Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған алғашқы Жолдауында алға жылжыған жылдармен бірге қазақ тілінің рөлі күшейіп келе жатқанын айрықша атап өтті
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында заманауи мемлекеттің басты талаптары жайлы жан-жақты айтылды. Сонымен бірге өңірлерді өркендетуге ерекше назар аударылды. Осы маңызды міндеттерді жүзеге асыруда нені басшылыққа алғанымыз жөн?
– Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған алғашқы Жолдауында алға жылжыған жылдармен бірге қазақ тілінің рөлі күшейіп келе жатқанын айрықша атап өтті. Қазақ тілінің еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенімен, тіл сияқты аса нәзік әрі маңызды салада асығыстық, құр байбаламның жөні жоқтығын, барлығы ретімен жүзеге асуы қажетін еске салды. Жүйесіз жүргізілген кез келген нәрсенің, әсіресе, тілге, дінге қатысты шараның ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға әкеліп соқтыруы, тіпті мемлекетке қауіп төндіруі мүмкіндігін ескертті.
Осыған орай, еліміздегі саяси реформаларды «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дегендей, тыңғылықты сараптап барып, бір-ақ жүзеге асыруымыз тиіс. Біздің басты ұстаным – елді қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғырта отырып, табысты саяси реформа жүргізу. Президент Жолдауында осыған қатысты тың ойлар айтылып, оны атқарудың нақты жолдары көрсетілді.
Ал өзара түсіністік пен сенім болмаған жерде тұрақтылық пен өркендеу туралы айтудың өзі қиын. Жолдауда көрсетілгендей, бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, қалың бұқараға ойы мен ұсынысын білдіретін бейбіт жиындарды өткізуге рұқсат ету, олардың бастарын қосуы үшін арнайы орындар бөлу қолға алынды. Бұл да дер кезінде ойластырылғаны сөзсіз.
Биылдың өзінде өңірімізде Балпық би бабамыздың 325 жылдығы мен І.Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойлары аталып өтіп, рухани құндылықтарымызды қайта қарау жұмысы дұрыс жолға қойылды. Кітап қоры жаңа оқулықтармен толықтырылып, өскелең ұрпаққа өшпес қазына – өнегелі тәрбие беретін тарихи мәні жоғары ғылыми конференциялар өтуде.
– Ел экономикасының еңсе тіктеуі – халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Көштен қала қоймадық десек те, әлі де назар аударатын тұстарымыздың баршылық екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңа жолдауда осы мәселелер қалай қамтылды деп ойлайсыз?
– Атына заты сай, экономика – елдің өркендеуі мен дамуының өзегі. Қарқынды түрде дамыған және инклюзивті экономикалық әлеуетке ие болмай, басқа елдермен иық тірестіре алмасымыз анық. Осы орайда, Мемлекет басшысы білім экономикасы мен еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны ел игілігіне айналдыру жолдарын жан-жақты түсіндірді. Экономиканың ең тиімді бағыты ретінде шағын және орта бизнеске баса назар аударатын, кәсіпкерлікті барынша қолдайтын кез келіп жетті. Өйткені шағын және орта бизнес қанатын кеңге жайып, аяғынан нық тұрса, қала мен ауылды дамытудың берік негізі қаланады. Мұны бүгінгі заман ырғағының өзі дәлелдеп отыр. Осыған байланысты мемлекет алдағы уақытта да бизнеске барынша қолдау көрсете бермек. Аталған мақсатта Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, «қарапайым заттар экономикасын» табысты жүзеге асыру жолдары қарастырылды. Бұл жолғы Жолдауда Үкіметке кіші және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеу тапсырылды.
Біздің өңірдегі кәсіпкерлік саласында жетістіктер аз емес. Алматы облысының әрбір төртінші тұрғыны шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Олар жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шығарады.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде тағы 90 миллиард теңге қарастыру тапсырылып, туризмді дамытудың өзектілігіне өзгеше көңіл бөлінді. Бүгінгі күні облыста бұл бағытта 7 млрд теңгеге 43 жоба жүзеге асырылуда.
– Халықты, бірінші кезекте, сырт көмекке мұқтаж жандарды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың маңызы аса зор. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында осы тұрғыдағы мәселелерге баса назар аударып, Үкімет пен әкімдерге, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма берді. Бұл туралы не айтасыз?
– Жұртты қуантқан тағы бір жаңалық – Президенттің Үкіметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемін енгізуді 2023 жылға дейін шегеруді тапсырғаны. Сонымен бірге еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды да жүктеді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2020 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп, төрт жылда екі есеге көтерілетінін мәлімдеді. Одан бөлек, азаматтық қорғаныс қызметшілерінің де жалақысын арттыру жөнінде ұсыныс жасады. Елімізде азаматтарды табиғи және техногенді апаттан қорғау мәселелеріне айрықша көңіл бөлінеді. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар елімізде ғана емес, әлемде көбейіп келеді. Сондықтан бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Үкіметке Ішкі істер министрлігінің реформасына бөлінетін қаражат негізінен азаматтық қорғау қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге 40 млрд теңге бөлу туралы айтылды.
Президенттің 2020 жылдан бастап мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығын көтеру жайлы ойы да көпшіліктің қолдауына ие болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе, жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», – деді. Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің міндетті әлеуметтік жеңілдіктерін мәдениет саласының өкілдеріне де қолдануды ұсынды.
Биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылып, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға үлкен мүмкіндік жасалды. Жолдауда айтылғандай, мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледі. Өңірлердегі тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеуге де қыруар қаржы бөлінеді.
Қазіргі кезде облыста 3 566 көппәтерлі тұрғын үй бар, соның 1 998-і жөндеуді қажет етеді. Сондықтан осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану керек. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Алматы облысында 657 өтініш қабылданған, соның 286-сы мақұлданды. Биыл барлық бағыт бойынша 1 447 отбасын қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз. Тағы бір мәселе – тұрғын үй қорларын жөндеу мен қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа өңірлерге екі жылда бюджеттік несие түрінде 30 млрд теңге бөлінеді.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында Алматы облысында Әлеуметтік карта жасалып, 44 мың отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаждығы анықталды. Аз қамтылған отбасынан шыққан 37 мың балабақшалар мен мектептерде ыстық тамақпен қамтылды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тегін 100 грант бөлінді, 136 көпбалалы отбасыға баспана берілсе, олардың 116-сы демеушілер есебінен тұрғын үй алды. Облыс жастарына жалпы 787 білім гранты бөлінді.
Жыл соңына дейін қосымша 672 отбасы баспаналы болады. Қазақстан Президентінің несиелік өтемақыға қатысты Жарлығына сәйкес 95 мың отбасы материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды, 22,6 мың көпбалалы жанұяға улы газдан сақтандыратын дабылдатқыш орнатылып, 436 отбасына газ тегін тартылды.
– Nur Otan партиясы халықтың сеніміне ие бола бастағанын күнделікті көріп жүрміз. Осы мақсатта атқарылған жұмыстарды жүзеге асыру үшін партия қатарындағылардың саны мен сапасының маңызы айтпаса да түсінікті...
– Қазіргі кезде Алматы облыстық партия филиалының 103 475 партия мүшесі бар. Партиялық жаңғырудың жұмыс жоспарына сәйкес, жаңа жобадағы электронды орталықтандырылған есеп базасына олардың барлығына қатысты мәліметтер мен жеке суреттері енгізілген. Партияның жаңа логотипті тулары мен партиялық атрибутикалар қайта жаңартылып, аудан-қалалық филиалдарға жолданды. Барлық бастауыш партия ұйымдарының тулары, ақпараттық тақтайшалары мен баннерлері жаңартылуда. Депутаттық фракцияның жұмысын күшейтуге көңіл бөлінді. Сондай-ақ депутаттық сауалдарды дайындау барысында, алдымен, сайлаушыларды толғандырған мәселелер, сонымен бірге партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға жете назар аударылады.
Алматы облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 6 184 өтініш келіп түсіп, олардың 3 349 (54%) арыз бойынша түсініктеме беріліп, 2 835 (45%) өтініш оңтайлы шешілді.
Заңға сәйкес шешімін тапты. Бірінші кезекте әлеуметтік салаға байланысты мәселелерді шешіп, көпбалалы аналардан түскен өтініштерді орындауға тырыстық.
Әңгімелескен
Болат АБАҒАН