Қанша мұқтаж адамның әлемдік озық клиникаларда емделуіне мүмкіндік берілмегені айтылмады, бас тартулар статистикасы жоқ. Еліміздің барлық өңірінде азаматтардың шетелде баласын емдету үшін волонтерлар көмегімен немесе өз бетінше қаржы жинап жатқанын ескерсек, шөміштен қағылғаны аз емес. Өз кезегінде қор Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының шешімі бойынша 2020 жыл басынан бері тек 47 адамның шетелге емделуі мақұлданғанын айтады. Тағы 5 пациент емделуге жолдама күтуде, себебі ауруханаға жатқызу күні кешірек белгіленген. 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес ӘМСҚ шетелдік клиникалармен 787 миллион теңге сомаға шарт жасасты. Басқаша айтқанда, әрбір сырқаттың жатжұрттық аурухана-емханадағы емделуі орташа есеппен 16,7 миллионға түсіп отыр. Мемлекет сондай-ақ науқастың және оған еріп жүрушілерінің көлік шығынын өтейді. Қаражат туыс емес донордан сүйек кемігін транспланттауды жүргізуге, ағзаларды транспланттауға, стереотаксикалық радиотерапияға/радиохирургиялық емдеуге, протондық терапияға бағытталған. Осылайша, шетелде емделетін негізгі аурулар трансплантация, онкогематология және жеке органдардың онкологиясы профильдеріне жатады. «Қазақстандықтар 2012 жылдан бері бюджет есебінен шетелге емделуге барады. Бұл бағдарлама елімізде әлі дамымаған жоғары технологиялық қызмет түрлерін алу мүмкіндігін ұсынады. Егер пациент жеке қаражаты есебінен шетелдік медициналық клиникаларға емделуге барса, бұл бағдарлама қолданылмайды», – деді ӘМСҚ. Шетелде емдеудің орындылығы туралы мәселені қарау үшін дертті адам алдымен республикалық денсаулық сақтау ұйымына (ҒЗИ, медициналық орталық) жүгінуі қажет. Ол пациентті шетелге емделуге жіберу туралы қорытынды шығарады, құжаттар пакетін ӘМСҚ базасында жұмыс істейтін шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның жұмыс органының қарауына ұсынады. Жұмыс органы туралы ақпаратты мына сілтеме бойынша табуға болады: https://fms.kz/ru/content/napravlenie-grazhdan-na-lechenie-za-rubezh. Соңғы шешімді алқалы орган – ДСМ Сараптама комиссиясы қабылдайды. Қазақстан Ресей, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Испания секілді елдердің алдыңғы қатарлы бейінді клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан.
Айхан ШӘРІП