Өңірде 14 оқушыдан коронавирус анықталған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.
- Бүгінде облысымызда 356 мектептің ішінде шалғай ауылдардағы 184 мектепте 10 мыңнан астам бала дәстүрлі түрде білім алуда. 172 мектептегі 70 мыңнан астам оқушы қашықтықтан оқиды. Сондай-ақ 164 мектепте кезекші сыныптар ұйымдастырылды. 2451 кезекші сыныпқа сабақ беру үшін 2285 мұғалім тартылды. Әр сыныпта оқушы саны 15-тен аспайды, - дейді Дінислам Болатханұлы.Спикердің айтуынша, өңірде 14 оқушыдан коронавирус анықталып, 4 мұғалім індет жұқтырған.
- 14 оқушының ішінде қашықтықтан және онлайн білім алғандары да бар. Барлығы қазір үйлерінде. Олардың кейбірі ем қабылдап жатса, енді бірі жазылып шыққан. Індеттен айыққан оқушылар да үйлерінде. Оған қоса, салқын тиіп ауырып қалған оқушыларды да бақылап отырмыз. Ондай оқушылар 5,4 пайыздан аспайды, - деді Дінислам Болатханұлы.