Елордада демалыста ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жалғасады
Елордада демалыста ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі жалғасады
Демалыс күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесіне шаруалар, Магнум сауда желісі мен Қазақстан ет одағының мүшелері қатысады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің "Инстаграм" парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
"Қолайлы ауа-райы мен тұрғындардың сұранысын ескере отырып, жәрмеңкелерді өткізуді қазан айының соңына дейін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Осы демалыс күндері ауылшаруашылық жәрмеңкесіне аграршыларымыз, "айналым механизмі" жобасына қатысатын Магнум сауда желісі мен ҚР ет одағының мүшелері қатысады. Сонымен бірге жәрмеңкеге қатысуға өңірлердің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ниет білдірді. Жәрмеңкеде тауарлар нарықтан төмен бағамен сатылады. Эпидемиялогиялық ахуал ескеріліп, барлық санитария ережелері сақталады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне өңірлер қатысқан кезде аграршылар елордаға 4 мың 300 тоннадан астам өнім әкелді. Жәрмеңкеге еліміздің барлық өңірлері қатысты. Әкімдер мен аграршыларға алғыс айтамын. Жәрмеңкелерді өткізу - әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны ұстап тұруға көмектесетін тетіктерінің бірі. Бағаны ұстап тұру үшін "айналым тетігі" жобасы жалғасын тапты. Әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, сауда желілеріне азық-түлік сатып алуға бөлінетін соманы 180 млн теңгеден 2,4 млрд теңгеге дейін ұлғайттық (13 есе ұлғайды). Бұл әлеуметтік маңызы бар өнімдердің 16 түрінің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаға қатысушылар санын 4-тен 12-ге дейін кеңейттік. Олардың қатарына "Магнум", “Астықжан", “Small", “Вкусмарт", “Кенмарт", “А2", “Метро", “Анвар", “Рахмет", “Ақмол", “Артем", “Шапағат" жатады. Тұрақтандыру қоры құрылды", - деп жазды Алтай Көлгінов.