сенім болмаған жерде тұрақтылық пен өркендеу туралы айтудың өзі қиын. Жолдауда көрсетілгендей, бейбіт акциялар заңның шеңбе­рінен шық­пайтын және азаматта­рымыздың тыныштығын бұзбай­тын болса, қалың бұқараға ойы мен ұсынысын білдіретін бейбіт жиындарды өткізуге рұқсат ету, олардың бастарын қосуы үшін арнайы орындар бөлу қолға алын­ды. Бұл да дер кезінде ойлас­ты­рылғаны сөзсіз.

Биылдың өзінде өңірімізде Балпық би бабамыздың 325 жыл­дығы мен І.Жансүгіровтың 125 жыл­дық мерейтойлары аталып өтіп, рухани құндылықтарымызды қайта қарау жұмысы дұрыс жолға қойылды. Кітап қоры жаңа оқу­лық­тармен толықтырылып, өске­л­ең ұрпаққа өшпес қазына – өне­гелі тәрбие бе­ретін тарихи мәні жоғары ғылыми конференциялар өтуде.

– Ел экономикасының еңсе тік­теуі – халықтың әл-ауқатының ар­туына ықпал етеді. Көштен қала қой­мадық десек те, әлі де назар ауда­ратын тұстарымыздың баршы­лық екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңа жолдауда осы мәселелер қалай қамтылды деп ойлайсыз?

– Атына заты сай, экономи­ка – елдің өркендеуі мен дамуы­ның өзегі. Қарқынды түрде да­мы­ған және инклюзивті экономи­ка­лық әлеуетке ие болмай, басқа елдермен иық тірестіре алмасымыз анық. Осы орайда, Мемлекет бас­шысы білім экономикасы мен ең­бек өнімділігін арттыру, иннова­цияны ел игілігіне айналдыру жол­дарын жан-жақты түсіндірді. Экономиканың ең тиімді бағыты ретінде шағын және орта биз­неске баса назар аударатын, кә­сіпкерлікті барынша қолдайтын кез келіп жетті. Өйткені шағын және орта бизнес қанатын кеңге жайып, аяғынан нық тұрса, қала мен ауылды дамытудың берік негізі қа­ланады. Мұны бүгінгі заман ыр­ға­ғының өзі дәлелдеп отыр. Осы­ған байланысты мемлекет алдағы уақытта да бизнеске барынша қолдау көрсете бермек. Аталған мақсатта Ұлттық қордан 100 мил­лиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, «қарапайым заттар эко­номикасын» табысты жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Бұл жолғы Жол­дауда Үкіметке кіші және шағын бизнес саласындағы компания­ларды табысқа салынатын са­лық­тан үш жылға босату үшін заң­на­малық база әзірлеу тапсырылды.

Біздің өңірдегі кәсіпкерлік са­ласында жетістіктер аз емес. Алматы облысының әрбір төртін­ші тұрғыны шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Олар жал­пы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шығарады.

Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қо­сымша алдағы үш жыл ішінде тағы 90 миллиард теңге қарастыру тап­сы­рылып, туризмді дамытудың өзек­­тілігіне өзгеше көңіл бөлінді. Бү­гінгі күні облыста бұл бағытта 7 млрд теңгеге 43 жоба жүзеге асырылуда.

– Халықты, бірінші кезекте, сырт көмекке мұқтаж жандарды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың маңызы аса зор. Мемлекет басшысы өзінің Жол­да­уында осы тұрғыдағы мәселелерге баса назар аударып, Үкімет пен әкім­дерге, тиісті сала басшыларына бір­қатар тапсырма берді. Бұл туралы не айтасыз?

– Жұртты қуантқан тағы бір жаңалық – Президенттің Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы тө­ле­мін енгізуді 2023 жылға дейін ше­геруді тапсырғаны. Сонымен бірге еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысық­тауды да жүктеді.

Мемлекет басшысы өз Жол­да­уында 2020 жылдан бастап мұғалім­дер жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп, төрт жылда екі есеге көтері­летінін мәлімдеді. Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметшілерінің де жалақысын арттыру жөнінде ұсыныс жасады. Елімізде азамат­тар­ды табиғи және техногенді апаттан қорғау мәсе­лелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар елімізде ғана емес, әлемде көбейіп келеді. Сондықтан бұл са­лада кә­сіби мамандар жұмыс істеуі керек. Үкіметке Ішкі істер министр­лігінің реформасына бөлінетін қара­жат негізінен азаматтық қорғау қыз­меткерлерінің еңбекақысын көтеруге 40 млрд теңге бөлу туралы айтылды.

Президенттің 2020 жылдан ­ба­с­тап мәдениет саласы қызмет­керлерінің айлығын көтеру жайлы ойы да көпшіліктің қолдауына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жыл­дары көбейген жоқ. Соның сал­дарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, ла­йықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», – деді. Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігер­лердің міндетті әлеуметтік жеңілдік­терін мәдениет саласының өкілдеріне де қолдануды ұсынды.

Биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілде­тіл­ген мөлшерлемемен, алғашқы жар­насы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылып, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға үлкен мүмкіндік жа­сал­ды. Жолдауда айтылғандай, мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға 240 мил­лиард теңгеден астам қаражат бөледі. Өңірлердегі тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеуге де қыруар қаржы бөлінеді.

Қазіргі кезде облыста 3 566 көп­пәтерлі тұрғын үй бар, соның 1 998-і жөндеуді қажет етеді. Сон­дықтан осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану керек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Алматы облысында 657 өтініш қабылданған, соның 286-сы мақұлданды. Биыл барлық бағыт бойынша 1 447 от­ба­сын қамтамасыз етеміз деп жос­парлап отырмыз. Тағы бір мәселе – тұрғын үй қорларын жөндеу мен қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа өңір­лерге екі жылда бюджеттік несие түрінде 30 млрд теңге бөлінеді.

«Бақытты отбасы» жобасы аясында Алматы облысында Әлеу­меттік карта жасалып, 44 мың отба­сының әлеуметтік көмекке мұқтаж­дығы анықталды. Аз қам­тылған отба­сынан шыққан 37 мың балабақ­шалар мен мектептерде ыстық та­мақпен қамтылды. Әлеу­меттік жағ­дайы төмен отбасынан шыққан балаларға тегін 100 грант бөлінді, 136 көпбалалы отбасыға баспана берілсе, олардың 116-сы демеушілер есебінен тұрғын үй алды. Облыс жастарына жалпы 787 білім гранты бөлінді.

Жыл соңына дейін қосымша 672 отбасы баспаналы болады. Қазақстан Президентінің несиелік өтемақыға қатысты Жарлығына сәйкес 95 мың отбасы материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды, 22,6 мың көпбалалы жанұяға улы газдан сақтандыратын дабыл­датқыш орнатылып, 436 отбасына газ тегін тартылды.

– Nur Otan партиясы халықтың сеніміне ие бола бастағанын күн­делікті көріп жүрміз. Осы мақсатта атқарыл­ған жұмыстарды жүзеге асыру үшін партия қатарын­да­ғылардың саны мен сапасының маңызы айтпаса да түсінікті...

– Қазіргі кезде Алматы об­лыс­тық партия филиалының 103 475 партия мүшесі бар. Партиялық жаңғырудың жұмыс жоспарына сәйкес, жаңа жобадағы электронды орталықтан­дырылған есеп база­сына олардың барлығына қатысты мәліметтер мен жеке суреттері енгізілген. Партияның жаңа ло­готипті тулары мен партия­лық атрибутикалар қайта жаңар­тылып, аудан-қалалық филиалдарға жолданды. Барлық бастауыш партия ұйымдарының тулары, ақпараттық тақтайшалары мен баннерлері жа­ңартылуда. Депу­таттық фракцияның жұмысын күшейтуге көңіл бөлінді. Сондай-ақ депутаттық сауалдарды да­йын­дау барысында, алдымен, сай­лау­шыларды толғандырған мәсе­лелер, сонымен бірге партияның сай­лауалды тұғырнамасын іске асы­руға жете назар аударылады.

Алматы облысы бойынша ­пар­тияның қоғамдық қабылдау ­бөл­мелеріне жыл басынан бері 6 184 өтініш келіп түсіп, олардың 3 349 (54%) арыз бойынша түсі­ніктеме беріліп, 2 835 (45%) өтініш оңтайлы шешілді.

Заңға сәйкес шешімін тапты. Бірінші кезекте әлеуметтік салаға байланысты мәселелерді шешіп, көпбалалы аналардан түскен өті­ніштерді орындауға тырыстық.

 

Әңгімелескен
Болат АБАҒАН