Мемлекет басшысы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген дағдарысқа қарсы қаржының жұмсалуына жүргізілген тексеру жұмыстарының алдын ала нәтижелері және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы есеп берілді. Қазақстан Президентіне экономиканы қолдауға және пандемиямен күреске бағытталған қаражаттың Есеп комитеті мен тексеру комиссияларының қатаң бақылауында екені айтылды. Алдын ала қорытындылар бойынша 940 миллиард теңгеге жуық қаржының жұмсалуы тексерілген. Қазірдің өзінде қаражаттың тиімсіз жоспарлануына және жұмсалуына қатысты бірқатар қаржылық заң бұзушылық деректері анықталған. Есеп комитетінің төрағасы Мемлекет басшысына экономиканы және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауға бағытталған қаржыны тексеру жұмыстарының қорытынды нәтижелері биылғы желтоқсан айында Президентке ұсынылатынын хабарлады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын бағалау қорытындысымен танысты. Мемлекет басшысына квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудиторлық жұмыстардың жалғасатыны, сондай-ақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындылары туралы ақпарат берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Наталья Годуноваға бірқатар нақты тапсырма берді.