18 қазанда Rixos Borovoe-да «Дамудың жаңа аумағы: Макинск» атты бизнес-форум өтті. Шараның ұйымдастырушысы «Aitas KZ» АҚ. Қазіргі уақытта мемлекет Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуына үлкен көңіл бөледі. Бұған барлық тарап – мемлекет те, бизнес те мүдделі.
Қазақстанда соңғы жылдары малшаруашылығы өнімдерін өндіруде ілгерілеу бар. Сиыр етін өндіру – 477 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі сұраныстың 98 пайызы, қой еті – 150 мың, шошқа еті – 86 мың тонна. 2018 жылдың қорытындысы бойынша сиыр етін экспорттау үлесі 19,9 мың тонна, қой еті 3 мың, шошқа еті 400 мың тоннаны құрады. Құс еті бойынша былтыр 191 мың тонна ет өндірілсе, қосымша 146 мың тоннасы импортталуда.
Қазіргі таңда «Aitas KZ» АҚ салада көш бастап тұр. Компанияның жалпы қолданыстағы нарық үлесі 10 пайыз және жергілікті өндірушілер арасында 17 пайызды құрайды. 2018 жылы іске қосылған жаңа Макинск құс фабрикасы биылдың өзінде 50 мың тонна ет өндіруді жоспарға қойған. Алдағы 3-4 жылда өндіріс көлемін 150 мың тоннаға жеткізілмек.
«Дамудың жаңа аумағы: Макинск» форумы аясында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылады. Пікір алмасу мемлекеттік және бизнес саласының өкілдері арасында жүрді. Шараның басты мақсаты – Солтүстік Қазақстанда ет өндірісі кластерін құру.
Кластерді құрудың бастамашысы "Aitas KZ" АҚ болып табылады. Мұндағы негізгі тетік – 2018 жылы құрылған Макинск құс фабрикасы болды. Ол келешекте Қазақстанның солтүстік аумағынының дамуына түрткі болар кәсіпорындардың өзегіне айналады. Форум кластердің негізін қалап, өңірдегі ет өндірушілерді анықтауға мүмкіндік берді.
«Дамудың жаңа аумағы: Макинск» форумы бір алаңда мемлекет пен бизнес арасында диалог құру мақсатында ұйымдастырылды. Бүгінгі талқылаулар өз кезегінде саладағы олқылықтарды көрсетіп, қордаланған түйткілдердің шешімін табуға түрткі болды. Әсіресе, біздің өңірді дамытудағы ортақ жұмыстар қызықтырды. Инвестиция тарту мен дамуда Макинсктің әлеуеті зор. Өткен жылы жасаған жұмыстарымыз соған бірден-бір дәлел», - деді «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.Бүгінде Макинск қаласы өркендеп келеді. Мұнда, Ақмола облысының саф табиғаты шоғырланған аумақта инвестиция тартуға мүмкіндіктер зор. Оған: тоғыз жолдың торабында орналасуы, ең көп көлемдегі жемтік астық қоры, қолайлы табиғи ландшафт, әкімшілік қызмет шоғырланған аудан орталығы, ірі ауыл шаруашылығы субъектілері себеп.
Шараға Ақмола облысының әкімі Ермек Мыржықпаев, сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Aitas KZ» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі, Aitas KZ, KUSTO Group, Евразия Агро Холдингтің басқарма құрамы және үздік тәжірибесімен бөлісуге дайын түрлі кәсіп иелері қатысты.
Болашақ кластерді іске қосу үшін ет (құс, сиыр, қой) өндіруші және қайта өңдеуші компанияны коллабрациялау, екінші рет өңделетін шикізат пен жанама өнімдерді қайта өңдеу қажет жабдықтарды өндіру және т.б. керек. Болашақ кластердің әр қатысушысы «Aitas KZ» құрған бизнес аумағын тұрақты дамыту қорынан кепілді қолдауға ие болады.
Қатысушылар назарына болашақ кластердің тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл арқылы Ақмола облысы аумағын дамыту бағытында жаңа серіктестер, инвестиция және адами капитал тарту мүмкіндігі туды.
«Біз құрған қор кластердің үйлестірушісі болып табылады. Ол Макинск қаласында бизнес құруға ниетті әрбір адамға қолдау көрсетеді. Агро саладағы жобалардан бөлек, қор аумақты дамыту мәселелерін де реттеуде. Қазір адами капиталды дамыту және өмір сүруге лайықты жағдай жасау бойынша әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Макинскке қаржы құйып, бізбен бірге дамуға шақырамыз», - деді бизнес аумағын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.
Форум барысында бірқатар меморандумға қол қойылды. Оның бірі «Aitas KZ» АҚ мен Ақмола облысы әкімдігі арасында жасалған келісім. Тараптар 2019-2023 жылдар аралығында Макинск құс фабрикасының 2 және 3-нші кезеңін салу (жалпы құны 55 825 млн теңге); 5 жыл бойы Макинск қаласын дамыту бойынша шараларды жыл сайын қаржыландыру (жалпы құны 420 млн теңге), жастарды оқытып, кәсіби біліктілігін арттыру бағытынла серіктес болуға уағдаласты.
Тағы бір стратегиялық маңыздағы құжат ретінде «Aitas KZ» АҚ мен Cukurova Paper&Packaging Group компаниясы арасында жасалған меморандумды атауға болады. 2019-дан 2023 жылға дейін компания Макинск қаласында толық циклды қағаз-қаптама өнімдері өндірісі жобасын жасап, іске қосу үшін 40 млн теңге инвестиция құятын болады.
Нақты айтары бар спикерлер жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, ет кластерінде кездесетін қиындықтар, қой, құс етін өндіру және сатуды ұйымдастыру, халықаралық байланыс және басқа да мәселелерді талқыға салды.