Ынтымақтастық туралы меморандум
Ынтымақтастық туралы меморандум
194
оқылды

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатты ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойып, бекітті.

Меморандум аясында тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде және әлеуметтік баста­маларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындап, бірлескен шаралар қабылдауға келісті. Меморандумға қол қою барысында, ҚРКФ бас­шысы ынтымақтастық аясында келешекте кезек күттірмейтін міндеттерге тоқталды. Кәсіпо­дақтар төрағасы облыс әкіміне кездесуге келгенге дейін, арнайы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментіне қарасты Т.Күзембаев атындағы шахтаға түсіп, 600 метрлік жерасты забой­ларындағы кеншілермен жүздесіп, әрқайсының көкейтесті мәсе­ле­лерін біліп қайтқанын жеткізді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, кеншілердің басым бөлігі жер астындағы шахтерлардың ауыр ең­бегін ескеріп, зейнет жасын 50-ге дейін төмендету жөніндегі ұсыныстарын білдірген. Сонымен қатар кенші мамандығына жас­тардың қызығушылығының күрт төмендеп, бүгінде қарағанды­лық шахтерлардың орта жасы 45 еке­н­ін де айтқан. Осы аталған мә­селелерді ескере отырып, ҚРКФ төрағасы облыс әкімімен бірге Үкімет атына бірлескен ұсыныс­тарын дайындап жеткізу қажет деген пікірін білдірді. Сонымен бірге жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында, кәсіпорындарды ұжымдық шарттар жасауға кеңінен тарту мәселелері де қозғалды. Бү­гінде Қарағанды облысында жұ­мыс істеп тұрған 21 426 кәсіпо­рын­дармен 4 056 ұжымдық шарт жа­салса, бұл олардың 18,9 пайы­зын ғана қамтып отыр. Кәсіпо­дақ­тар­ды алаңдататын мәселе – өңір бо­­йынша кәсіпорындардың 81 па­­­йызы ұжымдық шарт жасама­ғандығынан, олардың жұмыс­шы­ларының құқығы қорғалмай­тын­дығы. Кәсіподақтар үшін тағы бір өткір күйінде қалып отырған ­жағ­дай – өндірістік жарақат пен кәсі­би сырқаттарды азайту мә­селесі. Ералы Тоғжанов осы уақыт ішінде Қарағанды облысы бо­йынша өндірісте 92 адам зардап шегіп, оның 12-сі қайтыс болға­нын атап өтті. Сондай-ақ Қара­ғанды об­лысы бойынша кәсіби сырқатқа шал­дық­қандар 65,8 па­йыз болса, Шығыс Қазақстан об­лысында – 25 пайыз.

– Кәсіподақтар үшін жұмыс берушілердің ұжымдық келісім­шартта көрсетілген сауықтыру шаралары мен әлеуметтік кепіл­дік­терді жүзеге асыруы маңыз­ды, – деп атап өтті Ералы Тоғжа­нов. Бұл күні Қазақстан Кәсіпо­дақтар фе­дерациясы төрағасы профессор Х.Мақажанов атындағы облыстық Травматология және ортопедия орталығының кәсіподақ активімен кездесті. Кездесу ба­рысында Қа­рағанды облысында 1 қыркүйектен басталған міндетті әлеуметтік сақ­тандыру пилоттық жобасының тұсаукесері өткізілді. Жаңа фор­маттағы медициналық қызметтің нәтижелерімен таныс­қан Ералы Тоғжанов кәсіподақтар еңбеккер халықтың денсаулығын қорғаудағы атқарылып жатқан істерге қолдау танытып қана қой­май, бұл бағытта бірлесе жұмыс іс­теуге әзір екенін жеткізді. «Қа­зақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың «Сындарлы қо­ғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамта­масыз етуде міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде атап айтылды. Медициналық кө­мектің жаңа моделін енгізу дәрі­герлердің жалақысын көбейтуге, еңбек жағдайларын жақсартуға, жұмыс уақытын оңтайландыруға және денсаулық саласындағы бір­қатар кадрлық мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Кәсіподақтардың тағы бір маңызды міндеті – ден­саулық саласы қызметкерлерінің кәсіби міндетін атқаруына қолдау көрсету. Бұл тұрғыда кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен бірге қазақстандық дәрігерлердің кәсіби қызметтерін атқаруына қолдау көрсетіп қана қоймай, заң аясында қорғауға белсене атсалысатын болады» деді ҚРКФ төрағасы. Кездесу қорытындысында ҚРКФ төрағасы «профессор Х.Мақа­жа­нов атындағы облыстық Трав­ма­тология және ортопедия орталы­ғы» КМК директоры Е.Құрман­ғалиевті ҚРКФ-ның «Үздік әлеу­меттік әріптес» белгісімен мара­паттады. Үздік кәсіподақ белсен­ділері мен кәсіподақ қозғалысының мүшелері SENIM денсаулық сақ­тау қыз­меткерлерінің салалық кәсіпо­да­ғының 250 мың теңгелік серти­фикаттарына ие болды. Бү­гінде SENIM денсаулық сақтау қыз­меткерлерінің салалық кә­сіпо­да­ғының Қарағанды облысы бо­йынша 50 бастауыш ұйымы құ­рылған, олардың қатарында 21 384 кәсіподақ мүшесі бар.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы