Заңсыз АӘК немесе жәрдемақыны кім қайтармақ?
Заңсыз АӘК немесе жәрдемақыны кім қайтармақ?

Атаулы әлеуметтік кө­мек көпке қолдау бол­ды. Елдегі қағазбастылыққа қарамастан, жұрт барын­ша құжат жинады. Анық­тама алуға қиналып жүр ме десек, жалған құжат жа­сап алдап жүргендер де бар екен.

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі елордада өткен брифингте 2019 жылғы АӘК-тің жай-жапсарын айтты. Министрдің айтуынша, 2019 жы­лы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге көлемінде белгі­лен­ген. Жан басына шаққандағы ор­та­ша кіріс 20 789 теңгеден төмен отбасылардың АӘК алуға құқығы бар. АӘК жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма­шылық ретінде тағайындалады.

«2019 жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есеге өсті. Яғни, 6 848 тең­геден 16 446 теңгеге дейін жетті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге тө­ленеді. Айына ең көп та­ғайын­далған сома – 455 мың тең­ге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд тең­ге көз­делген, оның 146,4 млр-ды иге­рілді», – деді Біржан Нұрым­бе­тов.

Министр АӘК төлеу, жұ­мыс­пен қамту шаралары көпте­ген отбасыға қиындықты еңсе­руге көмектескенін жеткізді. Алайда АӘК-ті заңсыз түрде алу үшін аза­маттардың табысы мен бизнесін жасырғаны туралы факт тіркел­генін мәлімдеді.

«Қазақстанның барлық өңір­лерінде жауапты және еңбекқор азаматтар АӘК пен «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы ая­сында біршама мысал бар. Алай­да кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайда­ланып жатыр. Өзінің нақты табы­сын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заң­сыз тағайын­далған. Біз тө­лемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Биз­нес­пен айналысу фактілерін жа­сыру жағдайы да кездеседі. Мы­салы, Алматы об­лы­сында көп­балалы отбасы биыл 11 мау­сымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында аталған отбасының 852 бас мал тіркелген шаруашылығы бар екені анық­талды», – деді министр.

 

Заң бұзу оңай ма?

Министр айтқандай, табы­сын жасырып, әлеуметтік көмек ал­ғандар әр өңірде бар. Бірі – тұр­мысы төмен екенін дәлелдей ал­май жүрсе, екіншісі – барын жа­сырып әлек. Себебі бәріне ақша керек. Десе де, алдап алған ақша­ның сол күйінде жоқ бола­тынын ескерсе дейсің.

Мәселен, Павлодар облы­сында табысын жасыру арқылы АӘК тағайындауға заңсыз қол жеткізген 444 отбасына төлем тоқ­татылды. Облыстық Әлеу­мет­тік көмек және әлеуметтік әріп­тестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова бірқатар деректі алға тартты. Май ауданы Қара­терек ауылындағы жанұя биыл сәуір айында АӘК таға­йындауға өтініш берген. Отба­сында 6 адам бар. Оларға 105 843 теңге кө­лемінде АӘК таға­йын­далады. Қосымша тексеру кезін­де бас­қарма отбасының нақты табысын жасырғанын анық­тайды. Қайта есептеу нәтиже­сінде, отбасына АӘК төленбейтін болады.

Облыстық Жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар дерегі бойынша, БҚО-да 1 094 отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырыс­қан. Сәйкесінше, 2 516 отбасы­ның атаулы әлеуметтік көмек алу заңдылығы тексерілген. Нәти­жесінде, 586 отбасына төлем уа­қытша тоқтатылып, 508 отбасы төлем алу құқынан айырылған.


Кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайда­ланып жатыр. Өзінің нақты табы­сын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заң­сыз тағайын­далған. Біз тө­лемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық.


Ақмола облысында табысын жасыруына байланысты, 135 от­басына АӘК төлеу тоқтатылды. 32 млн теңге мемлекетке қай­тарылады. Қазіргі есеп бойынша, 63 отбасы бюджетке 8,6 млн теңге қайтарды. 1 040 отбасының табысын қайта есептеу жүріп жатыр. Ақмола облысында жыл басынан бері АӘК тағайындауға 9 мыңнан астам өтініш қабыл­данған. Әлеуметтік көмекті 8,5 мың отбасы алса, оның ішін­де 3 067 көпбалалы отбасы бар.

Министрлік мәліметінше, Жам­был облысында атаулы әлеу­меттік көмек 14,5 млрд теңге көлемінде 35 497 отбасына тө­ленген. АӘК тағайындау кезінде 9 632 отбасы нақты табысын көрсетпеген. Енді олар бюджетке 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс.

Жоғарыдағы фактілерге қа­тысты министрлік әкімдіктер­мен бірлесе отырып, тексеру жүргізіп жатыр. Мәселенің түйіні «Мем­лекеттік атаулы әлеуметтік кө­мек туралы» заңның шеңберінде шешіледі.

 

Тосқауыл

Елімізде 1,8 млн қазақ­стан­дықтың атаулы әлеуметтік кө­мек­ке қолы жеткен. Бұл – 2019 жылы 15 тамыздағы дерек. Жәрдемақы алушылардың дені Түркістан облысында тіркелген (498,7 мың адам). Одан кейін Алматы облы­сында – 225,4 мың адам, Шым­кент қаласында – 216,3 мың адам АЕК алады.

Атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 206,2 млрд бөлініп отыр. Аз ақша емес. Қыруар қар­жы сарапқа салынатын кезде комиссия жұмысына күмәнмен қарайсың. Берерін беріп алып, артынан қайта тексеру жүргізеді. Қайта тексерудің өзі – жұмыс. Осындайда «жеті рет өлшеп, бір рет кеспей ме?» дейсің. АӘК та­ғайындау комиссиясына жан-жақты тексеру жұмысын жүр­гізуге не кедергі? Әлде «бір шо­қып, артынан қайта оқығанды» ұната ма? Бұған өзінің жағдайы төмен екенін дәлелдей алмай жүргендерді қосыңыз.


Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі орын алуы мүмкін олқылыққа жол бер­меу үшін атаулы әлеуметтік көмек алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгеретінін атап өтті.

«Біз тоқсан сайын АӘК та­ғайындау мен төлемдерді қай­тарамыз. Учаскелік комиссия­лардың жұмысын күшейтеміз. Әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учас­келік комиссиялар АӘК таға­йындаудан бас тарта алады», – деді министр.

АӘК көрсетудің жаңа меха­низмдерінде 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап кепілді әлеу­меттік пакет ұсынылып, онда табысы аз отбасылардың бала­ларын қолдауға ерекше назар аударылады.

Министрдің сөзінше, 2020 жыл­­ға ең төменгі күнкөріс дең­гейі 31 183 теңге мөлшерінде бел­гі­ленді. АӘК мөлшері, бұ­рын­ғы­дай, отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шақ­қандағы табыс пен отбасының әрбір мүше­сіне ең төменгі күн­көріс деңге­йінің 70% арасындағы айырманы құрайды.

АӘК алу тәртібі бұрынғыдай болса, жақсы. Бәрінің бастауы – маңызды. Тағайындауға дейін­гі тексеруге күш салу қажет. Ке­рек кезінде «көз жұмып», жөн емес же­­рінде «көз қысып» жүр­месе игі.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ