«Қағаз ауыстырғыштар» дәуірлеп тұр
Екі жыл ішінде шенеуніктер мен квазисектор қызметкерлерінің төрттен бірін қысқартып тастауды биылғы қыркүйекте жария еткен Жолдауында ел Президентінің өзі тапсырған болатын. Сарапшылардың байламынша, министрліктер, әкімдіктер, ұлттық компаниялар, холдингтер және Үкіметке қарасты өзге кәсіпорындардағы HR-мамандардың тиімді жұмыс істемеуі төтенше қадамға түрткі болып отыр.
Шетелде меморгандардың өзінде кадр бөлімдері хэдхантер (head – бас, hunter – аңшы) қызметін атқарады, яғни ұжымға ең қажетті мамандарды қабылдап, рәсімдеумен шектелмей, оны өзге ұйымдардан іздеп тауып, үгіттеп-көндіріп, алып кетеді. Айталық, АҚШ-тағы прокуратураның үздік мамандарын Федералдық тергеу бюросы, FBI-ден – Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) өзіне алып қоятыны, тіпті кинофильмдер сценарийіне арқау болған. Сонымен бірге әр штаттағы әртүрлі меморгандардың ірі, ізгі істерімен жергілікті жұртшылықтың көзіне түскен, қошеметіне бөленген мамандарын Сенат пен Конгресс Вашингтонға шақырады. «Білікті ұжым қалыптастырудың үлгілері елімізде де бар. Жеке сектордағы отандық белді компаниялар тиімділігі, KPI-і төмен, қажетсіз кадрларды ұстамайды, шығарып тастайды. Өйткені ол компанияның шығынын көбейтіп, табыс әкелмей, аяққа оралғы болады. Мемлекетте әрине, бәрі басқаша. Таңнан қара кешке дейін ақ тер-көк тер болып жұмыс істейтін бір қызметкерге оның үстінен бақылаумен ғана айналысатын екі адамнан келеді. Осы тұрғыда кезінде Елбасы «үстел үстіндегі қағазды тек бір орыннан екінші орынға ауыстыратындар» деп әдемі теңеу айтқан болатын. Меритократия жағдайында кадр бөлімдері мұндайларды қатардан аяусыз қуып, босаған орынға майталман мамандарды алуы керек еді. Бірақ қуа алмайды, себебі ондай мамансымақтардың артында азулы қамқоршысы тұр. Оған тиіссе, өзі «ұшып» кетеді. Тамыр-таныстық квазисекторға да терең тамыр жайған. Оның үстіне, ол жақта табыс мол. Егер мемлекеттік қызметте департамент тізгінін ұстаған бастық 250-450 мың теңге аралығындағы айлықты місе тұтса, ұлттық компаниялардағы департамент басшыларының қалтасы әлдеқайда қалың. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО-ның қазақстандық мамандарының жалақысы шамамен миллион теңге болатынын айтқаны бар. Ал Қазақтелеком, ҚазМұнайГаз, ҚазТрансОйл секілді компаниялар топ-менеджментінің табысы одан да жоғары және олар ақшасын ай емес, апта сайын алып тұратын көрінеді. Алайда ұлттық компаниялардың өзінде мемлекет дүркін-дүркін қысқарту және трансформация науқандарын жүргізіп тұруға мәжбүр.Қайталау – ақылы аздықтың белгісі
Ұлттық экономика министрлігіне «мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін 25 пайызға қысқартуға» қатысты түрлі ұсыныстар түсуде. Осы министрлік Президент тапсырмасын жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеп жатыр. Мысалы, оқытушы, қоғам белсендісі Сәния Тоғызбаева облыстардағы жергілікті билікпен араласа келе, көңілге түйгенімен бөлісті.Ол тағы бір ұсынысын министрлікке жолдады. Әрбір аудан-қала әкімдігінің аппаратында төтенше жағдайлардың алдын алу комиссиясының хатшысы жұмыс істейді екен.«Өңірлердегі аудан аппаратында терроризмге қарсы күрестің хатшыларын қысқартуды ұсынамын. Себебі барлық ауданда бұрыннан ішкі саясат бөлімі деген бар. Олардың ережесінде дін және діни ахуалды бақылау жайында жазылған. Ішкі саясат бөлімдері аты айтып тұрғандай ішкі саясатпен айналысуы тиіс, әрі өз ауданындағы қоғамдық-саяси, діни ахуалға жауап береді. Терроризмге қарсы күрестің хатшылары мен ішкі саясаттағылар бірінің жұмысын бірі қайталайды. Бұған лаңкестікпен күреске жұмылған арнайы органдарды қосыңыз. Мемлекеттің ақшасы босқа кетуде. Сондықтан осы хатшы лауазымын жойып, оның міндетін ішкі саясат бөлімдеріне беру керек. Сондағы мамандардың жалақысын кішкене көтерген жөн. Бұл тиімді әрі дұрыс шешім деген ойдамын. Себебі терроризмге қарсы күреспен байланысты жұмыстың 90%-ын ішкі саясат бөлімі атқарып отыр», – дейді С. Тоғызбаева.
«Мұнда да ұқсас жағдай. Оларды да қысқартып, функциясын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берген абзал: бұл комиссияда қаралатын мәселенің көпшілігі тұрғын үйге қатысты. Мұндай оңтайландыру мемлекет қаржысын тиімді пайдалануға ықпал етеді. Әкімдік аппаратында мамандар мен бөлімдер бірінің ізін бірі басып жүр», – дейді Сәния Тоғызбаева.Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ұсыныстар түзу үдерісі жалғасып жатқанын, тиісінше, қоғамнан, сарапшылардан түсіп жатқан бүкіл ұсыныс қаралатынын мәлім етті.
– Тиімді және ықшам мемлекеттік аппарат құру мақсатында мемлекеттік қызметшілер штаты санын оңтайландыру тәсілдері пысықталуда. Бұл жұмыс асығыс емес, жүйелі және жоспарлы негізде жүргізіледі. Осы мақсатта меморганардың қызметіне функционалдық талдау жасалып жатыр. Әрбір функцияға талдау біріншіден, жүйелі проблемаларды анықтауға, екіншіден, функциялар санын оңтайландыруға, үшіншіден, меморгандардың оңтайлы ұжымдық құрылымын және мемаппараттың штат санын әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Руслан Дәленов.Оның айтуынша, аралас функциялар өзара шоғырландырылады. Бірін-бірі қайталайтын функциялар және артық бизнес-үдерістер жойылады.
Айтқандай, қысқарту шаралары, тіпті әр ведомствода бұған дейін мызғымастай көрініп келген заңгерлер бөлімін де қамтитыны айтылды.«Ұтымды оңтайландырылған мемқызмет қоғамның сұраныстарына неғұрлым жедел ден қояды. Мемқызметкерлердің тиімділігі мен жауапкершілігі арттырылады, олардың қабылданған және жүзеге асқан шешімдер үшін жауапкершілігі күшейтіледі. Меморгандардың операциялық шығындары азайтылады», – деді бас экономист.
Квазисектордың бизнес сектормен күресі
Тәуелсіздік жылдары елде әкімшілік реформаның бірнеше толқыны жүрді. Оның барысында министрліктер мен әкімдіктер өз жанынан еншілес ұйымдар құрып, штатындағы қызметкерлерін соның құрамына беріп, «шенеунік қысқартты». Жеке зертхана директоры, Қазақстанның еңбегі сіңген метрологы Владимир Черный мұндай қулықтың қандай кесірге ұшыратқанын әңгімеледі.«Министрліктер өзі құрып алған РМК-лар, сыбайлас құрылымдар үшін лобби жүргізеді. «Министрлік комитеттеріне түсетін жүктемені азайту, әлемдік тәжірибені енгізу» деген сылтаумен мұндай кәсіпорындардың басшылары мемлекет функцияларын өз қолына алып алды. Мысалы, өлшем құралдарын салыстырып тексерту саласын алайық. Халыққа нотариус қаншалықты қажет болса, дәл осы қызмет те соншалықты қажет. Тек нотариустер жеке секторға шығарылды және мемлекеттің қатаң бақылауында. Ал өлшем құралдарын салыстырып тексеруге (поверка) рұқсатнаманы енді Ұлттық аккредиттеу орталығы береді. Зертханалардың аспап тексеру қызметін де ЖШС мәртебесіндегі осы орталық қадағалайды. Орталық саланы сауын сиырға айналдырып алды», – дейді сарапшы.Ол ҰАО өз қызметіне көп ақы талап ететініне шағымданады.
«Бұрын, 2001 жылға дейін «Өлшем құралдарын салыстырып тексеру» қызметіне рұқсатнаманы мемлекет тегін беріп келді. Кейін лицензиялау рәсімі енгізілді, лицензия алу үшін лицензиялық алым төлеуің керек болды. Ол аз болғандай, Техникалық реттеу және метрология комитеті нарық субъектілерінің біліктілігін анықтайтын бөлек кәсіпорын құрды. Онысының қызметі ақылы және біршама қымбат», – дейді В.Черный.Бұрын зертханалар әр 3 жыл сайын лицензиялаудан өтетін. Бизнеске түсер ауыртпалықты азайту үшін алдымен лицензия «мерзімсіз» етілді.
«Сол-ақ екен, әлгі комитет жағдайды тез түсіне қойып, лицензиялауға қосымша аккредиттеуді енгізді. Бертінде салыстырып тексеру саласын лицензиялау мүлдем жойылды, салдарынан бұл қызмет түрін мемлекеттік бақылау жойылды. Қазіргі кезде жағдай сын көтермейді. Бұрын лицензиялық алым 10 АЕК-ті құрайтын. Ұлттық аккредиттеу орталығы 900-ден 1100 АЕК-ке дейін төлемақы алады. Бұл зертханалар қызметінің қымбаттауына соқтырды. Мәселен, бүгінде қарапайым электр қуатының есептеуішін тексерту 10-13 мың теңге тұрады. Базарда жаңа «счетчикті» 15 мыңға таба аласыз. Ендеше тұтынушыға ескі есептеуішін тексертіп жүргенше, оны қоқысқа лақтырып тастап, жаңасын сатып алу оңай», – дейді Қазақстанның құрметті метрологы.Сарапшылар Президент тапсырмасын орындау барысында Ұлттық экономика министрлігі квазисекторда қаптап ашылған кәсіпорындарды оңтайландыру, қажет болса, олардан функцияларды меморгандарға кері алып қою жайын қарастырады деп үміттенеді. Шыны керек, бітпейтін-қоймайтын қысқартулардан білікті мемлекеттік қызметшілер де қажыды. Мемлекеттік қызметке тұру оңай емес. Арнайы органдардың тексеруінен, қаптаған тестілеуден, әңгімелесуден өту керек. Жалақы да көбеймей тұр. Есепші Әсем Молдабаеваның мәліметінше, өңірлерде мемқызметші саналатын, 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар бухгалтердің еңбекақысы ең көп дегенде 85 477 теңге екен. Бұл қайта өскендегісі. Мардымсыз жалақыға майталман мамандарды қызықтыра алмасы белгілі.
Қалай болғанда, егер билік осы жолы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторды оңтайландыру науқанын сауатты жүргізсе, болашақта мұндай «хирургиялық» тәжірибеге қайта оралудың қажеті болмауы тиіс. Ары қарай HR, кадр бөлімдері өзі жауапты ұйымдағы ұжымға басы артық, біліксіз адамдардың қызметке тұруына жол бермеуі керек.
Айхан ШӘРІП