Қайдасың сен, қазақтың Кипчогесі?
Қайдасың сен, қазақтың Кипчогесі?
140
оқылды

Биылғы жыл адамзат тари­хындағы айшықты оқи­ғамен ерекшеленді: 12 қа­занда 34 жасар кения­лық желаяқ Элиуд Кипчоге бұ­ған дейін спорт­шыларға да, ғалым­дар­ға да мүмкін емес­тей кө­рінген ғажайып жаса­ды: ол мара­фон­дық қа­шық­тықты, яғни 42,195 шақырым­ды әлем тари­­хын­да тұңғыш рет екі са­ғат­­тан кем уақытта – 1:59:40 секундта еңсерді. Бұл қан­шалықты жылдам дер­сіз? Қара­пайым тілмен айт­қанда, ол бір шақырым­ды орта есеп­пен 2 минут 50 секундта жүгі­ріп өткен.

Осы оқиға ғалымдар арасында адам әлеуетінің орасан зор еке­ні­не қатысты пікірталастың қайта­дан белең алуына әкелді.

Айта кету керек, алғашқы мара­фоншы біздің дәуірімізге дейінгі 490 жылдың 12 қыркүйе­гін­де Марафон қаласының түбін­дегі парсылармен шайқаста грек­тер­дің жеңіске жеткенін хабар­лаған жаушы Фидиппид болғаны мәлім. Ол кезде көп ат тек біздің көшпелі бабаларымызда ғана бар, сондықтан Фидиппид грек ар­мия­сының ең үздік желаяғы ре­тін­­де бір жарым күн ішінде 238 ша­қы­рымды жүгіріп өтіп, Спар­таға көмек сұрауға барады. Бірақ олардан не көмек, не қайыр бол­май­тынын біліп, орала сала, сұра­пыл шайқасқа қатысады. Саны бойынша он есе артық қарсылас­пен арадағы 6 сағаттық қанды қырғын аяқталысымен, гректер алдағы тағдырын үреймен күтіп отырған әйелдері мен балаларына бірнеше хабаршыны аттандыра­ды. Ол кезде кез келген халықта жеңіс туралы хабар әкелушіні жұрт қаһармандай құрмет-қоше­метке, сый-сияпатқа бөлей­тін болған. Қайсар Фидиппид жара­ла­н­ғанына және әлсірегеніне қарамастан, бірінші болып жетуге барын салады және 40 шақырымда басқа жүгірушілерді шаң қапты­рып кетеді. Алайда оның тағдыры қайғылы болғаны тарихтан бел­гілі: «Қуаныңдар афиналық­тар! Біз жеңдік!» деп айқайлап үлгер­ген марафоншы зорығу мен қан жоғалту салдарынан жан тәсілім еткен.

«Адамзаттың 240 шақырымдай жүгіруге, шын мәнінде, шамасы жете ме, әлде бұл гректердің қап­та­ған аңыздарының бірі ме?» деп халықаралық қоғамдастық ұзақ уақыт шүбәланған. Ақыры Фи­дип­пид туралы аңыздың қан­ша­лықты шындыққа жанасатынын тексеруге тәуекел етіп, 1982 жылы Джон Фоден бастаған британдық Әскери-әуе күштерінің бес офи­цері Грекияға ресми экспедиция­мен жол тартады. Ол бесеудің үшеуі аталған дистанцияны абы­рой­мен өткен: осы қашықтық­қа Джон Фоден 37 сағат 37 минут, Джон Шолтенс 34 сағат 30 минут, ал Джон Маккарти 39 сағат жо­ғалт­ты.

Қазіргі кезде осынша қашық­тық­қа арналған сайыс түрі бар, ол Spartathlon деп аталады. 1983 жыл­дан бері Спартатлон халықа­ра­лық марафоны жыл сайын қыр­күйек айының соңында 246 ша­қырым қашықтықта ұйымдас­ты­рылып тұрады. Ондағы ең үздік көрсеткіш тегі грек болып табы­ла­­тын австралиялық ультрамара­фон­шы Янис Куросқа тиесілі: ол 1984 жылы осы қашықтықты 20 сағат 25 минутта артта қалдырды. Бұл рекорд күні бүгінге дейін жаңартылмаған: 2019 жылғы 27 қыркүйекте өткен жарыс қатысу­шы­лары одан төмен нәтиже көр­сет­ті. Курос өзі қатысқан төрт Спартатлонның барлығында же­ңіс тұғырынан табылды.  

Әйелдер арасындағы рекорд­ты 2015 жылы америкалық Кэт­лин Надь орнатты және ол 25 сағат 7 минутқа тең.

Қалай болғанда да, осы нәти­же­лер адамзаттың әлеуеті жылдар өткен сайын жетіліп, зор мүмкін­дік­тері жарқырай ашылып келе жатқанын аңғартады.

Марафонның классикалық қашық­тығына қайта оралсақ, 1896 жылғы 10 сәуірдегі жазғы Олимпиадада француз филологы Мишель Бреалдың ұсынысымен алғаш рет ерлер арасында 40 ша­қы­рымға жүгіру ұйымдастыры­ла­ды. Бес елден келген 17 спортшы Марафон қаласынан шығып, Афи­наға жеткен. Енді қараңыз: марафондық жүгірістегі тұңғыш олимпиада чемпионы атанған грек Спиридон Луис қырық ша­қы­рымдай жолды 2 сағат 59 ми­нут­тай уақытта еңсеріпті.

Одан бері адам денесінің қабілет-қасиеттері барған сайын жетіле түсті. Ақыры 1960 жылғы жазғы Олимпиадада жалаңаяқ жүйткіген эфиопиялық кәсіби мара­фоншы Абебе Бикила жаңа нә­тиже көрсетіп, осы қашықтық­ты еңсеру уақытын 2 сағат 15 ми­нут­қа дейін азайтты.

Содан кейін Халықаралық әуес­қой жеңіл атлетикалық феде­ра­­ция (IAAF) марафон жетістігін 2 сағаттан кеміту «супермақсат» болатынын жариялады. «Қырық шақырымды екі сағаттан аз уа­қытта өту адам ағзасы үшін мүм­кін бе?» деп күмәнданды ғалым­дар мен спортшылар. Бірақ алға міндет-мұрат қойылған екен, оны орындау да мұрат. Содан өздеріне демеушілік жасайтын спорт­тық брендтердің итерме­ле­уі­­мен, қазіргі заманымыздың ең үздік жүгірушілері бұл межені бағын­дыруға күш сала бастады. Әйтпе­се, пенде атаулының басым көп­ші­лігіне осынша қашықтықты еш жарыспай, жаяу жүріп өтудің өзі адам төзбес сынақ екені құпия емес.

Енді міне, бұл биікті алғаш рет бағындырған бірегей «суперадам» да табылып отыр. 2016 жылғы марафоннан Олимпиада чемпио­ны Элиуд Кипчогенің (Eliud Kipchoge) ерен жетістігін Popular Science ғылыми басылымы «тек жеңіл атлетикадағы белес қана емес, сонымен қатар адам денесі­нің мүмкіндіктерінің біз білетін шектері мен көкжиегін ары қарай ысырып, кеңейткен бей­рес­ми рекорд» деп бағалады.

Неге бейресми? Осы тарихи оқиға тіркелген Венадағы мара­фон Халықаралық жеңіл атлети­калық федерациялар қауымдас­тығы (IAAF) бағдарламасына кір­ме­ген болатын. Оны британ­дық миллиардер Джим Рэтк­лифф­тің Ineos мұнайхимиялық кон­церні ұйымдастырды және қаржыландырды. Рекорд тіркелу үшін барынша қолайлы жағдай­лар түзілді: марафон ресми бекі­тілген дәстүрлі трассада емес, кілт бұрылыстары жоқ, ең сапалы жабын­дыға ие, мұқият әзірленген жолда өткізілді. Оны дайындауға 3,5 ай кеткен. Трасса компьютер­лік бағдарламалар көмегімен жо­баланды және сынақтан өт­кі­зіл­­ді.   

Алайда мұның бәрі адамзат­тың жаңа жетістігінің мәнін тө­мен­детпейді. Мысалы, бұған басқа қырынан қарауға да болады. Шетелде аса танымал Purdy Points қарқындылықты есептеу кесте­сіне сәйкес, 1:59:59 нәтижесі тір­­кел­геннің өзінде, бұл жүгіріс қарқыны 5 шақырымдық дистан­ция­дағы 12:20 секундқа, 10 шақы­рымдық жарыста – 25:49 секунд­қа, ал жартылай марафонда – 57:12 секундқа теңелер еді. Ал шы­нында, бұл жарыстардағы қазір­гі әлемдік рекорд тиісінше, 12:37, 26:17 және 58:23 минутқа ғана тең. Демек, Элиуд Кипчоге бар­лық марафондағы жылдам­дық­тан асып кеткен және ол бір­неше спорт түрінде төзімділік пен ұшқырлық рекордын белгіле­ді. Яғни, адамзат үшін жаңа меже айқындалды.

Осының алдында екі сағаттық межеге «қара құрлықтың» тағы бір өкілі – кениялық Деннис Кимет­то таяп келді: ол 2014 жыл­ғы Берлин марафонында 2:02:57 сағатта мәреге жетті. Ізінше 2018 жылғы Берлин марафонында Э.Кипчоге жаңа әлемдік рекорд жасап, 2:01:39 уақыт көрсеткішіне қол жеткізді. Осыдан кейін дамы­ған елдер демеушілері оның көп­ші­лікте жоқ қасиетін танып, бар шығынын мойнына алып, жаңа биікке баптауға кіріскен. Кения­лық спортшы сенімді ақтады.

Осылайша, британдық инвес­тор мен америкалық атақты бренд бәйгеде тезек теріп қалған өзге бәсекелестеріне бармақ шайнат­ты. Өйткені дүниежүзінде осы «екі сағаттық кедергіні» жоюға бағытталған үш бірдей ірі жоба қолға алынған болатын.

Нақтылай кетсек, алдында немістің Adidas концерні Sub2 жобасы бойынша жұмыс жүргі­зіліп жатқанын хабарлады. Ақпа­раты құпия, тек қорытын­дысы кезекті марафонда паш етілетіні айтылды. Ол жетістік Adidas-тың жаңа инновациялық спорттық аяқкиімін жарнамалауға тиіс еді. Әлемдік концерн Ки­мет­то, Кипсанг, Макау, Гебре­се­лассие секілді әлемдік рекордшы­ларды қаржыландыр­д­ы.

Бұдан бөлек, 2014 жылдың соңында Ұлыбританиядағы Брайтон университетінің спорт және дене шынықтыру ғылымы­ның профессоры Яннис Питсила­дис екі сағаттық тосқауылды жеңуге бағытталған бес жылдық жобаға кірісті. Жоба эфиопиялық әлемдік рекордшы Кененис Бекелемен байланысты екені жария болды. Ғалым бұл мәселені шешуге ғылыми тұрғыдан келді: мәселен, марафонды теңіз дең­гейінен төмен орналасқан жер­лерде ұйымдасты­ру­ды ұсына­ды, себебі онда ауа құрамында оттегі жоғары.

Nike компаниясы Breaking2 жобасына қаржы құйды. Элиуд Кипчоге дәл осы америкалық тран­сұлттық компаниямен конт­ракт бекіткен. Nike ғылыми әзір­лемелерге негізделген, карбон­дық-фибралық ұлтарағы бар кроссовкаларға екпін түсірді. Ол марафон нәтижесіне ықпал ететін бұдан өзге де факторларды – ауа райын, тамақтануды, арнайы таңдалған трассаны назарға алды. Кениялық спортшының жеңісі енді америкалық компанияның осы аяқкиімінің сатылымына да рекорд сыйлайтын болса керек.

Адам мүмкіндіктерінің шегін еңсеру туралы сөз болғанда, до­пинг­­ке қатысты мәселе бой көте­реді. Венадағы марафонда жеңіске жеткендердің допингке тексеріл­гені мәлімделмеді. Әйт­кен­мен, Олимпиада аясында­ғы жарыс­тарға қатысып жүрген үш ма­­ра­фон­шы­ның ешқайсысы әзірге мұн­дай жанжалға басы шатыл­ма­ған.

Мамандарды қызықтырып отыр­ған жайт, дәл осындай жетіс­­тік ресми түрде, яғни Олим­пиада жарыстарында тіркеле ме? Ондай оқиғаның қашан болатыны белгісіз. Арнайы трассаға қатысты түйткіл жоқ: ол сертификаттал­ғаннан кейін марафоншылар үшін ресми қабылдануы мүмкін. Ал рекордшыға әдейі жасалған өзге жағдайларды Олимпиадада қай­талау қиын. Мәселен, Кип­чоге марафон бойы пейсмейкер­лерін ауыстырумен болды: спорт­шылар жаргонында «қоян» деп аталатын бұл көмекші рөлдегі спортшылар «рекорд аулаушы­ның» алдында, жолдың екі жие­гінде жүгіріп отырады. Сөй­тіп, бір жағынан, жеңіске құш­тар чемпионды ілгері ұмтыл­дырады, екінші жағынан, «жұлдыз» спорт­шыны бүйірден соғар желден қорғап, ық болады. IAAF сайыс­тарының қолданыс­та­­ғы ережелері мұндайды қарастырмайды.

 

Түйін:

 

Бүкіл әлем кірпік қақ­пай көз тігіп, аузынан суы құри әңгіме еткен осы оқиға бізге не дейді? А.Қонқабаева, Г.Тыке­жа­нова, Т.Баранова, Р.Бодеева, М.Расол секілді бір топ отандық ғалым жүргізген арнайы зерттеу қазіргі кезде де салмақ және дене көрсеткіштері (Кетле индексі) бойынша қалалық құрбы-құрдас­тары­на қарағанда, ауылдық жас­тар, әсіресе, бозбалалар жағы ана­­ғұрлым озық екенін анықта­ған. Ендеше, спорттағы дарынды жастарды да ауылдан көбірек іздеген, соны жүйелі жолға қой­ған жөн. Сонда ауылда көк шыбықты ат қып мініп, тұлпардай жарыса жүріп, желаяқ атанған, қазақ атын шығарған Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Совет Исам­беков, Бекен Күреңкеев се­кіл­­ді спорт­шы­ларымыздың же­ңі­сін қайталайтын жаңа жұл­дыз­дар жарқырауы әбден мүмкін.